» » АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА «ҮЗДІК АУДАН» АТАНДЫҚ

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА «ҮЗДІК АУДАН» АТАНДЫҚ

Берекелі күздің мерекелі шағына да таядық. Ерте көктемнен егіс басында басталған қарбалас жұмыс жаз бойы қызып, қоңыр күзде мәресіне жетіп отыр. «Балапанды күзде санайды» демекші, алқапта күн райына қарамастан, бел жазбай еңбек еткен диқан қауымның мәртебесі өсіп, мерейі таситын уақыт та – осы тұс.
Қызылода қаласында облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Құзыреттілік орталығында» Сыр өңіріндегі егін жинау науқанының аяқталуына орай «Ақмаржан» агромәдени фестивалі аясында «Алтын күз – 2026» мерекелік іс-шарасы өтті.
Салтанатты жиында аймақ басшысы ел ырысын еселеуге үлес қосқан дала еңбеккерлеріне алғысын білдіріп, құттықтауын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, озық технологияларды енгізу, өнімдерді терең өңдеу мәселесін басты міндет ретінде айқындады.
Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының жетекші салаларының бірі. Биыл саланы мемлекеттік қолдауға 37 млрд теңге бөлініп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есеге артты. Жылдың 9 айында ауыл шаруашылығында 178 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
«Кең дала – 2» несие беру жобасының арқасында машина-трактор паркі жаңартылуда. Салаға тартылған инвестиция көлемі 25 млрд теңгеге, өсім 37 пайызға жетті.
Бүгінгі жетістіктеріміздің түп-тамыры – аға буын өкілдері мен ардагерлеріміздің қажырлы еңбегінде. Өмір бойы туған жердің өркендеуіне сүбелі үлес қосып, адал еңбегімен облыстың әлеуетін көтерген барша еңбек ардагерлеріне шексіз алғысымды білдіремін! Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен өнегелі жолдарыңыз – бүгінгі жас буын үшін баға жетпес мектеп, – деді аймақ басшысы.
Осындай игілікті істе қармақшылық еңбеккерлердің де үлесі мол. Биылғы жыл қорытындысымен Қармақшы ауданы ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары нәтижесі үшін «Үздік аудан» номинациясын жеңіп алып, арнайы марапатқа ие болды.
Жалпы осы жылы ауданда барлығы 25475 гектар жерге егін егілсе, оның 11449 гектары күріш, 1027 гектары жаздық бидай, 200 гектары арпа, 1182 гектары мақсары, 140 гектары соя дақылы. Сонымен қатар 8577 гектар алқапты жоңышқа, 872 гектарды судан шөбі, 80 гектарды сүрлемдік жүгері құрады. Биыл аудан диқандары үшін айтулы жаңалық – алғаш рет 733 гектар алқапқа дәндік жүгері дақылы егілді.
Аталған сала бойынша жыл сайын ауданымыз жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Өткен жылы мал шаруашылығы саласы бойынша «Озат аудан» номинациясымен марапатталған-ды. Береке мен бірлікті ту еткен аудан жұртшылығының табанды еңбегі – абыройлы марапаттың айқын дәлелі.
Іс-шарада ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер таныстырылып, жергілікті өндірушілердің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды.
Салтанатты іс-шараның қорытындысында агроөнеркәсіп кешені саласында үздік нәтиже көрсеткен ауданымыздың бірқатар еңбек озаттары марапатталып, Қармақшының мерейін асқақтатты.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
26 қазан 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№81 (10549)

24 қазан 2026 ж.

№80 (10548)

20 қазан 2026 ж.

№79 (10547)

16 қазан 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 153
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 349

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031