БОЛАШАҚ АЛЫСТА ЕМЕС: ҒАРЫШ ТУРИЗМІ ШЫНДЫҚҚА АЙНАЛДЫ
Бір кездері ғарышқа ұшу туралы әңгімелер тек ғылымифантастикалық кітаптар мен киноларда ғана кездесетін. «Бір күні қарапайым адамдар да жерді ғарыштан тамашалайтын болады» деген ой қиялға ұқсайтын. Алайда ғылым мен технологияның қарқынды дамуы бұл арманды біртіндеп шындыққа айналдырып келеді. Бүгінде ғарышқа тек кәсіби ғарышкерлер ғана емес, қалтасы қалың туристер де аттанып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, бірнеше онжылдықтан кейін ғарышқа саяхат жасау шетелге ұшып демалғандай қалыпты жағдайға айналуы мүмкін. Бүгінде ғарышқа ұшу бұрынғыдай тек мемлекеттердің ғылыми бағдарламасының бір бөлігі ғана емес, жүздеген мың доллар төлеуге мүмкіндігі бар кез келген адам арнайы дайындықтан өтіп, Жер атмосферасының шекарасынан асып, ғарышты өз көзімен көре алады. Кеше ғана ғылыми фантастика болып көрінген бұл мүмкіндік бүгінде шынайы индустрияға айналып келуде.
Ғарыш туризмі – ғылыми зерттеу немесе қызметтік міндет үшін емес, ерекше әсер алу, демалу және жаңа тәжірибе жинау мақсатында ғарышқа жасалатын саяхат. Бұл – әлемдегі ең жас әрі ең қымбат туризм түрі. Қазір мұндай сапарлардың бағасы жүздеген мың доллардан басталғанымен, жаңа технологиялардың арқасында оның құны алдағы жылдары біртіндеп төмендейді деген болжам бар.
Ғарыш туризмінің тарихы 2001 жылдан бастау алады. Сол жылы америкалық кәсіпкер Деннис Тито тарихтағы тұңғыш ғарыш туристі ретінде Халықаралық ғарыш стансасынан ұшты. Ол сегіз күнге жуық ғарышта болып, шамамен 20 миллион АҚШ долларын төлеген еді. Бұл оқиға көпшілікке таңғаларлық көрінгенімен, дәл сол сәттен бастап жаңа индустрияның негізі қаланды. Соңғы жылдары ғарыш туризмі бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамуда. Сарапшылардың бағалауынша, алдағы онжылдықта бұл саланың әлемдік нарығы бірнеше ондаған миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін. Жеке ғарыш компаниялары жаңа кемелерді сынақтан өткізіп, ұшу қауіпсіздігін жетілдіру арқылы коммерциялық рейстердің санын көбейтуді жоспарлап отыр. Бұл ғарышқа саяхаттауды болашақта әлдеқайда қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде бұл саланы мемлекеттерден бұрын жеке компаниялар дамытып келеді. Илон Маск негізін қалаған SpaceX компаниясы орбиталық ұшуларды жүзеге асырып, болашақта Ай мен Марсқа адам жеткізуді көздейді. Джефф Безостың Blue Origin компаниясы туристерді Жерден шамамен 100 шақырым биіктікке көтеріп, бірнеше минут бойы салмақсыздық күйін сезінуге мүмкіндік береді. Ал Ричард Брэнсонның Virgin Galactic компаниясы суборбиталық коммерциялық рейстер ұйымдастырып, ғарыш туризмін жаппай қолжетімді етуге ұмтылып отыр.
Ғарыштық саяхаттың ең әсерлі сәттерінің бірі – салмақсыздық күйін сезіну. Зымыран қажетті биіктікке көтерілген кезде жолаушылар белдіктерін шешіп, кабина ішінде еркін қалықтай алады. Терезеден қарағанда Жердің көгілдір шары, оның жұқа атмосферасы мен ғарыштың шексіз қараңғылығы көз алдыңызға келеді. Ғарышкерлер мұндай көріністен кейін Жерге деген көзқарастары түбегейлі өзгеретінін жиі айтады. Ғалымдар бұл құбылысты «Overview Effect» немесе «Жерді тұтас көру әсері» деп атайды. Адам алғаш рет планетаны тұтас күйінде көргенде, оның нәзік әрі ортақ үй екенін тереңірек сезінеді. Ғарыштан қарағанда мемлекеттердің шекарасы көрінбейді. Көгілдір түске боялған Жер біртұтас әрі нәзік ғаламшар ретінде көзге түседі. Осы көріністі тамашалаған ғарышкерлердің айтуынша, олар туған планетасына мүлде басқа көзқараспен қарай бастаған. Мұндай әсер адамға табиғатты, бейбітшілікті және Жердің ортақ үй екенін бұрынғыдан тереңірек сезінуге ықпал етеді.
Салмақсыздықтың тағы бір қызықты ерекшелігі бар. Омыртқаға түсетін қысым азайғандықтан, адамның бойы уақытша 2-5 сантиметрге дейін ұзарады. Бұл өзгеріс Жерге оралғаннан кейін бірнеше күн ішінде қайта қалпына келеді.
Қазіргі таңда мұндай саяхатқа шығу үшін туристер бірнеше күндік арнайы дайындықтан өтеді. Олар салмақсыздыққа бейімделу, төтенше жағдайларда әрекет ету және ұшу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін меңгереді. Ұшудың өзі көп жағдайда 10-15 минутқа ғана созылғанымен, алған әсер өмір бойына сақталатын ерекше оқиға саналады.
Әрине, ғарыш туризмінің көлеңкелі тұстары да жоқ емес. Ұшыру кезінде техникалық ақаулардың орын алу қаупі бар. Сонымен қатар ғарыштық радиацияның адам ағзасына ұзақ мерзімді әсері әлі толық зерттелмеген. Экологтар да зымыран ұшыру барысында атмосфераға бөлінетін зиянды заттардың қоршаған ортаға ықпалын жиі көтеріп жүр. Сондықтан бұл саланың дамуы қауіпсіздік пен экологиялық жауапкершілік талаптарымен қатар жүруі тиіс.
Соған қарамастан, ғарыш индустриясы қарқынды дамып келеді. Above : Space Development Corporation орбитада қонақ үй салу жоспарын таныстырса, енді бірі Айды айналып ұшатын туристік сапарларды жоспарлауда. Мамандардың болжамынша, алдағы 20-30 жылда ғарышқа саяхат әлдеқайда қолжетімді болып, жаңа мамандықтар мен жаңа экономикалық мүмкіндіктердің пайда болуына жол ашады.
Қазақстан үшін де бұл тақырыптың маңызы ерекше. Себебі әлемдегі тұңғыш әрі ең ірі ғарыш айлағы – Байқоңыр біздің жерімізде орналасқан. Дәл осы жерден адамзаттың ғарышты игеру дәуірі басталды. Сондықтан ғарыш туризмінің дамуы еліміз үшін ғылыми ғана емес, туристік және экономикалық тұрғыдан да жаңа мүмкіндіктер ұсынуы ықтимал.
Бір ғасыр бұрын адамдардың бірнеше сағаттың ішінде мұхит асып ұшатыны ертегі сияқты көрінген. Ал бүгінде әуе саяхаты қалыпты өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Ғарыш туризмі де дәл осындай жолдан өтуде. Бәлкім, бүгінгі мектеп оқушылары ертең есейгенде ғарышқа жолдаманы ұшақ билетін сатып алғандай оңай рәсімдейтін күнге куә болар. Өйткені ғылым мен технологияның дамуы дәлелдеп отырған бір ақиқат бар: кеше ғана мүмкін емес болып көрінген дүниелер ертеңгі күннің үйреншікті шындығына айналады. Сондықтан болашақ шынымен де алыста емес.
Бауыржан ЖҮНІС














