ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛ АЗБАЙДЫ
Қариялар – елдің қазынасы, жазулы кітап. Егде жастағылардың Қазақстандағы саны соңғы жылдары біршама өсе түскен. Сондықтан да әлеуметтік-экономикалық реформа жүргізу кезінде осы егде жастағы адамдардың жағдайын қарастыру, оларға қол ұшын созып, жан-жақты әлеуметтік көмектер көрсетуде, жайлы өмір сүруіне жағдай жасауда мемлекет тарапынан мақсатты шаралар жүзеге асырылуда.
Біздің облысымызда «Қызылорда облысы бойынша егде жастағы азаматтар үшін лайықты өмір сүру сапасын арттырудың 2018-2020 жылдарға арналған Кешенді жоспары» қабылданып, онда егде жастағы азаматтарды қаржылай қолдауды қамтамасыз етуге және жұмысқа ынталандыруға, олардың денсаулығын қорғау жүйесін жетілдіруге, қоғамдық өмірге тартуға, ол үшін компьютерлік сауаттылығын арттыруға, әлеуметтік қолдау шараларын жүргізуді жетілдіруге бағытталған шаралар қамтылған. Осы бағыттағы жұмыстар біздің ауданымызда да басталды.
Жуырда «Қызылорда облысы бойынша егде жастағы азаматтар үшін лайықты өмір сүру сапасын арттырудың 2018-2020 жылдарға арналған Кешенді жоспарына» сәйкес, Жосалы кентінің орталық стадионында спорт саласы ардагерлері арасында шағын футболдан жарыс өтті. Оған Байқоңыр қаласы және Қармақшы ауданы ардагерлер командасы қатысып, өзара бақ сынасты. Жарыс қорытындысында Қармақшы ауданының ардагерлер командасы жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ, айтулы жоспар аясында егде жастағы азаматтардың компьютерлік сауаттылығын арттыру мақсатында «Қармақшы ауданы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының І бағыты бойынша 7 қария компьютерлік сауаттылығын арттыруға оқу курсына өтініш білдіруде. Мемлекет тарапынан жастарға әркез қолдау көрсетіліп келсе, енді міне мұндай қамқорлық қарттарымызға да жасала бермек.
«ҚТ» ақпарат.