ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ПЕН БАЛА ҚИЯЛЫНЫҢ ТОҒЫСЫ
Қазақ халқы үшін ертегі жай ғана қиял-ғажайып оқиға емес, ұрпақ тәрбиесінің алтын арқауы, ұлттық дүниетанымның айнасы. Осы асыл мұраны жас буынның бойына сіңіру, олардың шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында Оқушылар үйінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Ертегілер әлеміне саяхат» атты сахналық қойылымдар байқауы өтті. Бұл іс-шара аудан көлеміндегі оқушылардың өнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, қазақ халық ертегілерінің тәрбиелік маңызын кеңінен насихаттауға бағытталды.
Байқаудың негізгі мақсаты – оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту, сахналық мәдениетін қалыптастыру, актерлік қабілеттерін шыңдау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Сонымен қатар, ертегі арқылы бала бойына адамгершілік, еңбекқорлық, адалдық, батырлық пен мейірімділік сияқты қасиеттерді сіңіру.
Ұйымдастырушылар «Жылдам оқу» үйірмесінің жетекшісі Гаухар Байдабаева мен «Қызықты математика» үйірмесінің жетекшісі Рада Жахановалардың айтуынша, бүгінгі ақпараттық технология дамыған заманда балалардың кітапқа, соның ішінде халық ауыз әдебиетіне деген қызығушылығы бәсеңдеп бара жатқаны жасырын емес. Осындай байқаулар арқылы жас ұрпақтың рухани әлемін байытып, ұлттық сана-сезімін ояту – уақыт талабы.
Байқауға аудан мектептерінен 10-15 жас аралығындағы оқушылардан құралған 10 топ қатысып, қазақ халық ертегілерінен алынған үзінділер бойынша сахналық қойылымдарын ұсынды. Қатысушылар «Жақсылық пен жамандық», «Мұрагер», «Жалқау», «Алдар көсе», «Таза бұлақ», «Шалқан» сынды кеңінен танымал ертегілерді сахналап, көрерменге ой саларлық қойылымдар көрсетті.
Әрбір қойылымда балалар ертегі кейіпкерлерінің мінезін, болмысын ашуға тырысып, сахнада еркін қимылдап, өз рөлдерін шынайы сомдай білді. Ұлттық нақыштағы киім үлгілері мен сахналық безендіру көрерменді ертегілер әлеміне жетеледі.
Байқау барысында қатысушылардың актерлік шеберлігі, сахналық тіл мәдениеті, дауыс ырғағы, қимылқозғалысы, топтық жұмыс үйлесімділігі ерекше назарға алынды. Көптеген қойылымдарда балалардың сөзді анық айтуы, эмоцияны жеткізе білуі, сахнада өзін еркін ұстауы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Байқауға аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Мағауия Әлиев, Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің мәдени демалыс кешенінің меңгерушісі Мадияр Махамбетұлы төрелік етті. Олар таңдалған ертегіге сай киім үлгісі мен көркемдік безендіруге, сахна мәдениеті мен қойылымның тұтастығына мән берді. Әрбір қойылым жан-жақты талданып, балалардың еңбегі әділ бағаланды. Қазылар алқасы мұндай байқаулардың жас өнерпаздар үшін үлкен тәжірибе алаңы екенін атап өтті.
Байқау қорытындысы бойынша №28 мектептің командасы үздік деп танылды. Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар аудандық білім бөлімінің дипломдары мен алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл марапаттар жас өнерпаздарға үлкен шабыт беріп, алдағы уақытта шығармашылықпен айналысуға ынталандырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта мұндай мәдени-танымдық байқаулар жалғасын табады.
Қазақ халық ертегілері – ғасырлар бойы жинақталған рухани қазына. Оны жас ұрпақтың санасына сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз. «Ертегілер әлеміне саяхат» байқауы осы мақсатқа қызмет етіп, ұлттық мұрамызды ұлықтауға өзіндік үлесін қосты. Ертегілер арқылы балалар жақсылық пен жамандықты ажыратып, әділдікке, батылдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиеленеді. Сонымен қатар, топ болып жұмыс істеу, бір-бірін тыңдау ортақ мақсатқа ұмтылу сияқты дағдылар қалыптасады.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА

















