Құрылтай
» » БАС ЖҮЛДЕ – БІЗДЕ!

БАС ЖҮЛДЕ – БІЗДЕ!

Қазақ опера жұлдыздары дегенде, қазақ қыздарынан Күләш Байсейітова, Жамал Омарова, Роза Жаманова, Бибігүл Төлегенова, Майра Мұхаммедқызы, ал ер-азаматтарынан Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, кейінгі буыннан Дінмұхамед Көшкінбаев, Азамат Жылтыркөзовтердің есімі еске оралады. Опера өте күрделі шығарма. Ол тек музыка емес, бүтін театр, тұтас драмалық қойылымның ауқымын береді. Сол себепті де болар әнші біткеннің бәрі операға беттей бермейді. Оған терең дайындықпен қоса, табиғат берген дара дауыс та керек.
Осындай аға-апаларының ізін жалғаған жас өнерпаз біздің ортамызда да бар. Байқау, сайыстар болмаса, қарапайымда байқай да бермейді екенбіз. Нақтысына көшсек, жақында Сырдария ауданының Бесарық ауылында КСРО, Қазақ КСР Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері, әлемге танымал опера әншісі Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына орай «Қазақ операсының күміс көмейі – Ермек Серкебаев» тақырыбында облыстық әншілер байқауы өткен. Өнер додасына Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, өнер қайраткері, ұлағатты ұстаз Бағдагүл Есмұрзаева, Сырдария аудандық мәдениет үйінің директоры Жасұлан Жәрменов, Қалжан ахун ауылдық клубының директоры Дархан Жұбанышұлы секілді өнер майталмандары қазылық етті. Нәтижесінде айтулы сайысқа аудан атынан қатысқан Ақтөбе ауылдық клубының көркемдік жетекшісі, опера әншісі Наргиз Ерланқызы әріптестерінен оза шауып, бас жүлдені қанжығаға байлады.
Наргизбен сөйлескенімізде, өнерпаз қызымыз байқауға тыңғылықты дайындалған. Бірінші турда опера шеберінің шығармасынан «Алқоңырды», екіншісінде (еркін тақырып бойынша) «Аққуым» әнін орындаған. Екі ән де классикалық үлгіде көрермен назарына ұсынылған.
Наргиз сіңіліміз өнерге жеті жасынан қадам басқан. Мектеп қабырғасында жүріп те көптеген байқауға қатысқан. Оның музыкаға сүйіспеншілігі мен қызығушылығы Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледжіне әкеп, осы жерден опералық вокал мамандығы бойынша кәсіби білім алып шығады. Содан беріде әнші кез келген жанның жүрегі дауаламайтын күрделі өнерде өзінің бағын сынап келеді.
– Шығармашылық жолымда опералық вокалмен қатар, эстрадалық жанрды да бірге алып жүрмін. Репертуарымда қазақ және әлем классиктерінің шығармалары, халық әндері, романстар, патриоттық, заманауи эстрадалық әндер, сондай-ақ опера ариялары мен күрделі вокалдық туындылар бар.
Бұған дейін де бірқатар өнер байқауында жүлде салып келсем, соңғы жетістігім – әлемге танымал опералық әнші, мемлекеттік өнер қайраткері Ермек Серкебаев ағамыздың атындағы облыстық байқаудан бас жүлде алуым. Өте қуаныштымын. Жақсы дайындықпен бардым. Әріптестерім де осал болмады. Дегенмен, бақ та, бап та шауып, жоғары орын маған бұйырды.
Қазіргі таңда ауылдық клубта көркемдік жетекші болып қызмет етудемін. Ауыл мәдениетінің дамуына атсалысып, шәкірттер де баулып жүрмін. Өнерді, ұлттық мәдениетімізді насихаттауға, кәсіби шеберлігімді әрі қарай да арттыруға еңбек ете беретін боламын, – дейді әнші
Сәрсенкүл АҚКІСІ
28 шілде 2026 ж. 88 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№56 (10524)

28 шілде 2026 ж.

№55 (10523)

25 шілде 2026 ж.

№54 (10522)

21 шілде 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 555
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 023

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031