ЕЛІМІЗДІҢ ҚОРҒАНЫСЫ ЖОЛЫНДАҒЫ ЕҢБЕК ҚАШАН ДА ҚҰРМЕТТІ
Бүгін аудан әкімінің міндетін атқарушы Диас Молдабаевтың төрағалығымен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Жандос Бекмұрзаевты жаңа қызметке шығарып салуға арналған жиын өтті.
Аудан әкімінің тапсырмасымен өткен кездесу барысында Диас Асылбекұлы:
«Жандос Серікұлы 2025 жылдың шілде айында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалып, осы уақыт аралығында өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, жауапкершілігімен және іскерлігімен ерекшеленді. Қызмет атқарған кезеңінде аудан бойынша жұмылдыру, аумақтық қорғаныс және мерзімді әскери қызметке шақыру бағыттарындағы жұмыстарды сапалы ұйымдастырып, жастар арасында Отанға деген сүйіспеншілікті, елжандылық пен патриоттық қасиеттерді қалыптастыруға елеулі үлес қосты.
Бүгінде қызметтік өсуіне байланысты Түркістан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары лауазымына тағайындалуда. Осы орайда аудан халқының атынан Жандос Серікұлына ел қорғаны, жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне қосқан үлесі үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді.
Жиын барысында аудан көлеміндегі нәтижелі еңбегіне орай аудан әкімінің арнайы «Алғыс хаты» табысталды.
Сондай-ақ жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Қазыбек Әліп және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Өмірбек Сақтабаев сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді.
Ал Жандос Серікұлы аудан басшылығына, әріптестеріне және аудан халқына көрсеткен қолдауы мен жылы лебіздері үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар Қармақшы ауданында қызмет атқарған уақытын ерекше атап өтіп, бірлесе атқарған жұмыстың нәтижелі болуына үлес қосқан әріптестеріне ризашылығын жеткізді.
Айта кетсек көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқандары барысында ауданға бекітілген тапсырмалар 100 пайыз орындалып, Қармақшы ауданы бұл бағытта үздіктер қатарынан көрінді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















