БІЛІМ БИІГІНЕ БАСТАР ЖАРҚЫН ҚАДАМ
Елдің ертеңі білімді ұрпақтың қолында. Білімге құштар, ізденімпаз, талабымен дараланған шәкірттер – қоғамның ең қымбат байлығы. Олар өздерінің табандылығы мен қажырлы еңбегінің арқасында түрлі білім бәйгесінде топ жарып, туған мектебінің ғана емес, өңірінің де мерейін асырып келеді. Сондай дарынды шәкірттің бірі – Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Жания Шәпи.
Ол 18-24 маусым аралығында өткен IQanat олимпиадасының республикалық кезеңінде жоғары нәтиже көрсетіп, грант иегері атанды. Бұл олимпиада – еліміздегі ауыл мектептерінде білім алып жүрген дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған беделді республикалық жоба. Олимпиада жеңімпаздары еліміздегі үздік білім ордаларының бірі – IQanat High School of Burabay мектебінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл – талапты жастарға өз қабілетін шыңдап, болашаққа сенімді қадам жасауға берілетін үлкен мүмкіндік.
Жания Нұржанқызы да осы білім ордасында оқуға жолдама алып отыр. Оның бұл жеңісі білімге деген ерекше ынтасының, табандылығының және үздіксіз ізденісінің жарқын көрінісі.
– Тапсырмалар оңай болған жоқ. Әр кезеңде оқушылардың білім деңгейі мен логикалық ойлау қабілетін жан-жақты бағалайтын күрделі сұрақтар берілді. Біз математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, ағылшын тілі, логика және таңдау пәні бойынша тапсырмалар орындадық. Әсіресе логикалық есептер мен оқу сауаттылығына қатысты мәтіндік тапсырмалар мұқият ойланып, уақытты тиімді пайдалануды талап етті. Барлық пән бойынша жинақтаған білімімді пайдаланып, бар күшімді салуға тырыстым. Олимпиада маған өз мүмкіндігімді сынап қана қоймай, білімімді одан әрі жетілдіруге, жаңа тәжірибе жинақтауға үлкен мүмкіндік берді, – дейді ол.
Оның таңдау пәні – Қазақстан тарихы. Бұл пәнге қызығушылығы 5-сыныпта басталған. Сол уақыттан бері тарих сүйікті пәніне айналған.
– Ата-бабаларымның тарихын, туған өлкемнің және елімнің өткені мен мәдениетін зерттеу маған үлкен қызығушылық сыйлайды. Өйткені тарих – өткенді танып қана қоймай, бүгінгі күнімізді бағалауға және болашағымызды дұрыс бағдарлауға үйрететін маңызды ғылым. Әрбір тарихи оқиға мен тұлғаның ел тағдырындағы орны туралы білу мені жаңа ізденістерге жетелейді. Тарих арқылы халқымыздың бай мұрасын, ұлттық құндылықтарын және тәуелсіздік жолындағы күресін тереңірек түсіне бастадым. Сондықтан бұл пәнге деген қызығушылығым жыл сайын артып келеді. Алдағы уақытта да тарихты терең меңгеріп, білімімді жетілдіруді мақсат етемін, – дейді дарынды қыз.
Озат оқушының білім жолындағы табысына жетекшілік еткен пән мұғалімі Фариза Айманшақызы мен сынып жетекшісі Мархабат Әптайжанованың еңбегін де ерекше атап өтуге лайық. Ұстаздың тәлімтәрбиесі мен шәкіртіне деген сенімі Жанияның жаңа белестерді бағындыруына серпін берді.
Жанияның бұл жетістігі – табанды еңбектің, сапалы білімнің және мақсатқа деген сенімді ұмтылыстың жарқын жемісі. Осындай дарынды шәкірттердің жеңісі өзге оқушыларға үлгі болып, білімге деген қызығушылықты арттыра түседі. Жас талаптың алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, ел сенімін ақтайтын білімді де білікті азамат болып қалыптасарына сенім мол.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
















