» » 1 қыркүйектен бастап елімізде не өзгереді?

1 қыркүйектен бастап елімізде не өзгереді?

1 қыркүйектен бастап елімізде білім беру, зейнетақы, тұрғын үй, салық және басқа да салаларға қатысты бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Мектептерде бағалау жүйесі жаңарып, зейнетақы жинағын басқару мүмкіндігі кеңейеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мектептерде бағалау жүйесі өзгереді

Жаңа оқу жылы 1 қыркүйекте басталады. Алғашқы тоқсан сегіз аптаға созылады. Күзгі каникул 26 қазанда басталып, 1 қарашада аяқталады. Жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныптарда бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау, яғни БЖБ мен ТЖБ алынып тасталады.
2-4-сыныптарда бағалаудың жаңартылған тәсілдері енгізіледі. Критериалды бағалау жүйесі сақталады, бірақ қалыптастырушы бағалаудың маңызы артады. Оқушылардың бөлімді меңгеру нәтижесін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі.
5-7-сыныптарда «Конституция негіздері» міндетті курсы, ал 8-11-сыныптарда «Заң және тәртіп» курсы енгізіледі. Сонымен бірге «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны жаңартылады.

Зейнетақы жинағын басқару мүмкіндігі кеңейеді

7 қыркүйектен бастап салымшылар зейнетақы жинақтарын 100%-ға дейін сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұған дейін бұл шек 50% болған.
Салымшы қаражатының қандай бөлігін аударғысы келетінін өзі шешіп, инвестициялық портфельді басқарушыны таңдай алады. Жеке басқарушыға өту міндетті емес. Егер салымшы өтініш бермесе, жинақтар бұрынғыдай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы Ұлттық банктің басқаруында қала береді.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жариялайды

4 қыркүйекте сағат 12:00-де Астана уақытымен Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жариялайды. Бұған дейін, 5 маусымда, реттеуші базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендеткен болатын. Ұлттық банк бұл шешім инфляцияның біртіндеп төмендеуіне және экономикалық ахуалға жасалған талдау нәтижесіне негізделгенін атап өткен болатын.

Декларация тапсыру мерзімі аяқталады

15 қыркүйек – 2025 жылға арналған активтер мен міндеттемелер туралы 250.00 нысанындағы декларацияны және кірістер мен мүлік туралы 270.00 нысанындағы декларацияны тапсырудың соңғы күні.
270.00 нысанындағы декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, кейбір басшылар мен бизнес иелері, банктер мен сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары, нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар, цифрлық активтер мен шетелдік активтері немесе шоттары бар азаматтар, сондай-ақ салық салынатын табысты өз бетінше алған кейбір тұлғалар тапсырады.
Декларацияда 2025 жылғы өзгерістер көрсетілуі керек. Шетелде 2025 жылғы 31 желтоқсанда меншікте болған пәтер, үй және жер учаскелері де енгізіледі. Жыл ішінде жылжымайтын мүлік сатып алынған немесе сатылған болса, бұл операциялар да көрсетілуге тиіс.
Жыл ішінде жалпы құны 20 000 АЕК-тен, яғни шамамен 78 млн теңгеден асатын ірі сатып алулар да декларацияда көрсетіледі. Бұған жылжымайтын мүлік, автокөлік, арнайы техника, ЖШС-дегі үлес, бағалы қағаздар, тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі және инвестициялық алтын жатады.
Егер декларация нәтижесінде жеке табыс салығын төлеу міндеті туындаса, оны 2026 жылғы 25 қыркүйекке дейін төлеу қажет.

Мемлекеттік тұрғын үйді бөлу тәртібі өзгереді

14 қыркүйектен бастап мемлекеттік және жалға берілетін тұрғын үйді, сондай-ақ жеңілдетілген ипотекалық қарыздарды бөлуге қатысты жаңа талаптар күшіне енеді.
Қолжетімді тұрғын үйдің кемінде 70%-ы жеңілдік санатына жататын азаматтарға беріледі. Оның ішінде кемінде 20%-ы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, тағы кемінде 50%-ы әлеуметтік осал топтарға қарастырылады.
Алайда жеңілдік мәртебесінің болуы жеткіліксіз. Үміткер тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұруы керек. Сонымен бірге отбасының табысы, құрамы және кезектілігі ескеріледі.

Қаңғыбас иттер мен мысықтарға қатысты ережелер өзгереді

4 қыркүйектен бастап қараусыз жануарларды аулағаннан кейін олармен жұмыс істеу тәртібі өзгереді.
Мысықтарды санын реттеу мақсатында эвтаназия жасауға болмайды. Жануардың ауру болуы, агрессивті мінез көрсетуі, иесінің болмауы немесе ұсталатын орнының болмауы оны эвтаназиялауға негіз бола алмайды.
Ал иттердің санын реттеу үшін эвтаназия жасауға рұқсат етіледі. Сондай-ақ ауру, агрессивті немесе белгіленген мерзім ішінде иесі табылмаған иттерге қатысты да эвтаназия қолданылуы мүмкін.

Паспорт рәсімдеу мерзімі қысқарады

1 қыркүйектен бастап шетелде жүрген Қазақстан азаматтары үшін кейбір консулдықтарда паспорт рәсімдеу мерзімі 90 күннен 40 жұмыс күніне дейін қысқарады.
Бұл тәртіп «Шетелдегі мекемелер үшін халықты құжаттандыру және тіркеу пункті» жүйесіне қосылған консулдықтарға қатысты.
Сонымен қатар 14 жасқа толмаған, жеке сәйкестендіру нөмірі жоқ балаларға ИИН паспортпен бірге рәсімделе алады.

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында ойнайды

Қыркүйек айының соңында Қазақстан футбол құрамасы 2026/27 жылғы УЕФА Ұлттар лигасындағы алғашқы матчтарын өткізеді. Қазақстан С3 тобында Словакия, Молдова және Фарер аралдарымен бірге ойнайды.
26 қыркүйекте Қазақстан құрамасы сырт алаңда Фарер аралдарымен кездеседі. 29 қыркүйекте команда Словакияға қарсы қонақта ойнайды. Ал 2 қазанда Қазақстан өз алаңында Молдова құрамасын қабылдайды. Ұлттық құраманың елдегі матчтары Астанадағы «Астана Арена» стадионында өтеді.
31 тамыз 2026 ж. 56 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (10533)

29 тамыз 2026 ж.

№64 (10532)

24 тамыз 2026 ж.

№63 (10531)

22 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 753
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 197

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930