ЗАМАНАУИ МЕКТЕП КӨШБАСШЫЛЫҒЫ – ТИІМДІ БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ
Бүгін білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінің жоспарына сәйкес облыстық педагогикалық шеберлік орталығының қолдауымен Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицей базасында "Заманауи мектеп көшбасшылығы: тиімді басқару тәсілдері" атты директорлар форумы өтті.
Форум бағдарламасы білім беру ұйымының жұмысымен танысудан басталып, одан әрі мазмұнды пленарлық отырыспен жалғасты.
Форумның ашылуында Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Жәнібеков Берік Съездұлы құттықтау сөз сөйлеп, білім беру жүйесіндегі заманауи басқару тәсілдерінің маңыздылығына тоқталды.
Форумның пленарлық бөлімі аясында арнайы шақырылған негізгі спикерлер мазмұнды баяндамалар жасады.
Атап айтқанда, Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Камалова София Тәкенқызы «Мұғалімдермен серіктестікке негізделген мектепті басқару тәжірибесі (Флорида)» тақырыбында баяндама жасап, АҚШ-тың Флорида штатындағы білім беру ұйымдарын басқару тәжірибесіне тоқталды.
Ол мектепті тиімді басқаруда мұғалімдермен серіктестік орнатудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, Өткелбаева Айгүл Алтынбекқызы «Директордың жаңа рөлі: әкімші, басқарушы немесе рухани көшбасшы» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, қазіргі мектеп басшысының миссиясын жаңа қырынан ашып көрсетті. Ол өз сөзінде білім беру ұйымы басшысының тек стратег әрі менеджер ғана емес, сонымен қатар ұжымды ортақ мақсатқа жұмылдыра алатын рухани көшбасшы ретіндегі айрықша рөлін атап өтті.
Сондай-ақ, «Мектеп — бренд. Басқару — стратегия. Ұжым — күш.» тақырыбында №290 «Келешек мектебі» директоры Смаханова Мөлдір Дәуренбекқызы стратегиялық басқарудың маңыздылығына тоқталып, заманауи менеджмент құралдарын тиімді қолдану тәжірибесімен бөлісті. Ол мектепті дамытудағы жүйелі жоспарлау, командалық жұмыс пен ортақ құндылықтардың шешуші мәнге ие екенін ерекше атап өтті.
Форумның екінші бөлігінде фасилитациялық секция ұйымдастырылып, «Директор 4.0: дерекке негізделген басқару. Бір кейс – бірнеше шешім» форматында қатысушылар нақты жағдайларды талқылап, тәжірибелік шешімдер әзірледі.
Сонымен қатар, консультативтік секцияда облыстық кәсіподақ комитетінің заңгері Тарбаев Хамит Мұратұлы ұстаз мүддесі мен құқықтық қолдау мәселелерін көтеріп, еңбек заңнамасына сәйкес түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Форум қорытындысында нақты ұсыныстар мен шешімдер қабылданды.
Бұл форум – мектеп басшылары үшін тәжірибе алмасу алаңы ғана емес,
- жаңа идеялар генераторы,
- дерекке негізделген басқарудың практикалық мектебі,
- серіктестік мәдениетін нығайтатын маңызды қадам болды.
Заманауи директор – тек әкімші емес, ол стратег, талдаушы, көшбасшы және өзгеріс бастамашысы.
Осындай мазмұнды кездесулер білім сапасын арттыруға және басқару мәдениетін жаңғыртуға серпін береді деп сенеміз.

















