Қазақстан Халық Кеңесі мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 815 млн теңге бөледі
Сурет: Қорғаныс министрлігі
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Каспий теңізінің жағалауында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жалпы 815 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қаражат тікелей қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына беріледі. Атап айтқанда, Allur Group директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев пен Integra Construction KZ бас директоры Шахмұрат Мүтәліп әр отбасыға 25 млн теңгеден бөледі. SA Construction Group бас директоры Гаджи Гаджиев 100 млн теңге, ал Karazhal Operating негізін қалаушы Жұмабек Жанықұлов 50 млн теңге бағыттайды.
«Сонымен қатар Бақыт Атайбеков, Дмитрий Лактюшин және Имамзада Шағыртаев 10 млн теңгеден, Геннадий Зенченко, Акбаржон Исмаилов, Александр Куприенко, Сырым Ертаев және Лугмар Буларов 5 млн теңгеден береді. Николай Арсютин, Рафаил Гаджибалаев, Манас Ташыбеков, Латипша Асанов және Абдулла Исматуллаев та бастамаға қосылып, әрқайсысы 1 млн теңгеден бөледі», делінген Қазақстан Халық Кеңесі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бұған дейін Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, барлық қажетті көмек ұйымдастырылып жатқанын атап өтті.
Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюінен әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.
Үкіметтік комиссия нақтылаған мәлімет бойынша, теңізге 17 әскери қызметші кеткен. Олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Қазір тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
















