ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ – БАСТЫ НАЗАРДА
![]() | ![]() |
Халықты әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамтуды арттыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту – ауданның әлеуметтік саясатындағы басым бағыттардың бірі.
2026 жылдың алғашқы 6 айында жұмыс іздеуші ретінде «Мансап» орталығына 2 925 адам жүгініп, олардың 1 027-сі тұрақты және уақытша жұмыс орындарына орналастырылды.
Есепті кезеңде әлеуметтік қолдау шараларына 112,1 млн теңге бағытталып, 380 азамат жұмыспен қамтылды.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек аясында 82 отбасыға 30,7 млн теңге төленді. Сонымен қатар, аталған отбасылардағы 128 балаға 3,1 млн теңге көлемінде қосымша әлеуметтік көмек көрсетілді. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 13 жұмыссыз азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.
Мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында 105 ерекше білім беру қажеттілігі бар балаға 6,7 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек тағайындалды.
Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай 269 ардагер мен оларға теңестірілген азаматтарға 56,1 млн теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Оның ішінде тыл еңбеккерлері, Ауған соғысының ардагерлері, Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қимылдарға, Таулы Қарабах пен Ирактағы бітімгерлік миссияларға қатысушылар, Чернобыль апатын жоюшылар, Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендер және басқа да санаттағы азаматтар қамтылды.
Тұрғын үй-коммуналдық шығындарын өтеу мақсатында 251 отбасыға (535 отбасы мүшесіне) 15,5 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегі төленді.
Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында 22 жас маман жастар тәжірибесіне, 4 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына, ал 341 адам қоғамдық жұмыстарға жолданды.
Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 3,0 млрд теңгені құрайтын 100 екі пәтерлі тұрғын үйді сатып алуға қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстары басталды.
Әлеуметтік қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
![]() | ![]() |



















