» » СЫР ӨҢІРІНДЕ ТҰҢҒЫШ КӘСІБИ ШЕБЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

СЫР ӨҢІРІНДЕ ТҰҢҒЫШ КӘСІБИ ШЕБЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында, Наурызнаманың жаңару күні аясында Сыр өңірінде еліміз үшін маңызды әрі тарихи жоба жүзеге асты. Аймақта республика бойынша баламасы жоқ алғашқы құзыреттілік орталығы салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне табысталды. Бұл бастама – техникалық және кәсіптік білім беруді жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ауқымды қадам.
Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, жаңа орталықтың ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді. Аймақ басшысы өз сөзінде соңғы жылдары өңірде жүзеге асырылып жатқан серпінді жобаларға тоқталып, бұл орталықтың стратегиялық маңызына ерекше назар аударды.
– Мемлекет басшымыздың тапсырмасымен салынған техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға арналған сәулетті, жаңа заманауи «Құзыреттілік орталығын» ел игілігіне табыстаудамыз. Қаламызға көрік беретін жаңа, әсем ғимаратымыз құтты болсын! Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғамның түрлі саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Бұл – экономиканы дамыту және инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін қажетті бастама» деп атап өтті. Осы міндетті жүзеге асыру жолында бұл орталықтың алар орны ерекше, – деді аймақ басшысы.
Шынында да, өткен жылы Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өңірлерде осындай орталықтар салуды тапсырған болатын. Соның нәтижесінде баламасы жоқ, бірегей жоба республика бойынша алғаш болып Сыр өңірінде жүзеге асты. Бұл – өңірдің даму қарқыны мен басқару тиімділігінің нақты көрінісі.
Жаңа орталық – бизнес өкілдері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін ортақ алаң. Мұнда жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, еңбек адамын қоғамда дәріптеу, үздік өндірістік дәстүрлерді жаңғырту, жастарды кәсіби еңбекке баулу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілмек. Сонымен қатар, орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, халықаралық стандарттарға сай білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы білім беру саласына көрсетіліп отырған қолдауға да кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, 2022-2025 жылдары өңірде білім беру саласына 1 трлн 159 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал биылдың өзінде бұл салаға 302 млрд 196 млн теңге қарастырылған. Соңғы үш жылда 43 жаңа заманауи білім беру нысаны салынып, пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіштер өңірде адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын дәлелдейді.
Салтанатты шарада білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар мен жаңа нысан құрылысын уақытылы әрі сапалы аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – еңбек адамын бағалаудың нақты көрінісі.
Жиында мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті басқарма төрағасы – ректоры Наурызбай Байқадамов сөз сөйлеп, тұрғындарды айтулы оқиғамен құттықтады. Олар өз сөздерінде мұндай орталықтардың жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Айта кету керек, екі қабатты, 1000 орындық жаңа ғимарат заңсыз сыртқа шығарылған активтерді қайтару есебінен қаржыландырылған. Бұл – ел байлығының халық игілігіне қайта бағытталғанының жарқын мысалы.
Жаңа құзыреттілік орталығы студенттерді халықаралық кәсіби шеберлік жарыстарына дайындау, сарапшылық қауымдастықты дамыту, жұмысшы мамандықтардың танымалдығын арттыру бағытында қызмет етеді. Сонымен қатар, жастардың еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасуына, заманауи технологияларды меңгеруіне мүмкіндік береді.
Орталық тек білім беру мекемесі ғана емес, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейдегі форумдар, конференциялар, семинарлар мен көрмелер өткізуге арналған әмбебап алаңға айналмақ. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық және зияткерлік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Дайындаған Ерсін СӘДУҰЛЫ
23 наурыз 2026 ж. 41 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№21 (10488)

23 наурыз 2026 ж.

№20 (10487)

17 наурыз 2026 ж.

№19 (10486)

14 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 689
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 443

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031