ТУБЕРКУЛЕЗГЕ ҚАРСЫ БІРЛЕСКЕН КҮРЕС
Ақжар ауылында туберкулезге қарсы күрестің айлығы аясында кең көлемді іс-шара өтті. Елімізде 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында туберкулезге қарсы күрестің дәстүрлі айлығы жүріп жатыр.
Биылғы жылдың «Иә! Біз туберкулезді жеңеміз! Қазақстанның көшбасшылығымен, инновация және халықтың күшімен!» деген ұраны аясында Ақжар ауылындағы дәрігерлік амбулатория қызметкерлерінің ұйымдастыруымен кең көлемді акция өтті. Шараның негізгі мақсаты – халықтың туберкулез дерті, оның алдын алу жолдары мен алғашқы белгілері туралы ақпараттандыру. Жиынды ауылдық емхана меңгерушісі Жасұлан Жұбандықов ашып, бұл дерттің қоғамға тигізер зардабы мен уақытылы тексерілудің маңыздылығына тоқталып өтті.
Аудан орталығынан арнайы келген білікті мамандар, фтизиатр дәрігер Хабидулла Әлиев, ЖДО және СӨС мамандары Әмина Тахирқызы, Дариха Қалдыбекқызы, Әсел Байұзақова, санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Қаршыға Құрақбаевалар дерттің алдын алудағы жаңа инновациялық әдістер мен салауатты өмір салтын ұстанудың пайдасы туралы кеңінен мағлұмат беріп, ақпараттық-танымдық материалдар таратылды. Ауылдық амбулатория ұжымы тек дәріс оқып қана қоймай, мәселенің мән-жайын сахналық қойылым арқылы жеткізе білді. Ауыл өмірінен алынған, адамдардың өз денсаулығына салғырт қарауының соңы неге соқтыратынын көрсететін көрініс көрерменге ой салды. Мектеп оқушыларының орындауындағы жігерлі флешмоб, ән мен би шараның ажарын аша түсті. Әсіресе, ауылдық клуб өнерпазының орындауындағы «Дәрігер әні» мен мектеп медбикесі дайындаған оқушылардың қойылымы көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Фойеде ұйымдастырылған оқушылардың сурет көрмесі де келушілерге дертпен күресудің бейнелі көрінісімен әсерлі етті.
– Мұндай шаралар халықтың денсаулыққа деген жауапкершілігін оятады. Біз ауылдың барша медицина қызметкерлеріне, мектеп ұжымына және бүгінгі акция қонақтарына осындай жоғары деңгейдегі ұйымдастыру жұмыстары үшін алғыс айтамыз, – деді ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Рая Жөнейтова.
Ақжар ауылында өткен бұл шара «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеудің» нағыз үлгісі болды.
Туберкулез – емделетін ауру. Алайда оны жеңу үшін қоғамның бірлігі мен әр адамның өз денсаулығына деген қамқорлығы қажет. Салауатты өмір салтын жанына серік еткен әрбір жан мұндай дерттен аулақ болары сөзсіз. Иә, біз халықтың күшімен туберкулезді жеңе аламыз.
Дариха ҚҰЛМЫРЗАЕВА,
СӨС маманы

















