ЦИФРЛЫҚ СЕРПІН: ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ ЖАҢА БАСТАМАЛАР
Мемлекет басшысының 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Қызылорда облысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні түрлі салаларға енгізу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Сәбит Ибадулла Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында баяндады.
– Жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына енгізу үшін ең алдымен білікті кадрларды даярлау маңызды. Осы бағытта өңірде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қызылорда облысында 2023 жылдан бері Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мен Сеул ұлттық ғылым және технология университетінің бірлескен жобасы Қазақстандағы алғашқы Жасанды интеллект институты жұмыс істейді. Қазіргі таңда онда 240 студент білім алуда. Сонымен қатар облыстың мемлекеттік қызметшілері жасанды интеллект құралдарын пайдалану бойынша толық оқытылды. Өңірдегі инновациялық жобаларға да қолдау көрсетілуде. Соңғы үш жылда Kyzylorda Hub арқылы 48 стартап жоба жүзеге асырылып, 20 жаңа жұмыс орны ашылды, – деді басқарма басшысы.
Жасанды интеллектінің әлеуметтік маңызы бар салалардағы қолданысы да кеңейіп келеді. Биыл облыстағы 21 медициналық ұйымға онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін AI технологиясы енгізілді.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында да цифрлық шешімдер кеңінен қолданылуда. Өңірде 2100 бейнебақылау камерасы, 150 жылдамдық өлшегіш құрылғы және 80 интеллектуалды қиылыс жұмыс істейді. Барлық бейнекамералар жасанды интеллект мүмкіндіктері бар жүйеге біріктірілген.
Сондай-ақ Қызылорда облысында алғаш рет 25 SUNQAR құрылғысы арқылы көлік жүргізу кезінде қауіпсіздік белдігін тақпау және ұялы телефон пайдалану фактілерін автоматты түрде анықтап, айыппұл рәсімдеу іске қосылды.
- Азаматтардың өтініштері мен жедел хабарламаларын бақылауды жетілдіру мақсатында «Көмек-109» және «Көмек-112» жүйелері Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект элементтері бар «Цифрлық қадағалау» пилоттық жобасына қосылды. Алдағы кезеңде өңірдегі жасанды интеллект экожүйесін одан әрі дамыту көзделіп отыр. Жыл соңына дейін Қызылорда қаласында «Alem AI» базасында IT орталығын ашу жоспарланған. Мұнда стартаптарды дамытуға, мамандар даярлауға және жастардың цифрлық дағдыларын арттыруға мүмкіндік жасалады, - деді спикер.
Басқарма басшысының айтуынша, цифрландырудың келесі кезеңінде өңірлердің ерекшелігін ескеру маңызды.
– Цифрлық даму деңгейі, инфрақұрылымдық мүмкіндіктер мен кадрлық әлеует әр өңірде әртүрлі. Сондықтан цифрлық трансформация кезінде өңірлік тәсілді күшейтіп, нақты көрсеткіштер мен жол карталарын қалыптастыру маңызды.
Сыр өңірінде цифрландыру тек технологиялық жаңғыру құралы емес, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, қауіпсіздікті күшейтуге, жаңа жобалар мен жұмыс орындарын қалыптастыруға бағытталған маңызды даму тетігіне айналып келеді, – деді Сәбит Ибадулла.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

















