Ашықтық пен жауапкершілік – ортақ міндет
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының ғимаратында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті.
Жиынға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық бақылау комитетінің облыстық департаментінің өкілдері, медициналық ұйымдардың басшылары және Қор филиалының қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және болдырмау, заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары талқыланды. Қатысушыларға Қордың негізгі қызмет бағыттары мен оның қызметкерлерінің әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану тәртібі түсіндірілді.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін заңнамада көзделген қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке ерекше назар аударылды. Кеңес қорытындысында қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету және мемлекеттік органдар мен медициналық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттігі атап өтілді.
Ведомствоаралық кеңестен кейін филиал директоры Сапар Рахменшеев қызметкерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдау барысында қызметкерлердің өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, оларды толғандырған мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, филиалдың бас сарапшысы Азамат Скаков кәсіби біліктілікті арттыру, арнайы оқыту курстары мен семинарларға қатысу мүмкіндіктері туралы мәселе көтерді.
Филиал директоры қызметкерлердің кәсіби дамуы мен білімін жетілдіру Қор жұмысының тиімділігін арттырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтіп, оқыту іс-шараларына қатысу мүмкіндіктері белгіленген тәртіппен қарастырылатынын жеткізді.
Кездесу барысында еңбек құқықтары мен заңды мүдделерді сақтау, қолайлы жұмыс ортасын қалыптастыру және туындаған мәселелерді ашық диалог арқылы шешудің маңыздылығы айтылды.
Мұндай кездесулер қызметкерлердің ұсыныстары мен өтініштерін тікелей басшылыққа жеткізуге, өзекті мәселелерді уақтылы қарауға және ұжымдағы ашық қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының
Қызылорда облысы бойынша филиалының ақпараты















