» » ТАРИХЫМЫЗ – ТЕРЕҢДЕ

ТАРИХЫМЫЗ – ТЕРЕҢДЕ

Бұдан бір жеті күн бұрын Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев ағамызбен телефон арқылы сөйлесіп едік. Сонда, көне қорғандар болған асарларға ардагерлер танысу үшін баратынын айтқан. Менен оған қалай қарайтынымды, бару-бармауымды сұрады. Мен қуана келістім. Себебі, осы асарларды көру көптен бері ойымда жүрген жоспарым еді.
Оның сәті келіп тұрса, неге тартынамын. Сол сапардың бүгін сәті келді. Таңертең ертерек жиырмаға жуық азамат «Руханият орталығының» қасына жиналдық. Ортасында тарих пен әдебиетке бейжай қарамайтын Алтай Үсенов, Райкүл Қаратаева, Роза Қыпшақбаева, Бағлан Шыңғысов, Аманжол Пірімжаров секілді көнекөз қариялар да бар. Қауқылдасып халжағдай сұрап, аз-кем әңгімелесеміз дегенше көлік те келіп жетті. «Пазик» автобусқа мініп жайғастық. Бізге ақ жол тілеп Ерболат Ұзақбаев ағамыз шығарып салды. Орнынан гүрілдей қозғалған көлігіміз қара жолға түсіп, баратын жерімізге қарай жүріп келеді. Жас кезімізде осы көлікпен Қармақшыдан ауылға, ауылдан кейде Қызылорда қаласына қатынайтын едік. Оған да бірталай уақыт өтіп кетіпті. Ойыма сол кездегі жастық шағым оралды. Содан ба, көңіліме сағыныш пен қимастық сезімі жүріп өткендей болды. Қазір ғой, жайлы көлік тізгіндеп, соған бойдың үйреніп қалғаны. Көліктің іші қауыр-дауыр әңгіме. Барушылардың жүзінен баратын жеріне деген қызығушылық пен тарихтың тылсымын білуге деген құмарлық анық байқалады.
Тұрмағамбет ауылынан сәл өткен соң көлігіміз үлкен жолдан түсіп, батысқа қарай бет түзеді. Көлік жүріп тұрса жер шақ келе ме, өзіміз нысана етіп шыққан асарға да келіп жеттік. Бұл асардың аты «Қара асар» деп аталады екен. Көліктен түсіп асардың үстіне қарай беттедік. Біздің барғанымызға орай, сәтін салып, бұл асарда халықаралық археологиялық экспедиция қазба жұмысын жүргізіп жатыр екен. Әлкей Марғұлан атындағы ғылыми институт өкілдері неміс ғалымдарымен бірігіп тарих қойнауына жасырылған өткен күннің дерегін іздеуде екен. Сол жерде көршілес Қазалы ауданының тумасы, ғалым Жетес Сұлтанжанов інімізді кездестірдік. Бізбен сыпайы амандасып, асардың жағдайымен таныстыра бастады.
Асардың бір шетінен бастап қазба жұмысын бастаған екен. Онда үштөрт үйдің бөлмелері айқын көрінеді. Қабырғалары қам кесектен тұрғызылған. Қанша уақыт өтсе де кейбір саз кесектер сол қалпында, еш жері мүжілмеген. Жетес ініміздің айтуы бойынша, асардың бетінен санағанда астына қарай төрт қабат үйлердің құрылысы бар екен. Анықтап айтар болсақ, алғашқы үй салғаннан кейін өзінің мерзімі келіп, тозған үйлерді бұзып, үстін тегістеп, қайтадан үй салынған. Осындай жағдай осы жерде төрт рет қайталанған. Бұдан көретініміз, халық бұл жерде ұзақ тұрғаны белгілі болып отыр. Ең үстіңгі қабатының өзі алтыншы ғасырда салынғаны белгілі болған. Оны қазіргі ғылыми технология дамыған заманда анықтау қиын болмай қалған. Бұрын тек жобалап айтатын болса, казіргі таңда нақты анықтайтын құралдар шыққан. Осы асардың үстіңгі бетінен табылған жылыту үшін жағылған отын қалдығын сараптамаға жібергенде, оның алтыншы ғасырда жағылган от қалдығы екендігін анықтап берген. Яғни, бұл қорғанға біздің жыл санауымыздан бұрын қоныстанып, біздің жыл санауымыздан кейін алтыншы, жетінші ғасырға дейін халық қоныстанған болуы мүмкін. Осындай асарлардың саны елу екі екен. Соның жиырма жетісі Қармақшы ауданының жерінде орналасқан. Әр асардың өзіндік атауы бар. Біз барған жер «Қара асар» деп аталады. Одан бөлек «Жалпақ асар», «Алтын асар», «Шірік-Рабат» болып кете береді. Бірақ бұл атаулар халықтың кейіннен қойған аттары болып есептеледі. Бәрінің қасынан өзен суы ағып жатқан. Олардың арнасын әлі айқын байқауға болады. Асардың ішінде ғана емес, оны жағалай сыртында да адамдар тұрған. Жаудан қорғану мақсатында ғана халық қорған ішіне енген. Негізінен, қорған ішінде әкімшілік ғимараттары болған. Үйлердің арасы екі адам еркін жүретіндей көшелерден тұрады.
Қорғанның биіктігі он бес метрден жиырма екі метрге дейін жеткен. Ені төртбес метр шамасында болған. Асарларды жалғап тұратын жер асты жолдары болған деген де болжам бар. Бұның өзі нені көрсетеді?.. Бізге неше жылдан бері өтірік ақпар беріп, қазақ тек көшіп қонып жүрген мәдениеті жоқ, қала салмаған, тұрақты қоныстанбаған деген ақпардың күл-талқанын шығарады. Әр асар қорған есебінде салынған тарихи мұра. Ол тұрғанда, біздің тарихымызды ешкім де жоққа шығара алмайды. Жер бетінде жүрген адамнан жер астында жатқан адам саны әлдеқайда көп екені шындық. Олар – біздің ата-бабамыз.
Тәуелсіздік алғанша, соны жасырып келді. Енді, шындықтың жолынан бізді ешкім де ажырата алмайды. Жасалып жатқан жұмыстың бәрі тарихты тану үшін. Біз де аталарымыздың терең тарихын көзбен көріп, кеудемізді керіп, көңілімізді бірлеп кайттық. Иә, біз ұлы халықтың ұрпағымыз. Соны дұрыс түсін де намысыңды басқаға берме, қазақ баласы.
Дастан МЫРЗАБЕКҰЛЫ
13 қыркүйек 2026 ж. 30 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№69 (10537)

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 (10536)

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 (10535)

05 қыркүйек 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 828
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 103

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930