Құрылтай
» » Қағаз ақшасыз қоғам: таңдау ма, талап па?

Қағаз ақшасыз қоғам: таңдау ма, талап па?

Бүгінде күнделікті сауданы да, жолақыны да, коммуналдық төлемді де QR-кодпен төлей бересіз. Қоғамда қағаз ақша, яғни қолма-қол теңге қолданыстан шығып қалмағанымен, оны әмиянда ұстап жүретіндер едәуір азайды.
Еліміз қолма-қол ақшасыз төлемдерді енгізу қарқыны жағынан әлем­дегі алдыңғы қатарлы мем­лекет­тердің біріне айналды. Бұл өзгеріс эконо­миканың ашықтығына, қаржы айна­лымына оң ықпал етіп отыр. Көп­тің көкейінде жүрген бір сауал: қар­жы саласын жаппай цифрландыру қағаз ақшаны ығыстыра ма, әлде бұл резерв­тік төлем құралы ретінде қала бере ме?
Кейінгі жылдары тұрғындардың төлем жасау мәдениеті түбегейлі өзгерді. Ұлттық банктің мәліметінше, 2024 жылы елімізде 12,8 миллиард қолма-қол ақшасыз операция жасалып, олардың жалпы көлемі 166,1 триллион теңгеге жеткен. Бір тәулікте орта есеппен 35 миллионнан астам операция жүзеге асырылады екен. Қазіргі таңда барлық төлемнің шамамен 87 пайызы қолма-қол ақшасыз жүргізіледі. Мобильді және интернет-банкингті пайдаланушылар саны 25,9 миллион адамнан асып отыр.
Еліміздің қолма-қол ақшасыз төлемге мұншалықты жылдам көшуі кездейсоқ емес. Кейінгі он жылда банктер цифрлық сервистерді қарқынды дамытып, мобильді қосымшаларды барынша жетілдірді, QR-төлемдерді енгізді. Қаржы ұйымдары арасындағы бәсекенің күшеюі цифрлық қызметтердің сапасын арттырды.
Бұл өзгеріске пандемия да айтар­лықтай әсер етті. COVID-19 кезінде байланыссыз төлем қауіп­сіздік талабы ретінде қабылданды. Көптеген кәсіпкер алғаш рет QR арқылы төлем қабылдай бастаса, тұтынушылар онлайн сауда мен мобильді банкингтің мүмкіндігін кеңінен пайдаланды. Пандемия аяқталғанымен, қалыптасқан тө­лем мәдениеті сақталып қалды.
Мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы да бұл үдерісті жеделдетті. Салық төлеу, айыппұл өтеу, әлеуметтік төлемдерді алу сияқты қызметтердің электронды форматқа көшуі халықты қолма-қол ақшасыз есеп айыры­суға үйретті. Алайда оның эконо­ми­калық маңызы әлдеқайда кең. Электронды төлемдердің әрқай­сы­сы жүйеде тіркелетіндіктен қаржы айналымын бақылау жеңіл­дейді. Экономист-сарапшы Айбар Олжаевтың пікірінше, цифр­лық төлемдердің тағы бір маңызды артықшылығы – мем­лекеттік шығындардың қысқаруы. «Банкноттарды басып шығару, қорғау элементтерімен қамтамасыз ету, сақтау, тасымалдау, тозған ақшаны айналымнан шығару жыл сайын бюджеттен қомақты қаражатты талап етеді. Қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі артқан са­­йын бұл шығындарды біртіндеп азайтуға мүмкіндік туады», дейді ол.
Қолма-қол ақшасыз төлемдер­дің артықшылығы, әсіресе, шетелге шыққанда айқын сезіледі. Бұрын туристер өзімен бірге қомақты көлемде валюта алып жүруге мәжбүр болса, бүгінде халықаралық банк карталары мен цифрлық әмияндар арқылы қонақүй ақысын төлеп, қоғамдық көлікке мініп, дүкенде сауда жасап немесе мейрамханада есеп айырыса береді. Мәселен, «Finprom» талдау порталының дерегіне сүйенсек, егер 2020 жылы отандастарымыздың шетелде банк картасымен жасаған операцияларының 76 пайызы қолма-қол ақшасыз төлем болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 83,2 пайызға, ал 2024 жылы 88 пайызға жеткен. Кейінгі екі жылда да бұл үрдіс жалғасқан.
Қолма-қол ақша­сыз төлем­дер­дің саны олар­дың жалпы көлеміне қара­ғанда әлдеқайда жылдам өсіп келеді. 2026 жылдың қаңтар – мамыр айларында біздің банк карталары арқылы шетелде 150,6 миллион қолма-қол ақшасыз төлем жасалған екен. Яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40,4 пайызға, ал 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,6 есеге көп. Бұл бір жағынан қауіпсіздікті арттырса, екінші жағынан валюта айырбастауға кететін уақыт пен қосымша шығынды азайтады.
Дегенмен қолма-қол ақшасыз қоғамның екінші қыры да бар. Электронды төлемдердің үлесі артқан сайын киберқауіпсіздік мәселесі өзекті бола түсті. Бүгінде әмиян ұрлаудан гөрі банктік деректерді иемдену немесе азаматтарды жалған қоңыраулар мен күмәнді сілтемелер арқылы алдау әлдеқайда жиіледі. Кейінгі жылдары бөтен адамның атына несие рәсімдеу сияқты алаяқтық түрлері де көбейді. Цифрлық төлемдердің кеңеюі әлеуметтік мәселелерді де күн тәртібіне шығарды. Егде жас­тағы адамдардың немесе интернет сапасы төмен өңір тұр­ғын­дарының жаңа жүйеге бейім­делуі бірдей емес. Сондықтан қолма-қол ақшасыз қоғам құру тек технологиялық міндет емес, қаржылық сауаттылықты, ақпа­рат­­тық қауіпсіздікті әрі бар­лық азамат үшін тең қолжетім­ділікті қатар қамтамасыз етуді талап ететін кешенді үдеріс болып отыр.
Қоғамда жиі қойылатын сұрақтың бірі – электронды төлемдердің үлесі өсіп жатқанда, Ұлттық банк неге жаңа банкноттар шығаруды жалғастырады? Мұның да бірнеше себебі бар. Ең алдымен теңге – еліміздегі заңды төлем құралы. Еліміз азамат­тар­дың қолма-қол ақшаға деген сұранысын қамтамасыз етуге міндетті. Бұған қоса айналымдағы банкноттар уақыт өте тозады және олар кезең-кезеңімен жаңасына ауыс­тырылады. Сондықтан әлемнің көптеген мемлекеті цифрлық төлемдерді дамытқанымен, қолма-қол ақшадан толық бас тартуға асықпай отыр. Оның жарқын мысалы – Швеция. Ашық дерек­көз­дерге сүйенсек, бұл елде қолма-қол ақшасыз төлемдер ең жо­ға­ры деңгейге жеткен. Сонда да швед билігі тұрғындарына төтенше жағдайлар үшін белгілі бір кө­лем­де қолма-қол ақша сақтау­ға кеңес береді. Себебі кибершабуыл, табиғи апат немесе энер­гетикалық дағдарыс кезінде цифрлық жүйе­лер уақытша істен шығуы мүмкін.
Ал Қытайда WeChat Pay мен Alipay күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналғанымен, қолма-қол ақша заңды төлем құралы ретінде сақталған. Ал АҚШ пен Ұлыбританияның кейбір өңірлерінде дүкендердің қолма-қол ақшаны қабылдаудан бас тартуына заң жүзінде шектеу қойылған. Бұл – цифрлық қызметтерді пайдалана алмайтын азаматтардың құқын қорғауға бағытталған қадам.
Әлемдік тәжірибе көрсет­кендей, цифрлық төлемдердің қарқынды дамуы қолма-қол ақша­ның толық жойылатынын білдірмейді. Керісінше, көптеген мемлекет үшін бұл екі төлем құралы бірін-бірі толықтыратын жүйеге айналып келеді.
Қолма-қол ақшасыз төлем­­дер­дің қарқынды дамуы қоғамда тағы бір ұғымның жиі айтылуына себеп болды. Ол – цифрлық теңге. Алайда бұл ұғымды бүгінгі QR арқылы немесе банк картасымен жасалатын төлемдермен шатастырмаған жөн дейді сарапшылар.
Қазір халықтың күнделікті пайдаланып жүрген электронды төлемдері екінші деңгейлі банктердегі қаражат арқылы жүзеге асырылады. Ал цифрлық теңге – Ұлттық банк шығаратын ұлттық валютаның жаңа цифрлық нысаны. Оның мақсаты қолма-қол ақшаны айналымнан шыға­ру емес, төлем жүйесінің қауіп­сіздігін күшейту, қаржы айна­лы­мының ашықтығын арттыру әрі мемлекеттік төлемдердің тиім­ділігін қамтамасыз ету.
Экономист Сапарбай Жобаев­тың пікірінше, қолма-қол ақшасыз төлемдерге көшу – әлемдік қаржы жүйесінің заңды жалғасы.
«Ақша да қоғаммен бірге өзгеріп келеді. Алтын мен күмістен жасалған ақшадан – қағаз ақшаға, одан электронды төлемдерге өттік. Қазір қолма-қол ақша, электронды ақша, цифрлық ақша мен виртуал­ды активтер қатар өмір сүріп жатыр. Сондықтан электронды төлемдердің кеңеюі – табиғи үдеріс.
Қолма-қол ақша қолдан қолға өтетіндіктен оның қозғалысын бақылау қиын. Ал электронды төлемдердің әрбір операциясы тіркеледі. Бұл көлеңкелі экономиканың үлесін азайтып, салықтық есепті жақсартуға мүмкіндік береді. «Бүгінде картадан картаға жасалатын кейбір ауда­­­рымдар бейресми есеп айырысу құралы ретінде пайдаланылып келеді. Сол себепті  бұл бағыттағы бақылау тетіктері жетілдіріле береді. Ал цифрлық теңге қаржы қоз­ға­лысының ашықтығын күшей­тіп, мұндай тәуекелдерді азай­туға ықпал етуі мүмкін», дейді С.Жобаев.
Айта кетейік, Ұлттық банк цифрлық теңгені кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Сарапшы­лар­дың пікірінше, бұл жоба қол­даныстағы банк карталары мен QR-төлемдердің орнын баспай­ды. Керісінше, төлем инфра­құ­рылымын толықтыратын жаңа құрал ретінде дамиды.
Әлемдік тәжірибе көрсет­кен­дей, болашақ – цифрлық төлемдерде. Бірақ бұл қолма-қол ақшаның біржола жоғалатынын білдірмейді. Керісінше, көптеген мемлекет қағаз ақшаны төтенше жағдайларда пайдаланылатын резервтік төлем құралы ретінде сақтап отыр. Демек, бүгінгі міндет – қолма-қол ақшадан толық бас тарту емес, азаматтарға кез келген жағдайда қолжетімді, қауіпсіз әрі сенімді жұмыс істейтін төлем жүйесін қалыптастыру. Еліміздің қазіргі бағыты да дәл осы мақсатқа негізделген.
egemen.kz
06 тамыз 2026 ж. 48 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№58 (10526)

04 тамыз 2026 ж.

№57 (10525)

01 тамыз 2026 ж.

№56 (10524)

28 шілде 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 597
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 060

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31