ӘЛЕМГЕ АТЫ МӘШҺҮР БАБА
АЛТАЙДАН ТАРАҒАН ТҮГЕЛ ТҮРКІНІҢ КИЕСІ, ҚОБЫЗДЫҢ ИЕСІ, ОРТАҚ МИФ ПЕН ФОЛЬКЛОРДЫҢ АТАСЫ САНАЛАТЫН ҚОРҚЫТ АТА МҰРАСЫ АДАМЗАТ ТАРИХЫНДА АЙРЫҚША ІЗ ҚАЛДЫРҒАН ҚҰБЫЛЫС РЕТІНДЕ ТАНЫМАЛ. ҚОРҚЫТ АТА ТУРАЛЫ АҢЫЗДАР БЕРІСІ ОҒЫЗҚЫПШАҚ ДӘУІРІНІҢ, ӘРІСІ ЖАЛПЫ АДАМЗАТТЫҚ, ЯҒНИ ДҮНИЕНІҢ ЖАРАТЫЛУ АКТІСІ ТУРАЛЫ ТҮСІНІКТЕРДІҢ ЖЕМІСІ. ҚАЗАҚ АҢЫЗДАРЫНДА ҚОРҚЫТ ТЕК БАҚСЫ ҒАНА ЕМЕС, АСТЫНДАҒЫ ЖЕЛМАЯСЫН СОЙЫП, ТЕРІСІН ҚОБЫЗЫНА ШАНАҚ ЕТКЕН КҮЙ АТАСЫ.
Бүкіл түркі тілдес елдердің ұлы бабасы Қорқыт ата – атақты жырау, қобызшы, келер күнді болжайтын көріпкел бақсы, артына өшпес мұра қалдырған тарихи тұлға. Бабаның туған жері Сырдың жағасындағы Жанкент қаласы, ал мәңгілік жай тапқан топырағы Қармақшы ауданы, Қорқыт бекеті.
Сыр бойында сақталған қазақ аңыздарында Қорқыт атаның дүниеге келуін былайша баяндайды. Анасы Қорқытты құрсағында үш жыл, тоғыз күн көтеріп жүріпті. Жылда толғақ қысады, бірақ дүниеге перзент келмейді. Үш жылдан астам бебеу қаққан байғұс ана ақыры толғақ қысып, дүниеге нәресте келеді. Дәл Қорқыт туылатын күні жер-дүние алай-дүлей болып, аспанды қара бұлт торлап, қатты дауыл соғады. Жұрт ақырзаман болған екен деп қатты қорқады. Дүниеге шыр етіп сәби келгенде дауыл да басылып, бұлт та тарап, табиғат мамыражай күйге түседі. Бүкіл аймақтағы адамдарға үрей сыйлап дүниеге келген сәбидің атын «бәрімізді қорқытып келген бала» деп Қорқыт қойған дейді.
Ел аузындағы аңыздарда Қорқыт ата өзінің жүйрік желмаясына мініп алып, халқына мәңгі жасайтын жерұйық іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші, өлім дегенді білмейтін ғажайып қайсар жан ретінде суреттеледі. Әйтсе де ол өмірінің соңында «өлмейтін нәрсе жоқ екен» деген пікірге келеді. Осыдан соң Қорқыт ата мәңгілік өмірді қобыз сарынынан іздейді. Шынында да, атақты әулие, ұлы күйші әрі жырау өзі іздеген мәңгілік өмірін өнерден табады.
Аңыздың келесі бір нұсқасында ажал оның суға жайған кілемімен бірге қарақұрт бейнесінде ілесе келіп, шағып өлтірген делінеді. Бірақ Қорқыт өлгенімен, оның ұзақ заман тартқан қобызының күйлері тоқталмапты. Қорқыттың қобызын моласына бірге қойған екен, Тәңірінің құдіретімен қобыз өзінен-өзі мұңды күй шертіп, Қорқыттың өзі тартқандай сарнап тұратын болыпты. Ертелі-кеш баба күмбезінің қасынан өткенде қобыздың сарнаған дауысынан «Қорқыт-Қорқыт» деген мұңды үн үзілмей шығып тұрады екен.
Қобыз – күй атасы атанған Қорқыт бейнесінің ажырамас бөлігі. Ол әлемге қобызды және қобыз сарынын алып келді деп саналады. Бүгінгі ыспалы аспаптардың көпшілігі Қорқыт қобызынан бастау алатындығы дәлелденген шындық. Қорқыттың қобызды иеленуі жайындағы аңыздың бірі мынадай. Бір күні Қорқытты ақсақалды әулие шал оятып: «Сен бір аспап жаса, аспабың алты жасар нар атанның жілігіндей болсын, шанағы қарабақырдай болсын, көні аруананың бауыр терісінен болсын, тиегі ортекенің мүйізінен болсын, ішегі бесті айғырдың құйрығынан болсын. Аспабыңның аты қобыз болсын» депті. Қорқыт әлгі әулие қарттың айтқан барлық шартын орындап қобыз жасап, оны қолына алып тартып көргенде қара қобыз күңірене күй төгіпті.
Қорқыт ата туралы аңыз-әпсаналар туысқан түрік, Әзірбайжан, түркімен, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, татар халықтары арасында сақталған. Даңқты жыраудың өмірі мен мұрасын зерттеуде әсіресе, түрік, Әзірбайжан, түркімен, қазақ ғалымдары айрықша еңбек сіңіріп келеді. Сонымен бірге, бауырлас Түркия мемлекетінің Байбұрт қаласында Қорқыт атаның мазары, Анкара, Стамбұл, Байбұрт, Адана қалаларында Қорқыт ата есімімен көше атауы және Әзірбайжан мемлекетінің Дербент қаласында Қорқыт ата мазары мен Баку қаласында «Қорқыт ата» ұлттық қоры бар екенін айтуға болады. Соңғы жылдары Қорқыт ата тұлғасына өзбек, қырғыз зерттеушілері де назар аудара бастады.
Әлемге аты мәшһүр Қорқыт ата мемориалды кешені Қармақшы ауданының солтүстік-батысындағы 18 шақырым жердегі Қорқыт станциясына жақын табиғи төбе үстінде орналасқан. Коммунистік партия кезеңіндегі аудан басшысы Елеу Көшербаев осы кешенді тұрғызуға ерекше ықпал жасаған. Соның нәтижесінде кешен құрылысы 1980 жылы архитектор Бек Ибраев пен физик-акустик Совет Исатаевтың жобасымен басталған. Белгілі архитектор Бек Ибраевтың жобасы бойынша жасалған мемориалды кешен жоғарыдан қарағанда қобыздың бейнесін бейнелейді. Кешен аумағында орнатылған қобыз ескерткіші төрт элементтен тұрады. Әрбір стела әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стелалар қобыз бейнесін көрсетеді. Оның түйісер түбіндегі орталығында 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады.
Ғасырлар бойы адамзатқа өзінің тарихи құндылығымен есте қалған Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне кіргені баршамызға мәлім. Сонымен қатар, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қорқыт ата кешені «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» тізіміне енгені белгілі.
Бүгінде Қорқыт ата мұраларын әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен 2006 жылдан бастап үш жылда бір рет дәстүрлі түрде «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі ұйымдастырылып тұрады.
Тарихы таңбаланған сан ғасырлық Қорқыт ата мұраларын сақтау, бағалау келер күнге жеткізу міндетіміз. Осыған орай, баба кешенінің бүгінгі архитектуралық кесенесін әлемге таныту, оны дүниежүзілік туристік орталыққа айналдыра отырып, әлемнің түкпір-түкпірінен Сыр еліне келген қонақтарға кеңінен насихаттау үшін көптеген жұмыстар атқарылуда.
А.БЕРМАХАНОВА,
Қорқыт ата мемориалды музейінің қызметкері

















