ДАМУДЫҢ ДІҢГЕГІ – НАҚТЫ ІС
Бейсенбі күні облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов ауданымызда жұмыс сапарымен келіп, бірқатар маңызды нысандарды аралап, әлеуметтікэкономикалық даму барысымен танысты.
Сапар барысында алдымен Ақжар ауылындағы «Шакизада» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігі назарға алынды.
2005 жылы құрылған шаруашылық бүгінде 50 гектар күріш, 77 гектар ескі жоңышқа, 0,5 гектар бақша және 70 гектар дән жүгері өсірумен айналысады. Қожалықта 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Биыл ауданымызда 25 130 гектарға дақылдар егілді. Көктемгі егіске 21 ауыл шаруашылығы құрылымына 1 611,5 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологиялары 600 гектар алқапқа енгізілуде. Оның ішінде 19 гектар жерге тамшылатып суару, ал 581 гектар малазықтық дақылдарға жаңбырлатып суару әдісі қолданылуда.
Айта кетейік, биыл өңірде 185,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда күріш егісінің көлемі 10,9 мың гектарға қысқартылған.
Ерте егілетін дақылдар, атап айтқанда, 7 541 гектар мақсары, 415 гектар жаздық арпа, 4 338 гектар жаздық бидай, 21 394 гектар жаңа жоңышқа, 428 гектар қант құмайы, 873 гектар судан шөбі, 409 гектар сүрлемдік жүгері, 373 гектар соя, 120 гектар мал азықтық асқабақ, 326 гектар тары, 1 338 гектар картоп, 6 687 гектар көкөніс және 8 501 гектар бақша егілді.
Төребай би ауылына табиғи газ тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Төребай би ауылына барып, тұрғындармен кездесіп, газ желілерін тарту жұмыстарының барысын көрді.
Қазіргі таңда ауылда магистральды құбырлар мен ішкі тарату желілері жүргізілуде. «Asia Story KZ» және «Grand Structure Engineering» серіктестіктері жүзеге асырып жатқан жобаға 479,5 млн теңге қаржы бөлінген.
Ауылдарды табиғи газбен қамту жұмыстары Қазақстан Республикасын газдандырудың 2023-2030 жылдарға арналған бас схемасы мен Қызылорда облысын газдандырудың 2023-2027 жылдарға арналған егжейтегжейлі жоспары аясында жүзеге асырылуда.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облысты газдандыру деңгейі 83 пайызға жетті. Бүгінде 4 қала мен 56 елді мекен табиғи газға қосылған.
Биыл 14 жобаны іске асыруға 4,9 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 2-еуі – өтпелі, 12-сі – жаңа жоба. Нәтижесінде 10 елді мекен тұрғындары табиғи газға қол жеткізіп, газдандырылған елді мекендер саны 66-ға жетеді. Ал газбен қамту көрсеткіші 85 пайызға дейін артады.
Газдандыру жұмыстарын жалғастыру мақсатында құны 15 млрд теңгені құрайтын 9 жоба әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Қолдау тапқан жағдайда қосымша 11 ауыл табиғи газға қосылады.
Сондай-ақ, «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның 2026-2030 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында Жаңақорған ауданындағы 6 елді мекенді газдандыру жоспарланған.
Аудан активімен кездесу
Жұмыс сапарының қорытынды кезеңінде «Руханият орталығында» аудан активінің жиыны өтті. Онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен алдағы міндеттер талқыланды.
Аймақ басшысы бірқатар өзекті мәселеге тоқталып, салық базасын ұлғайту, шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізу, су үнемдеу технологияларын енгізу, құрылыс сапасын бақылауды күшейту және газдандыру деңгейін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.
– Ауданның қаңтар-мамыр айларындағы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуде салық базасын ұлғайту ерекше маңызға ие. Кент және ауылдық округ әкімдері осы ретте жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс. Ішкі мүмкіндіктер мен экономикалық әлеуетті тиімді пайдалана отырып, жаңа инвестициялық жобаларды қолға алу қажет.
2023 жылдан бері күріш егісінің көлемі 1 158 гектарға қысқарды. Ауданда 33 шаруашылық каналы бар болса, соның 9-на жоба-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланған. Суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беруді тапсырамын. Жобаларды әзірлеп, «Байқоңыр» әлеуметтіккәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп жұмыс жасаңыздар, – деді облыс әкімі.
Кейінгі төрт жылда ауданымызда 267 пәтер берілген. Тұрғын үй құрылысы биыл да жалғасады. Жауапты басшылар құрылыс сапасына бақылауды күшейтуі керек.
Сондай-ақ ауданда газдандыру көрсеткіші 79,2 пайыз, бүгінде Иіркөл және Төребай би ауылдарына табиғи газ қосу қарқынды жүргізілуде. Аймақ басшысы облыстық энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, басқа ауылдарға да кезеңкезеңімен газ жеткізуді тапсырды.
«Жасыл даму» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен өңірде 98,7 млрд теңгеге 9 жоба іске асырылуда. Қармақшы ауданында «Грин Орда Проект» серіктестігінің жобасы жоспарланған. Алдағы уақытта жұмыс қарқынын арттырып, екінші кезең сараптамасына құжат тапсыру керек. Бұдан бөлек, жауапты тұлғаларға қоғамдық тәртіпті нығайту және Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша эпидемиологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді.
Кездесуде тұрғындар мен ауыл ақсақалдары өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын ортаға салды.
Сапар соңында облыс әкімі қармақшылық дарынды оқушылармен жүздесіп, олардың ұстаздарымен бірлесіп әзірлеген қолөнер бұйымдары мен заманауи технологияларды пайдалана отырып жүзеге асырған инновациялық жобаларының көрмесін тамашалады.
«ҚТ» ақпарат

















