ЖАСТАР ЖӘНЕ ОТБАСЫ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ ҚАЙРАТ ҚАМБАРОВ СЫР ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров Қызылорда облысының белсенді жастарымен кездесті.
Кездесу Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 1-оқу ғимаратының кітапханасында өтті. Оған өңірдің белсенді жастары, волонтерлер, жастар ұйымдарының өкілдері, студенттер, жас кәсіпкерлер және жастар саясаты саласының мамандары қатысты. Жиынды Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов жүргізді.
Ашық форматта өткен кездесуде өңірдегі жастар саясатының басым бағыттары, атап айтқанда жастар бастамаларын қолдау, волонтерлік қозғалысты дамыту, патриоттық тәрбие, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ауыл жастарының әлеуетін арттыру және заманауи технологияларды меңгеру мәселелері талқыланды.
Комитет төрағасы жастардың ел дамуына қосып отырған үлесіне тоқталып, олардың бастамаларын қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
«Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Бүгінде олардың бойында жаңа идея, тың көзқарас және үлкен жауапкершілік бар. Ең бастысы – осы әлеуетті ел игілігіне бағыттау.
Мемлекет тарапынан жастардың бастамаларын қолдауға, олардың білім алып, кәсіби және шығармашылық тұрғыдан дамуына қажетті жағдай жасауға басымдық беріледі. Мемлекет үшін жастармен ашық диалог орнату – аса маңызды. Бүгінгі кездесудің ерекшелігі – жастардың өзекті мәселелерді ашық айтып, нақты ұсыныстарын ортаға салуында. Әрбір бастама мен ұсыныс жастар саясатын одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды қадам деп білемін. Жастардың білімге, жаңа технологияларға, кәсіпкерлікке және қоғамдық жұмыстарға деген қызығушылығын қолдау – біздің басты міндеттеріміздің бірі», – деді Қайрат Телманұлы.
Кездесу барысында жастар өздерінің ұсыныстары мен бастамаларын таныстырды.
«Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторының директоры Жанарыс Түбекбаев Жасанды интеллект жылы аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жастардың жасанды интеллект және жаңа технологиялар саласындағы жобаларын дамыту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.
Облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Әли Кеңесұлы республикалық патриоттар форумын өткізу туралы ұсынысын білдірді.
«Кітап құрттары» кітап клубының мүшесі Мақсат Шарбектің сөзінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында атқарылған жұмыстар мен «Зияткер» телевизиялық сайысының нәтижелері айтылды.
«Абзал және К» ТС қызметкері Әсет Қали республикалық ауыл жастары форумын өткізу жөнінде ұсыныс жасап, ауыл жастарының басын біріктіретін және олардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін осындай алаңдардың маңыздылығына тоқталды.
«Жастар рухы» жастар қанатының Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі бөлімше төрағасы Аяулым Ермекбаева өңірде «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.
Ал, «Абылай хан» атындағы заманауи технологиялар және кәсіпкерлік жоғары колледжінің Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Бегзатхан Махамбет облыстағы волонтерлік қызметтің дамуы, жастардың қайырымдылық және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуы жөніндегі тәжірибелерімен бөлісті.
Кездесу соңында Қайрат Қамбаров жастардың ұсыныстарын назарға алып, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған бастамалар алдағы уақытта да қолдау табатынын атап өтті.

















