ЖАСТАР ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ
Қоғамның тұрақты дамуы мен елдің болашағы ең алдымен заңның үстемдігіне, әділдік пен тәртіптің орнығуына байланысты. Осы құндылықтарды жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығы «QADAM QARMAQSHY» қоғамдық бірлестігімен «Заң және тәртіп» акциясы аясында «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» атты бейнероликтер байқауын өткізді.
Бүгінде сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кері әсер ететін өзекті мәселенің бірі. Оның алдын алу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ парызы. Әсіресе жас ұрпақтың бойында заңға құрмет, адалдық, жауапкершілік сияқты құндылықтарды қалыптастырудың маңызы зор. Осы мақсатта ұйымдастырылған байқау жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зиянын түсіндіруге бағытталды.
Бейнероликтер байқауына қатысқан үміткерлер өз жұмыстарында сыбайлас жемқорлықтың түрлі көріністерін көрсетіп, оның адамға және қоғамға келтіретін зардаптарын шығармашылық тұрғыда жеткізуге тырысқан. Қатысушылар заң талаптарын сақтау, адал еңбек ету, парақорлыққа жол бермеу және құқықбұзушылыққа бейжай қарамау сияқты маңызды мәселелерді көтереді. Мұндай шығармашылық байқаулардың ерекшелігі – жастардың қоғамдағы өзекті мәселеге өзіндік көзқарасын білдіруіне мүмкіндік береді. Бейнеролик арқылы күрделі тақырыпты қарапайым әрі түсінікті жеткізу жастардың өз қатарластарына әсер етуіне де жол ашады. Себебі құқықтық мәдениет тек заңды білумен шектелмей, оны күнделікті өмірде сақтаудан көрінеді.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды Исмаил Сейілханұлы иеленсе, ІІ орын Нұржеңіс Мұратовқа бұйырды. Ал ІІІ орынды Фариза Алпысбай жеңіп алды. Жеңімпаздарға арнайы диплом, сыйлықтар табысталды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда жастардың белсенділігі ерекше маңызды. Өйткені бүгінгі жас – ертеңгі маман, мемлекеттік қызметші, кәсіпкер, қоғам мүшесі. Оның заңға деген көзқарасы мен азаматтық ұстанымы болашақ қоғамның қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан адалдықты өмірлік қағидаға айналдыру – әр жастың алдындағы жауапкершілік.
«Заң және тәртіп» акциясы аясындағы бұл байқау да жастардың құқықтық мәдениетін арттырып, әділдік пен адалдықты насихаттауға бағытталған маңызды шараның бірі болды. Заңды құрметтеу, өз құқығы мен міндетін білу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты ұстаным қалыптастыру – өркениетті қоғамның басты белгісінің бірі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әр адамның саналы әрекетінен басталады. Әділдікке негізделген қоғам құру үшін әр азамат заң талаптарын сақтап, жемқорлықтың кез келген көрінісіне немқұрайлы қарамауы қажет.
«ҚТ» ақпарат













