» » БОЛАШАҚ ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР БАҚ СЫНАДЫ

БОЛАШАҚ ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР БАҚ СЫНАДЫ

№199 орта мектепте «Айбын – 2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының аудандық кезеңі салтанатты түрде ұйымдастырылып, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуға бағытталған тағылымды шараға айналды. Ауқымды іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың мемлекетшілдік санасын қалыптастыру, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің беделін арттыру, сондай-ақ болашақ Отан қорғаушылардың дене даярлығы мен төзімділік деңгейін сынау болды.
Сайыс бағдарламасы әскери-қолданбалы және спорттық бағыттағы бірнеше кезеңді қамтыды. Атап айтқанда, мергендік дайындық бойынша қатысушылар пневматикалық винтовкадан жатып нысана көздеп, дәлдік пен сабырлылықтарын көрсетті. Қару-жарақты меңгеру кезеңінде АК-74 оқу қаруын толық емес бөлшектеу және жинақтау тапсырмасы беріліп, жастардың шапшаңдығы мен техникалық дағдылары сынға түсті.
Тактикалық дайындық аясында әскерилендірілген эстафета мен әскери кросс ұйымдастырылып, қатысушылардың жылдамдығы, төзімділігі және ұжымдық әрекет ету қабілеті айқындалды. Күштік құрылымдық дайындық кезеңінде белтемірге тартылу және кеудені көтеру (пресс) жаттығулары арқылы олардың физикалық дайындығы бағаланды. Ал командалық үйлесімділікті талап ететін арқан тарту сайысы қатысушылар арасындағы бірлік пен ұйымшылдықтың жарқын көрінісіне айналды.
Жиынның ресми бөлімінде ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Жандос Серікұлы сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жастардың жоғары дайындығына ризашылығын білдірді. Ол өз сөзінде әскери тәртіп пен жауапкершіліктің азаматтық қоғамды нығайтудағы маңызына тоқталып, жастарды ел болашағы жолында аянбай еңбек етуге, Отан алдындағы борышты абыроймен өтеуге шақырды.
Сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар мен жекелей қатысушылар тиісті дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздардың жетістігі олардың табандылығы мен үздіксіз дайындығының нәтижесі екені айқын.
Айта кету керек, №199 орта мектептің әкімшілігі мен педагогикалық ұжымы іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне барынша жағдай жасап, ұйымдастырушылық-әдістемелік тұрғыдан үлкен жауапкершілік танытты. Мұндай әскерипатриоттық жиын жастардың бойындағы патриоттық рухты шыңдап, олардың әскери дайындыққа деген қызығушылығын арттырады. Бұл жиын жас буынның елге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың болашақта Отан қорғаушысы болуға деген ынтасын нығайтты.
Жаннат АЛМАБАЙҚЫЗЫ,
№199 мектеп директоры
26 сәуір 2026 ж. 37 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (10498)

25 сәуір 2026 ж.

№29 (10497)

21 сәуір 2026 ж.

№28 (10496)

18 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 969
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 602

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930