«ҚАРАҢҒЫДА КӨЗГЕ ТҮССІН КӨЛЕҢКЕМ...»
2013 жылдың қазан айы. Семей қаласындамыз. Алаш туы тігіліп, ұлттық идеяның ұйытқысы болған шаһардағы жолбасшымыз Олжас Жақсыбеков бізді тергеу изоляторына алып келді. Тосын әрі күтпеген жағдай еді. Абақтының сарт-сұрт еткен темір торлы есігінен ішке кірер-кірмесімізді білмей тұрғанда құрдасымыз: «Семейге келіп тұрып, мұнда соқпай кетсеңіз, ертең өкінесіз» деп ынтызар етіп қойды. ОВ-156/1 мекемесінің (түрме ресми түрде осылай аталады – Н.М.) бастығы, әділет подполковнигі Қуат Қилыбаев тергеу изоляторының тарихы тереңде екенін айтып, ішке жетеледі.
Сөйтсек, изолятор тарихы сонау ІІ Екатерина патшайым заманынан бастау алады екен. Іргетасы 1773 жылы қаланып, атқора ретінде пайдаланылыпты. Егер ғимараттың үстінен қарайтын болсаңыз, «Е» деген әріпті көруге болады. Патшайым есімінің алғашқы әрпі. Атқора кейін түрмеге айналып, Семей қаласындағы №2 түрме деп аталады. 1855 жылы қыркүйекте ғимарат бұзылып, сол жылы жергілікті сәулетші Родион Болботов бастапқы «Е» әрпінің нобайын сақтап, тас қапастың жоспарын қайта сызып шығады. Ал оның құрылысы тек 1870 жылдың шілде айының соңында ғана толығымен аяқталыпты.
«Патшалық түрме» деп аталған қапаста әр жылдары есімі елге белгілі тұлғалар қамауда болған. Мәселен, жазушы Федор Достоевскийді Омбыдағы айдаудан соң дәл осы зынданда тұтқында ұстапты. Орыс географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің негізін қалаушы Борис Герасимов пен кеңестік жазушы Галина Серебрякова да осында жазасын өтеген. Ол аз десеңіз, Абай Құнанбайұлының ұлы Тұрағұл, саяси қуғын-сүргін құрбандары, «Алаш» қозғалысының көрнекті көшбасшылары Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов жалған жаламен аталған абақтыға қамалған.
– Мына камерада кім отырғанын білесіз бе? – деді мекеме бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, әділет подполковнигі Совет Салтабаев бізді арнайы тоқтатып. Біз жауап орнына басымызды шайқадық.
– Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков, – деді ол іле шала, – Марқұм ағамыз осында соңғы күндерін өткізген. Осы №21 камерада көз жұмған.
Қапелімде не айтарымызды білмей қалдық. Ержүрек ағамыздың кітаптан көріп өскен жансыз бейнесі көз алдымызда жарқ ете қалды. Камераның есіктері ашылып, ішіне кірдік. Шап-шағын, қапырық, қараңғы да суық бөлме. Мұнда қаһарман Рысқұлбековтің соңғы демі үзілгенін ойласаңыз, жаныңыз одан сайын түршігеді.
– Тергеу изоляторында адам толып, орын жетпей жатса да, мұнда ешкімді қамаған емеспіз, – деп сөзін жалғады Совет Айтқазыұлы, – Бұл – батырға деген құрметіміз. Себебі, біреу мас болып түседі, біреу қандықол болып келеді. Мекеме басшылығына келген бойдан осы камераның тарихын естіп, ішін тазалап, ағартып қойдық. Үнемі таза ұстаймыз. Жыл сайын 21 мамырда, яғни, ағамыздың дүниеден өткен күні рухына арнап Құран оқытамыз.
Әдетте, түрме қызметкерлері қатал да сұсты болып көрінетіні рас. Бірақ, подполковниктің мына әңгімесінен кейін ішіміз жылып сала берді. Басында есеңгіреп қалғандай едік, енді есімізді жия бастағандаймыз.
– Мекемеге Қайрат ағамыз ауысып келгенде толтырылған карточкасы сақталған. Біз үшін құнды, тарихи құжат. Сіз келеді деген соң, көшірмесін жасатып қойдық, – деген Совет Айтқазыұлы қос парақты қолымызға ұстатты.
Екі құжаттың алғашқысында Желтоқсан оқиғасының құрбаны туралы жалпы мәліметтер жазылыпты. Онда Қайрат Ноғайбайұлының 1966 жылдың 13 наурызында Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Құмөзек ауылында дүниеге келгені, Алматы архитектурақұрылыс институтының 1 курс студенті екені, 1987 жылдың 1 қаңтарында Қазақ ССР Қылмыстық кодексінің 65 және 173 бабының 1 бөлігімен қамауға алынғаны көрсетілген. Қылмыстық кодекстің сол кездегі 65 бабы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру болса, 173 баптың 1 бөлігі ішкі істер органдары қызметкерінің, халық жасақшысының, анықтау жүргізетін адамның, тергеушінің, прокурордың, судьяның немесе халық бақылаушыларының өміріне қолсұғушылықты қамтыған.
Ал екінші құжатта Жоғарғы соттың үкімімен ату жазасына кесілгені, соттың 1987 жылдың 25 мамыр – 16 маусым аралығында жүргені және үкімнің Қазақ ССР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 314 бабы негізінде шағымдануға жатпайтыны баяндалған. Сондай-ақ, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1987 жылғы 20 тамыздағы №2427- XI қаулысымен кешірім жасау туралы өтініш хаты қараусыз қалдырылғаны, осы Президиумның 1988 жылғы 26 сәуірдегі №8836-XI жарлығымен Қазақ ССР Жоғарғы сотының 1987 жылғы үкімі өзгертіліп, өлім жазасы ерекше режимдегі бас бостандығынан айыру жазасы – 20 жыл мерзімге ауыстырылғаны мәлімделіпті. Осы карточкада Қ.Рысқұлбековтің Семейдегі аталған №2 тергеу изоляторына Алматы қаласындағы ЛА-155/1 түрмесінен 1988 жылдың 13 мамырында транзит арқылы ауысып келгені де жазылған.
Дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасының басты қаһарманына айналған арыстай азаматтың өмірден өткен сәті де қолымыздағы тілімдей құжатта таңбаланыпты: «1988 жылдың 21 мамырында асылып, өз-өзіне қол жұмсады. Сот-медициналық сараптама актісі бар. 26 мамырдағы №15- 4-88 сұрау салуға сәйкес іс облыстық прокуратураға тапсырылды».
Өзіне жазықсыз жала жабылып, ату жазасына кесілген сотта:
– Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
«Еркек тоқты – құрбандық»,
Атам десең, атыңдар! – деп ақтық сөзін айтып, қасқайып қарсы тұрған, өлімнен қаймықпаған есіл ердің өзөзіне қол жұмсады дегеніне ешкім сенген жоқ. Әлі де сенбейді.
Екінші карточканың соңғы бөлігі де назар аударуға тұрарлық. Онда Қазақ ССР Жоғарғы соты Президиумының 1990 жылдың 18 мамырындағы №4-69- 90 қаулысымен Қ.Рысқұлбековке 1987 жылы шыққан үкімдегі 60 баптың, яғни, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айыптың алынып тасталғаны нақтыланыпты. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылғаны да қосымша ақпарат ретінде толтырылған.
«Бұл дүниедегі ең зор бақыт – еркіндік екен ғой, кім білген? Адамның бостандықтағы бір күні қапастағы бар ғұмырдан әлдеқайда қымбат екенін енді білгендеймін. Осы түрмедегі біздің күнімізді адам түгілі, итіңе бермесін. Ал елдің азаттығы бәрінен де қымбат», деп жазыпты Қайрат ағамыз темір тордан жолдаған хатында.
Иә, елдің азаттығы жолында өз басын құрбан қылған Қайрат Рысқұлбеков секілді жүздеген жастар қатысқан Желтоқсан оқиғасы тарих бетінде өзінің ақтаңдақ таңбасын қалдырғаны даусыз. Жастардың бейбіт шеруінің соңы қанды қақтығысқа ұласып, талай боздағымыз қыршыннан қиылды. Мұзды алаңда айтылған олардың жалынды сөзін Кеңес билігі күшпен басуға тырысқанымен, бұл көтеріліс Қызыл империяның құлауына әкеліп соқты. Осылайша, желтоқсаншылар егемендікке жол ашты.
Жалған жала жабылып, солақай саясаттың құрбаны болған асыл азаматтың абақтының ар жағында отырып жазған өлеңдері мен хаттарын, күнделігіндегі ойларын тебіренбей оқу мүмкін емес. Өзі:
– Тастөбе, төрт қабырға, темір есік, Ас берер ортасында жалғыз тесік, – деп жырлаған тар қапастағы күндерінде зұлымдықтың құрбаны болғанын әлденеше рет қайталап жазыпты.
– Дүниедегі ең сұмдық зұлымдықты сот алдында – азамат сотынан көрдім, – депті ол қойын дәптеріне, – Әділетсіздікпен сот кәрін септі, жас гүлге өлім септі, зұлымдықпен атып тұрды да: «ату жазасы» деп жас жүрекке найзаны сұқты-кетті. «Өспей жатып – өшу, жанбай жатып – сөну» деген осы да.
Десек те, «бақ түссе – маңдайымнан, тас түссе – талайымнан» деген аталы сөзге тоқтаған есіл ер көзі жұмылғанша өлімнен қорықпайтынын айтып, еңсесін тік ұстап өтіпті. Себебі, адалдығын ажалдан да биік қойған. Сондықтан да болар, «ешкімнің аяғына жығылмайтынын» о бастан ашық айтқан.
Оның: «Әнеукүнгі кездесуде менің «приговорымды» алдыңдар ма? Талғаттың суретін неғып тастап кетпедіңдер? Келесіде Талғаттың, Рахат пен Асхаттың суреттері болса, ала келіңдер. Кездесуге кірер алдында, сендерге «кір» деп айтады ғой, қайсысы болса да, я сержант, я капитан, соған беріңдер суретті, бере салсын маған (өтінесіңдер ғой). Кездесуге келер алдында, бір тал роза гүлін ала келіңдерші. Скоро мейрам ғой. Қонақтар кеп қалғандай болсын, комната сәнсіз болмасын. Оны да суретпен бірге беріңдер. Болса екі тал (екі штук), ырым болсын...» деуі де – зынданға түссе де жасымағандығының айқын көрінісі.
Иә, ол темір торға жай ғана қамалып қойған жоқ. Зәбір шекті. Азап көрді. Бірақ, қанша жерден қорласа да, ақиқаттан танбады. «1987 жылдың жаңа жылынан кейін Қайрат екеуміз бір камерада болдық. Қайрат қанша қорлық көрсе де, мені жұбатып: «Құттыбек, ертең бәрібір шығамыз, бүгін бізді ұрып-соғып қорлағандар әлі-ақ жауап береді: заң алдында, ар алдында, Алла алдында» дейтін. Қайратты күнде жауап алуға алып кететін. Қайтып келгенде үсті-басында сау жер болмайтын. Біраз жатып есін жиғаннан кейін: «Жоқ! Шындықтың жеңілуі мүмкін емес! Мүмкін емес!» дейтін қабырға жаққа теріс қараған күйі», – дейді өз естелігінде онымен Алматыдағы абақтыда бірге отырған Құттыбек Аймаханов.
Өмірінің соңғы сәтіне дейін әділеттіліктен үмітін үзбеген ол 1988 жылы: «Көңіл-күйім көтеріңкі. Қасымдағы Мырзағұл деген кісінің (37 жаста, 4 баласы бар, ст. 60, 65) «приговорын» өзгертті, яғни, 15 жыл ерекше режим және 5 жыл жер аудару. Мырзағұлға қарап, не дегенмен кеудеміздегі үміт шоғы аздап лаулап жана бастағандай. Төбеміздегі тұрақтаған қайғының шет-жағасы аз да болса сөгілгендей», дейді бауыры Талғатқа жазған хатында. Ату жазасының өзі жуасыта алмаған адамның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін бе?
Қайратқа «телевидение қызметкері Сергей Савицкийді өлтірді» деп тағылған айып бойынша соттағы дәлелдер өте жеткіліксіз болған. Сот куәгерлердің де сөзін есепке алмаған. Шын мәнінде, Қ.Рысқұлбеков 18 желтоқсан күні сағат таңғы 8 жарым шамасында басқа да студенттермен бірге алаңға шығады. Арада 15 минут өткен соң полиция жасағы жастарға шабуыл жасайды. Жиналған жастар жанжаққа қашады. Қайрат бастаған топ К.Бәйсейітова көшесінің бойымен Абай даңғылына түседі. Жастар қолдарына таяқ ұстайды, Қайрат та жерде жатқан бір бұтақты алады. Қолына таяқ ұстаған Қайратты бәзбіреулер суретке түсіріп алған.
Арада біршама уақыт өткен соң Қайрат аграрлық институттың жатақханасында тұратын туысына барып тамақтанып алмақ болады. Қайрат жатақхана алдына келгенде сағат түскі он бірден асқан еді. Осы кезде ол бір полицейдің қазақ қызын соққының астына алып жатқанын көреді. Қайрат достарымен оны құтқарып алады.
Сол күні Абай – Ленин даңғылының қиылысында Қайрат пен Ертай (желтоқсаншы) сағат он екіде бірге жүрген достарынан адасып, Ленин даңғылымен солтүстікке қарай жүріп келе жатқан. Сонда біреулерді аңдып, фотоға түсіріп тұрған полицейді көріп, бас салады. Оны бірінші Қайрат ұрады, артынан Ертай да тепкілеген. Таяқ жеген сақшы тек жеңіл жарақат алған. Қайраттың Желтоқсан көтерілісі кезінде жасаған бар қылмысы – осы.
Осы оқиғаны Қайраттың өзі туған бауыры Талғатқа жазған хатында: «Иә, мен сіздерден ештеңе жасырмаймын. 18 желтоқсан 1986 жылы алаңға бардым, көпшiлiкпен бiрге. Барғанда да Қонаевтың күйiн күйттеп барған жоқпын. Ол жерге барған себебiм, бар мақсатым, бiрiншiден, ол жерде не болып, не iстеп, не қойып жатқанын өз көзiммен көру болды. Екiншiден, алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрыпсоғып, өлтiрiп жатыр дегендi елден естiген соң, өз басым қолымды жайып «күл болмасаң, бүл бол» деп отыруға еркектiк ар-намысым еш жетпедi... Әйел затына айуандықпен қол көтерiп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегенi үшiн бiр милицияны ұрып-соққаным өте рас. Ол адам күні бүгінге дейін аманесен, зыр жүгіріп жүр. Маған жала жабушы жалған куәгерлердің (әйелі бар, еркегі бар) айтуына қарағанда, мені Мир – Сәтпаев көшелерінің қиылысқан жерінде халық жасақшысын ұрғанымды, яғни, өлтіргенімді көргенмыс. Қылмыс күндізгі сағат 11:30 бен 12:00 арасында, тура сол екі көшенің қиылысқан жеріндегі радиокомитетінің (Қазтелерадио) алдында, яғни, тротуарда болған. Куәгер әйелдер сол жерде жұмыс істейді. Жұмыс кабинеті жартылай подвал бөлмесінде екен. Терезеден көріпті. Қылмыс солардың терезелерінің қарама-қарсысындағы тротуарда (6-7 метр қашықтықта) болған-мыс. Бәрі де менің түр-түсімді, тіпті, тебіндеген мұртыма дейін (20-30 адамның ішінен) естерінде сақтаған-мыс. Фурманов – Абай көшесінде түсіріп алынған фотоны оларға көрсеткенде, бірден таныптымыс. Екі куәгердің айтуы бойынша, негізгі қылмыс 12:00-12:30 аралығында болған. 15-ші маршрут автобусының шоферлері өз графиктері бойынша қылмыс анық сағат 12-ден кейін болды дейді. Бұған сот ешқандай көңіл аудармады. Ал менің сағат 11:30-да Ленин – Сәтпаев көшелерінің қиылысында болғанымды бәрі мақұлдады. Амал нешік, оған да көңіл аудармады», деп егжей-тегжейлі баяндап береді.
«Сол кездері мен Қайраттың қасында жүрдім. Оған Савицкийді өлтірді деген айып тағылды, бірақ бұл – өтірік. Біріншіден, Савицкий Мир – Сәтпаев көшесінде өлтірілген. Ал Қайрат екеуіміз ол уақытта Фурманов – Сәтпаевта жүрдік. Екіншіден, бір солдатқа «қылмыскер ретінде Қайратты көрсет» деп айтып жатқанын өз көзіммен көрдім, бәрі алдын ала ойластырылған», – дейді Қайраттың жатақханада бірге тұрған жолдасы Бауыржан Қайранбеков.
1987 жылдың 25 мамырында Қайрат Рысқұлбеков, Жамбыл Тайжұмаев, Түгелбай Тәшенов пен Қайыркелді Күзембаевқа қатысты басталған сот процесі 16 маусымда бітті. Судья Қайратты: «18 желтоқсанда бір топ жақтасымен бірге Савицкийді өлтірді, 9 автокөлікті өртеп, 152 машинаны зақымдады, 326 милиционер мен 196 солдатты жаралап, мемлекетке 302 мың 644 рубль зиян келтірді» деп ату жазасына кесті.
Бұл, әрине, әділетсіз жаза еді. Әділетсіз болғаны соншалық, 21 жастағы жігітке мұндай жазаның ауыр екенін айтып, әлем өре түрегелді. АҚШ, Польша, Венгрия, Чехословакия секілді 17 мемлекеттің басшысы Горбачевқа хат жазып, Рысқұлбековті ақтауды талап етті. Оған осы елдердегі саясаткерлер мен ғалымдар, ақын-жазушылар қосылды. Мәселен, Венгрияда 41 адам қол жинаса, Чехословакияда «Адам құқығын қорғау жөніндегі «Хартер-77» тобының 77 лауазымды мүшесі қол қойған Үндеу екі рет жарияланған. Мұндай үндеу Варшавада да қатарынан 2 рет жарық көрген. Осы Польшадағы «Ынтымақтастық» оппозиция тобы желтоқсаншының құрметіне пошта маркасын шығарды. Осылайша, Батыстың қыспағынан кейін 1988 жылғы 28 сәуірде Қайрат Рысқұлбековке кесілген ату жазасы 20 жыл түрме жазасына ауыстырылды.
Бірақ, қағаз жүзінде жеңілген қандықолдар «іс жүзінде» жеңілгілері келмеді. Қарағанды арқылы Свердловскіге жеткізілуі тиіс болған Қайратты ойламаған жерден Семейдегі аса қауіпті қылмыскерлер отырған түрмеге жеткізді. Қасына рецидивист Леонид Власенконы отырғызуы да кездейсоқтық емес еді. Семейге келген соң 9 күннен кейін небәрі 22 жасында мәңгілік сапарға аттанып кете барған «Қайраттың соңғы қоштасу хаты» делінген хатты оның жазбағанын кинорежиссер Қалдыбай Әбенов бұлтартпас айғақтармен дәлелдеп шықты. Оның өлімінде күмәнді тұстар көп екеніне тергеушілер де сенімді болған. Мысалы, КСРО Прокуратурасы прокурорлық тобының мүшесі В.Г.Гаевтың: «Істі тоқтату жөніндегі қаулы асығыс болған және қайтып алынуға жатады. Рысқұлбековтің өліміне басқа адамдардың, ең алдымен, сотталушы Власенконың қатыстылығы жеткіліксіз зерттелген. Алынған жауаптар үстірт. Власенконың берген жауаптары сенімсіз және күмәнді. Ол өзінің майкасы бола тұра неге Власенконың майкасымен асылып өлген?» деуі – көп жағдайдан хабар беретіні рас. Түрме басшылығы оны туған елінде жерлеуге рұқсат бермей, Семейге асығыс жерлеуі де біраз сырды аңғартады.
Биыл егемендік бастауы болған Желтоқсан оқиғасына – 40 жыл. Осыншама жыл өтсе де талай жасты қыршынынан қиған көтеріліс әділ бағасын алды деп айту қиын. Көптеген желтоқсаншының жағдайы мәз емес. Тіпті, оған қатысып, таяқ жегендерін ешқашан тіс жарып айтпаған жандарды да кездестіріп жүрміз. Ешкім оларды іздеп те жатқан жоқ.
Әңгіме Семейдегі изоляторға кездейсоқ барып, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков отырған камерада болуымыздан басталды ғой. Сол тергеу изоляторы 2006 жылға дейін жұмыс жасапты. Одан кейіп апатты деп танылған. 2018 жылы жері 83,1 млн теңгеге сатылып, жеке қолға өткен. Жергілікті «Прииртышье» өлкетанушылар ұйымы тарихи ғимаратты сақтау, орнынан музей ашу туралы дабыл қаққанымен, ештеңе шықпапты. Бір жарым ғасырлық ғимарат 2019 жылы сүріліп, орнына көпқабатты тұрғын үй салынған. Бүгінде «Желтоқсан оқиғасының басты қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков осында өмірінің соңғы күндерін өткізді» деп көрсететін камераның өзі түгілі, орны да болмай қалды. Желтоқсаншыны сот залынан фотоға түсірген Юрий Беккер де жақында өмірден өтті.
– Салт-санадан айрылып,
Арақтан ұрпақ азбасын.
Ел көркейтер азамат,
Қызғаныштан тозбасын.
... Ендігі жерде басыңнан,
Бірлік пен бақ таймасын, – депті Қайрат ағамыз сот залындағы ақтық сөзінде қасқайып тұрып.
Бұл – тар қапаста жатып, «қараңғыда көзге түссін көлеңкем» деп өзінің ұмыт қалмайтынына сенген ағамыздың жас ұрпаққа айтқан соңғы аманаты еді...
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
Ақпарат саласының үздігі

















