МАМАНДЫҒЫНАН БАҚЫТ ТАПҚАН
Ұзақ жылдар медицина саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан білікті маманның бірі – Шырынкүл Жүсіпова. Ол бүгінде аудандық аурухананың бас мейіргері болып қызмет атқарады.
Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ медицина саласының маманы болуды армандаған жас түлек Жосалы кент орталығындағы Ү.Томанов атындағы №183 мектепті бітірген соң Арқалық медициналық училищесінің «Мейіргерлік ісі» мамандығы бойынша білім алуға бел байлайды. Емтиханнан мүдірмей өтіп, студент атанған бойжеткен саланың сыры мен қырын теориялық жағынан терең меңгереді. Оқу орнын ойдағыдай аяқтап, туған жеріне оралғаннан кейін 1990 жылы аудандық ауруханада балалар бөлімінің мейіргері болып еңбекке араласады. Одан әрі стоматология бөлімінде еңбек жолын жалғастырса, науқастардың денсаулығына тікелей жауап беретін – аурухананың асхана бөлімінде диетолог-мейіргер болып істейді.
2004-2014 жылдары аудандық денсаулық сақтау бөлімінің штаттан тыс және аудандық аурухананың бас мейіргері, аға мейіргері, ал 2015 жылдан осы уақытқа дейін аудандық аурухананың бас мейіргері қызметін атқарып келеді.
Мерекеде ауданымыздың бас мейіргердің өзімен жолығып, сөйлесудің сәті түскен-ді.
– Өзіңіз білетіндей, медицина халықтың денсаулығымен айналысатын үлкен сала. Халқымызда "Денсаулық – басты байлық" деп бекерге айтпайды. Салауатты қоғам – салауатты болашақ. Біз де осы қағиданы ұстанып, қызметімізді атқарудамыз. Бүгінде менің қарамағымда 374 орта буын медицина қызметкері бар. Оған – фельдшер, акушер, медбике, дантист, стоматологтар кірсе, одан басқа 126 кіші медицина қызметкерімен етене жұмыс жүргіземін. Орта буын қызметкерлердің жұмыс істеу функциясына – күнделікті санитарлық-гигиеналық талаптың сақталуы, дизинфекциялық ерітінділердің күнделікті дайындалуы, мейіргерлік құжаттарды жүргізу, пост, журнал, дәрі-дәрмектерді тіркеу, есепке алу жатады. Дәрілік заттардың сақталуы, тоңазытқыш температурасын бақылау, күшті әсер ететін дәрілердің есебін жүргізу, медициналық құралдардың залалсыздандыру сапасын тексеру, бір реттік қолданатын медбұйымдардың пайдалануын қадағалап отыру да осы буынның міндеті. Қызметкерлердің киім үлгілерінің, ішкі еңбек тәртібінің және еңбек техникалық қауіпсіздігінің сақталуы да жіті назарда ұсталады. Сонымен қоса, науқастарға әкелген ас-ауқат сәлемдеменің жеткізілуін қамтамасыз етіп, бөлімшелердегі ішкі режимінің сақталуын қадағалану да – қызметіміз саналады.
Негізгі жұмысымыздан бөлек, ауданда өтетін түрлі қоғамдық іс-шараларға атсалысып, үлесімізді қосамыз, – дейді ол.
35 жылдан бері саланың ыстық-суығын басынан өткізіп келе жатқан майталман білімін жетілдіруді өзіне мақсат етіпті. 2021 жылы Қызылорда медициналық жоғары колледжін тәмамдап, «Медбике ісінің қолданбалы бакалавры» деген екінші біліктілік дипломын алып шыққан.
Жоғары санатты мейіргердің қол жеткен жетістіктері аз емес. Атап айтқанда, Қызылорда медициналық жоғары колледжі ұйымдастырған «Менторлық білім беру бағдарламасы» бойынша біліктілік деңгейін көтерсе, «Арыстанбаб» жоғары колледжінің Қызылорда филиалы өткізген «ЕАҰ қызметіндегі бас (аға) мейіргерлерінің рөлі» тақырыбында кәсіби білімін жетілдіріп, куәлікке ие болған. Сонымен қатар «АSU.kz» Қызылорда оқу орталығы өткізген «Жіті коронарлы синдром. Мейіргерлік көмек», «Онкологиялық сақтық және МСАҚ деңгейінде скринингтер өткізу мәселелері», «Негізгі реанимация» Basik life Support (BLS) және Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Жоғары медициналық колледж» оқу-әдістемелік орталығының ұйытқы болуымен өткізілген «Амбулаториялық жағдайдағы тәуелсіз мейірбике тәжірибесі» атты семинартренигтерде тәжірибесін ұштаған. Өткен жылы Астана қаласында BOLASHAK халықаралық академиясының өткізген «ҚР Еңбек заңнамасына 2025 жылға арналған өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып, еңбек қатынастарын құжаттандыру. Мемлекеттік және орыс тілдерінде кадрлық іс жүргізу» тақырыбында біліктілік арттыру курсынан өтсе, бас қалада «Қазақстанда мейіргер ісінің дамуы. Қазіргі уақыт. Болашақ» тақырыбында халықаралық форумына қатысқан. «Клиникалық мейіргерлік нұсқаулықтарды практикалық денсаулық сақтауға енгізу», «Денсаулық сақтау саласындағы техникалық және орта білімнен кейінгі мамандарды даярлау мен кәсіби іске асырудың заманауи талаптары», «ҚР тәуелсіз мейіргерлер ісінің озық тәжірибелерін енгізу» тақырыптарында республикалық, халықаралық конференцияларға қатысып, ғылымитәжірибелік білімін шыңдай түскен. Елімізбен қоса, шетелде де біліктілігін арттырған Ш.Сванқызы 2018 жылы Финляндия мемлекетінің Хельсинки-тампере қаласында «Мейіргерлік ісінің ұйымдастырылуы – Финляндия тәжірибесі» тақырыбында өткен әлемдік деңгейдегі конференцияға қатысып, шетелдік әріптестерінен әдістемелік сабақтар алып қайтқан.
Ұзақ жылғы еңбектің мәуелі жемісі – еңбек етумен қатар, білім жетілдіру, маманның өмірлік қағидасына айналғандай. Оның медицина саласындағы жүріп келе жатқан жолына қарап, еңбек ете жүріп, төккен тердің қазығын заманауи біліммен бекіту – мамандығының құндылығын сезінген адамның ісі деп айтқан болар едік.
Ш.Жүсіпова медицинадағы қызметімен бірге, қоғамдық жұмыстарды да біркісідей атқарып жүрген жан. Ол 2018 жылы «Қармақшы ауданына – 90 жыл» мерекелік медалімен, 2025 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталса, 2023 жылы "Аманат" партиясы төрағасының, 2024 жылы облыс әкімінің, басқа көптеген салалық ведомствоның мадақтама, алғыс хаттарына ие болған. Білікті маман «Қызылорда облысы бойынша мейіргер ісі мамандарының ассоциация» қауымдастығы бірлестігінің мүшесі.
– Мерекеде маған осындай құрмет көрсетіп жатқан сіздерге көптен-көп алғысымды білдіремін. Жалпы өзімді бақытты жанмын деп есептеймін. Мамандық таңдауда қателеспедім. Іздену, алға ұмтылу – мені жетістіктерге жетелеп келеді. Дәрігер, мейірбике – бұл киелі мамандық. Жүзіңнен ескен мейірім мен жылы сөзіңнің өзі ем. Бұл адами миссиясы үлкен жол. Осы жолда адам жанының жанашыры болған ақ халатты әріптестерімді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Отбастарына бақ-береке, дендеріне саулық, абыройлы қызмет тілеймін, – дейді бас мейіргер ақеден көңілмен.
Шырынкүл Сванқызы еңбекте абыройлы, сыйлы әріптес болса, отбасында жан жары Ақылбек Мұхтарұлымен 3 бала тәрбиелеп өсірген бақытты ана. Бүгінде олар үкілеген 6 немеренің атасы мен әжесі.
Сәрсенкүл АҚКІСІ

















