ҚЫЗЫЛОРДАДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРҒА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙДІ
Мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғау, бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол бермеу және көлеңкелі экономиканың тамырына балта шабу басты назардағы мәселе. Өңірде бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен жыл басынан бергі көрсеткіштер қандай? Бұл сұраққа Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиев жауап берді.
Жиында сала өкілі халықты әбігерге салған 2 қаржы пирамидасының қызметіне тосқауыл қойылғанын айтты. Жәбірленушілерге келтірілген 59 млн теңге залал анықталып, сот үкімімен құны 5 млн теңге болатын автокөлік пен 2 947 945 USDT криптоактивтер мемлекет кірісіне тәркіленді. Ал заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандарға қатысты 5 қылмыстық іс сотқа жолданған.
«Біздің жұмыс тек жазалаумен немесе тергеумен шектелмейді. Қылмыстың алдын алу мақсатында тұрғындар мен жастар арасында 50-ге жуық түсіндіру шарасы өтіп, 4 мыңнан астам адам қамтылды. Алдағы уақытта да халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған ауқымды шаралар жалғасады. Сондай-ақ әлеуметтік желілерге тәулік бойы мониторинг жасалып, «Кибернадзор» жүйесі арқылы алаяқтық пен қаржы пирамидаларын насихаттайтын 10 000-нан астам сілтеме бұғатталды», – деді Руслан Нұрланұлы.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
















