Еліміздің бірнеше өңірінде +40°С-тан жоғары ыстық күтіледі
Қазақстанның басым бөлігінде 9 тамызда ыстық әрі көбіне құрғақ ауа райы сақталады. Бірқатар өңірде ауа температурасы +40 градустан жоғары көтерілсе, кей жерлерде найзағай, қатты жел, тұман және шаңды дауыл күтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ақмола облысында жауын-шашын болмайды. Күндіз ауа температурасы +30…+35 градусқа дейін көтеріледі. Алматы облысының таулы аймақтарында қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Аймақта күндіз +33…+38 градус болады.
Жетісу облысының солтүстігі мен шығысында желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшейеді. Күндіз ауа температурасы +32…+37 градус шамасында болады.
Түркістан облысының таулы аудандарында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Қалған аумақта аптап ыстық сақталып, ауа температурасы +36…+41 градусқа жетеді.
Батыс Қазақстан облысында күндіз +33…+38, оңтүстігінде +41 градусқа дейін ыстық болады. Атырау облысында ауа температурасы +36…+41 градусқа дейін көтеріледі. Маңғыстау облысында қатты ыстық күтіледі. Күндіз ауа температурасы +39…+44 градусқа дейін жетеді. Ақтөбе облысының батысы мен оңтүстігінде ауа +41 градусқа дейін қызады.
Қостанай облысында күндіз +32…+37 градус, оңтүстігінде +40 градусқа дейін ыстық болады. Солтүстік Қазақстан облысында кей жерлерде жаңбыр, найзағай және бұршақ жаууы мүмкін.
Қызылорда облысының орталығы мен шығысында күндіз шаңды дауыл болжанып отыр. Ауа температурасы +38…+43 градусқа дейін көтеріледі. Ал Жамбыл облысының таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде желдің екпіні 25 м/с дейін күшеюі мүмкін. Күндіз ауа температурасы +33…+38 градус болады.
Сондай-ақ Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында да негізінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Кей өңірлерде жел күшеюі ықтимал.















