НЕГІЗГІ МЕКТЕПТЕН – ОРТА МЕКТЕПКЕ
Ауданнан 50 шақырым қашықтықта жатқан Қармақшы ауылдық округіне қарасты Қызылтам стансасындағы білім беру ұйымының алғашқы қазығы 1960 жылы қағылған. 1974 жылға дейін Панфилов атындағы бастауыш мектебі болып жұмыс істеп келген білім ошағын осы жылдар ішінде мектепті қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Несет Әбікенова басқарды.
Ақылбек Шыныбеков, Қожабек Қойшыбаев секілді пән мұғалімдері балаларды білім нәрімен сусындандырды. Бала санының көбеюіне және уақыт талабына сай атаулы мектеп 1974 жылы №246 сегіз жылдық мектеп атын алып, тұрғын үй есебінде салынады. Ал 1989 жылы аудан әкімінің шешімімен №79 тоғыз жылдық мектеп болып құрылып, жұмысын жалғастырып келеді.
Бүгінгі таңда білім ұясында 24 педагог ұстаздық етсе, 81 оқушы тәрбие мен білім алуда.
Осы жылдар аралығында мектептен шәкірттер түлеп ұшып, өмірден өз орындарын тапты. Мектеп үшін білім сапасымен, үздік үлгерімімен жоғары жетістікке жеткен шәкірттердің орны ерекше. Олардың қатарында мектепті «Қызыл аттестатқа» бітіріп, табандылық пен ізденімпаздығын дәлелдеген түлектер аз емес. Мектептің әр жылдағы үздік оқушылары – білім ордасының мақтанышы, кейінгі жас ұрпаққа үлгі болатын тұлғалар. Олардың әрқайсысының мектеп қабырғасында өзіндік тарихы, ұстазбен бірге жеткен жетістігі мен есте қаларлық сәттері бар. Мысалы, 2019- 2026 оқу жылдарында 12 шәкірт «Қызыл аттестат» иегері атанған. Олардың қатарда Шаттық Ибрагимқызы, Қалдыгүл Нұрсұлтанқызы, Шұғыла Серікбайқызы, Ұлжан Ғалымжанқызы, Бақберген Исмайлов, Сымбат Талғатқызы, Нұрай Нұрсыламханқызы, Нұранардин Ғаниқызы, Іңкәр Әділбекқызы, Дильназ Ғалымжанқызы, Айгерім Алтынбекқызы, Нұржан Нұрсұлтанұлының есімдерін ерекше атауға болады.
Жалпы түлектердің жетістікке жетуінде ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен отбасындағы ата-ананың қолдауы және оқушының білімге, үйренуге талпынысы жатқаны анық. Осындай ортақ еңбек пен мүдденің нәтижесінде білімді, мақсатшыл, жауапкершілігі жоғары жастар қалыптасады.
Қазіргі кезде мектептің үздік түлектері білім ордасының абыройын асқақтатып, мерейін өсіріп жүрген білікті мамандар. Атап айтқанда, Ақтоты Бекжанова әлФараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «География және табиғатты пайдалану» факультетінің картография және геоинформатика кафедрасының оқытушысы болып қызмет атқарады. Жарқын Әбікенов Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Тарих, құқық және экономика негіздері» пәндерінің мұғалімі. Осы университеттің «Тарих және құқық» факультетінің магистранты, ал 2017-2020 жылдар аралығында Қаз МУ-дың «Философия және саясаттану» факультетінің «Мәдениеттану және дінтану» кафедрасының PhD докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі. Жадыра Асылбекова Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі. Педагогика ғылымдарының магистрі. Қазіргі уақытта Сақтапберген Әлжіков атындағы №144 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі.
Нұрасыл Мұратбек Қытай Халық Республикасы Ляньюньган – Қытайдың шығыс бөлігі, Цзянсу провинциясындағы Сары теңіз жағалауындағы портты қалада қытай тілі мен әдебиеті, ағылшын тілінен сабақ береді. Абдулхамит Мұратбек Түркияның Ciksalin Spor Kulubu клубында жұмыс істейді. Өзі fc KELIS командасын ашқан.
Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттер өмірдің түрлі саласында өз жолын тауып, білімін жалғастырып, мамандық иесі атанып, қоғамның дамуына үлес қосуда. Олардың жетістіктері – мектеп ұжымының еңбегіне берілген баға әрі білім ордасының абыройын асқақтататын маңызды көрсеткіш.
Биылғы оқу жылы мектеп үшін үлкен жаңалыққа толы. Қызылтамдықтарды қуанышқа бөлеген басты жаңалық – негізгі мектептен алғаш рет 10-сынып ашылып, ауқымы кеңейді. Бұның – оқушылардың білімін өз мектебінде жалғастыруына және болашақ мамандық таңдауында бағыт-бағдар беруге септігі мол.
Жаңа оқу жылы мектеп үшін бірқатар жағымды көрсеткішпен басталды. Мектеп директоры Әсет Мыржақов «Ұшқыр ой» алаңында «Үздік оратор» номинациясымен марапатталса, Талант Құлбаев «Үздік дене шынықтыру педагогі – 2026» байқауында жүлделі орынға ие болды. №79 орта мектеп «Үздік оқырман – 2026» облыстық байқауының бірінші кезеңінде алғыс хатпен мадақталды.
Назерке Жолдыбаева, Қазбек Саруаров, Ақерке Тұңғышбаева, Азамат Кенебаевтың жетістігі бір төбе болса, Нұрлыбек Ахметов, Айнұр Бисенова, Айгүл Ермашова аудандық білім бөлімінің, Сәуле Әбікенова, Күлзира Нақыпова облыстық білім басқармасының алғыс хат, құрмет грамоталарымен марапатталған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына қатысты сөзінде қала мен ауыл баласының білім алу мүмкіндігіндегі алшақтықты азайтып, әрбір балаға тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау – мемлекет үшін маңызды міндет екенін үнемі атап келеді. Осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесінің бірі – ауыл мектебінің мүмкіндігін кеңейтіп, оқушыларға білім алудың жаңа сатысына жол ашу. Осы ретте мектебіміздің негізгі мектептен орта мектеп ордасына көтерілуі – ауыл балаларының болашағына жасалған үлкен қадам. Бұл – бір ғана атаудың өзгеруі емес. Ауыл баласының сапалы білім алуына, олардың болашаққа батыл қадам басуына жол ашатын маңызды әлеуметтік әрі стратегиялық шешім. Орта мектеп мәртебесі – ұстаздар қауымының қажырлы еңбегіне, ата-аналардың үмітіне және оқушыларымыздың жарқын болашағына берілген мүмкіндік. Осы тарихи бастаманы жүзеге асыру жолында қолдау көрсеткен облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Темірбекұлына, аудан әкімі Жандос Еркінбекұлына №79 мектептің орта мектеп мәртебесіне өтуіне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз.
Бүгінгі жетістік – бірлескен еңбектің нәтижесі. Ал ендігі міндет – жаңа мәртебеге сай жаңа сапа қалыптастыру. Біз үшін басты құндылық – білімді ұрпақ, білікті ұстаз, саналы ата-ана және жауапты қоғам. Өйткені сапалы білім – елдің адами капиталының негізі, ал білімді ұрпақ – Қазақстанның жарқын болашағы.
Жаңа оқу жылында мектебіміздің алдында жаңа міндет пен мақсат тұр. Алдағы уақытта да мектебіміздің білім сапасы мен тәрбиенің, жаңашылдық пен жасампаздықтың ордасына айналуы жолында аянбай еңбек ете беретін боламыз, – дейді мектеп басшысы Әсет Мыржақов.
Сәрсенкүл АҚКІСІ

















