» » УАҚЫТПЕН ҮНДЕСЕ БІЛГЕНАЗАМАТ

УАҚЫТПЕН ҮНДЕСЕ БІЛГЕНАЗАМАТ

Біз сөз еткелі отырған Басшыбаев Мусахан Айтбайұлының Қармақшы аудандық оқу бөлімінің басшылығына тағайындалған кезі – 1987 жылдың көктемі болатын. Оқу жылының үш тоқсаны таусылған. Бұған дейін бөлімде мектеп инспекторы болған мен бұрынғы басшымыздың өткен жылы шілде айында басқа жұмысқа ауысуына байланысты 9 ай бойы бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы болып келгенмін.
Бұл кез 1984 жылғы Кеңес Одағы коммунистік партиясы Орталық Комитеттің қаулысына сәйкес «мектеп реформасын» жүзеге асыру мақсатында ағарту саласында болып жатқан үлкен қарбаластың уақыты еді. Аудандағы барлық мектеп ғимараттарына жалғастырып, кейбір мектептердің жанынан қосымша 4 бөлмелік құрылыстар салынды. Олар оқу бөлмесі, ойын бөлмесі, жататын бөлме, асхана деп аталды. Бұл бөлмелерге реформа талабы бойынша мектептің бірінші сыныбына алты жасынан баратын балалар қабылданды. Оларға мектептегі ұстаздар қатарынан білікті мұғалім, тәжірибелі тәрбиешілерді іріктеп, мамандандыру барлық деңгейде оқу бөлімдеріне тапсырылды. Сол жылдары оқытушысы бар тәрбиеленушілері бар, техникалық қызмет көрсететіндері бар, әлгі төрт бөлменің айналасында жүргендердің барлығы біздің жалпақ тілімізбен «алты жасар» атанып кетті.
Мектептердің оқу-материалдық базасын жақсарту ісіне елді мекендерде сол жердегі шаруашылық басшылары, Жосалы кентінің орталығындағы мектептерде механикалық зауыт, астық қабылдау мекемесі, автобаза сияқты өндіріс орындары «шефтік мекеме» ретінде белгіленді. Осы ретпен пионер үйі, спорт мектебі сияқты мектептен тыс мекемелер мен мектеп жанындағы интернаттар, балабақшаларға да аудан мекемелері, шаруашылықтар тарапынан көмек қолы созылды.
Жалпыға бірдей міндетті оқу заңына сәйкес әлсіз отбасы балаларын жылы киіммен қамтамасыз ету, бастауыш сыныпта оқитын балалардың ыстық тамағын ұйымдастыру, мектеп жасындағы балалардың мектепке тартылмай қалуын болдырмау сияқты толып жатқан жұмыстар аудандағы ағарту саласы мекемелеріне ғана емес, аудандық партия комитетіндегі, Халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетіндегі үлкен басшыларға да тегтеп тұрып қатаң тапсырылды.
Себебі бұл кезде жұмыстың қай саласы болса да облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әуелбеков Еркін Нұржанұлының қырағы көзімен қалт жіберілмейтін қатаң бақылау орнаған еді.
Тап осы кезде ауданның ағарту саласының тізгінін ұстаған Мусаханға бұл жұмыстардың бәрі етене таныс, бұрыннан жанына жақын істер болатын. Аудандық оқу бөлімінде физика, математика пәндері бойынша әдіскер болған, Энгельс атындағы ірі шаруашылықтағы №107 мектептің директоры болған ол оқу бөліміне басшы боп келген алғашқы күннен-ақ әр істің атымын тауып, іскерлігімен елге таныла бастады. Аудандағы қаржы саласын басқарып отырған Әбділәмит Сыдықов, денсаулық сақтау саласындағы Әлиасқар Омаров, банк басшысы Піртаза Қалиев сияқты ағаларымен қойын-қолтық араласып, аудан өмірінің қоғамдық-әлеуметтік дамуына да зор үлес қосты.
1986 жылғы желтоқсан оқиғасының толқынымен келген жаңа леп – қазақтың ұлттық мерекесі – «Наурыз тойы» 1988- 1989 жылдары айрықша атап өтіле бастады. Халқымыздың жүрек түкпірінде тұншығып жатқан салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрыптарымызға жан кіргізу әрбір азаматтың бойына дуылдаған қан жүгіртіп, жұрттың көңіл күйі, аңсар-ахуалы жаңа арнамен өрбіді. Мұндайда қай жерде де ағарту саласының азаматтары көш бастап, өз ісіне жаңа серпін, ерекше екпін беруі заңды құбылыс. Тап осы кезде Мусаханның басшылығымен ұйымдасқан аудандағы «Әжелер ансамблі» еліміздегі осындай өнер ұйымдарының алғашқыларының бірі болып жарқырай көрінді де, бүгінгі күнге дейін алған асулары мен шыққан биігінен төмендеген жоқ.
Осыған орай, өткен жылы сәуір айының 16-сы күні аудандық ардагерлер кеңесінің Мусаханның ауданға келген сапарын пайдаланып, «Руханият» орталығында «Әжелер ансамблінің» бүгінгі құрамымен мазмұнды кездесу өткізгенін айта кетуіміз керек. Өзі ұйымдастырған өнерпаздар тобымен 35 жылдан кейінгі жүздесу Мусекеңнің де бойында әсерлі із қалдырғаны анық.
Иә, сексенінші жылдардың аяқ жағында мектептерде өзінөзі қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды өмірге ендіру жолында жаңа қадамдар жасалды. Оқушылардың ыстық тамағын ұйымдастыруда, олардың каникул кезіндегі мазмұнды демалыстарын ұйымдастыруда мектеп басшыларына өздері тұрған жердің жағдайына қарап, түрлі ізденістер жасап, нәтижелі істерге қол жеткізу талабы қойылды. Ақжар шаруашылығы басшысы Жарылқасын Байсаловтың қолдауымен Мұрсал Әбдіқасов басқаратын №28 орта мектеп жанынан кіші сауын фермасы ашылып, бастауыш сынып оқушыларын ыстық сүтпен қамту мәселесі шешілді. Энгельс колхозының төрағасы Кәрімберді Жақановтың қолдауымен №107 мектеп директоры Мұқан Жәлімбетов мектеп жанынан оқушылардың жазғы еңбек тынығу лагерін салды. Тап осы жылы Октябрь шаруашылығы орталығындағы құрылысы созылыңқырап тұрған мектеп ғимараты әскерилердің көмегімен №106 мектепке пайдалануға берілді.
Ауданда болып жатқан осындай жұмыс тәжірибелерін кеңінен таныстыру мақсатында 1991 жылдың көктемінде ауданда Оқу бөлімдері басшыларының қатысуымен «Оқушыларды еңбекке баулу, еңбек тынығу және спорттық лагерьлерді ұйымдастыру» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті. Семинарға Қазақстан Республикасы Оқу министрінің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаев қатысып, семинар қорытындысында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берілді.
Соның да нәтижесі болар осыдан аз ғана уақыт кейін республиканың Оқу министрі Ш.Шаяхметов Мусаханды министрліктің орта мектеп Бас басқармасының басшысы қызметіне шақырғаны бар. Алайда, ол кезде Алматыдай қаладан пәтер кезегімен үй алу жағдайы өте қиын еді. Әрі десе, ұлының жанынан ұзамағанын жақсы көрген Айтбай ақсақал мен Мамық анасының көңілін де қимай жоғары қызмет ұсынған азаматтарға шын көңілімен рақметін айтқан.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бүкіл еліміздегі сияқты аудан өмірінің барлық саласында жүрген азаматтарға еркіндік қуанышымен бірге үлкен сынағын да ала келді. Ол шаруашылық, өндіріс, өнеркәсіп, құрылыс, тағы басқа демей жалпы экономикамызға дендеп ене бастаған нарықтық қатынастардың орнауымен тікелей байланысты еді. Феодализм, капитализм, социализм, коммунизм – деп, саяси сабақтарда сартылдатып, дәуір-дәуірімен шағып тұратын «теоретиктердің» өзі бұл жүйенің қандай «измге» жататынын түсінбей, алғашқыда абдырап-ақ қалды.
Сауда саласының сансырап, дүкен сөрелерінің бос қалуы, бір шелек жанармайдың бір қойға, бір бөшкесінің бір баспаққа айырбасталуы мал шаруашылығын тұралатып тастады. Осындай күйді егінмен айналысатын шаруашылықтар да басынан кешірді. Тіпті, экономикадағы жаңа үдерістердің алға тартқан бірсыпыра қиындықтарынан Энгельс, Ақтөбе ІІІ Интернационал, ұжымшарлары мен Ақжар, ақын Тұрмағамбет атауын енді алған Ленин кеңшарлары сияқты ірі шаруашылықтар да айналып өте алмады. Сабақ өткізу кезінде жаңа технология жетістіктерін пайдалану мүмкіндігі азайғаны аз болғандай, электр энергиясының тұрақсыздығынан мектептерде жарық, жылу болмай қалған кездер болды. Ұят та болса айтайық, «машинаның орнына ат арба пайдалан», «көмірдің орнына жыңғыл не қойдың көңін жақ» деген тапсырмалар жоғарыдан да келген кездері болды.
Шаруашылықтар осылай болып жатқанда аудан орталығындағы мектептерге шефтік көмек көрсетеді деген өндіріс, өнеркәсіп мекемелерінің өзіне де «шефтік көмек» керек болып қалғаны бүгінгі күні ешкімнен жасырын емес…
Жайшылықта көңілі көлдей, қажет кезінде өзге түгіл өзіне де дамыл таптырмайтын сұңғыла басшы кездескен бұл қиыншылықтардың да алға тартқан сұрақтарына да қолмақол жауап тауып, алыс-жақын мектептердің жұмысын бір сәт тоқтатқан жоқ. Мектеп басшыларына мектептің шаруашылық саласындағы қиындықтарды бірге жеңу, оқу-тәрбие жұмыстарында уақыт талабына сай өмірге еніп жатқан жаңа бағдарламаларға сай ізденісті жұмыстар жасауға баса назар аудару туралы талаптар қойды.
Аудандағы механикаландырылған құрылыс мекемелердің басшылары Әбдіраман Тұрғанов, Қаршыға Есдәулетов, Сақтапберген Медеуов, «Мұнайбаздың» бастығы Әбдібек Байбарақов, ауыл шаруашылығын электр энергиясымен қамтамасыз ететін мекеменің басшысы Асқар Мереков сияқты азаматтармен бірлесе жұмыс істеп, өздері тұрған аумақтағы мектептердің материалдық базасын жетілдіруге аз да болса көмек қолын созуына ықпал етті. Жаңа оқу жылына даярлық кезінде мектептерге қажетті құрылыс заттарын алу, техникаларын жанар-жағар маймен қамтамасыз ету, тағы басқа қажеттіліктерге байланысты осындай аудан мекемелерімен жұмыс жасау істің алға жылжуына біраз көмегін тигізді.
Үлкендеріне «аға» деді, қатарларына «Әбеке, Сәке» деді. Тек аудан басшыларының аузына қарап отыра бермей қатар азаматтармен тіл табысып жұмыс істеу дегеннің де нәтижесін көрді. Құрмет, ізет, ілтипат сияқты қазақы қасиеттің бәрі бойынан табылатын жас жігітті ақырында үлкен де, кіші де «Мусеке» деп атайтын болды. «Тар заманда жеген тарының дәмі ауыздан кетпейтіні сияқты» сол кездегі аудан азаматтарының бірбіріне деген ілтипатты қарым-қатынасы әлі күнге жалғасын табуда.
1996 жылдарға дейін аз уақыт аудан әкімінің орынбасары ретінде ауданның әлеуметтік саласын дамыту ісіне басшылық етіп, облыс әкімі аппаратына, одан Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшылығына ауысты. Облыс орталығында үлкенүлкен мекеме басшыларымен, белгілі қызметтер атқаратын жерлес азаматтармен сыйластықта жұмыс жасап, өзінің басшылық қызметтегі, ұйымдастырушылық жұмыстардағы қабілетін кеңінен аша түсті. Осыған сәйкес танымалдығы артып, аймаққа белгілі мемлекеттік қызметкердің бірінен саналды.
Білім беру ісі үнемі ізденісті, талпынысты қажет ететін сала ғой, Мусекең 1994 жылы Москва Халықаралық университетінде экономика мамандығы бойынша сырттай оқып, «экономист» мамандығына да ие болды. Алматы Философия институтының Ғылыми кеңесі алдында: «Қазақстан Республикасында білім беру саясатының қалыптасуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, Саяси ғылымдардың кандидаты атағына ие болды.
Ал Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының аппаратына ауысқан кездегі консультант, бас консультант, сектор меңгерушісі қызметіндегі жұмыстары оның ұйымдастырушылық қабілетімен қатар, шығармашылық қырын да аша түсті. Түрлі нормативтік құжаттар мен заң жобаларының мәтініне редакциялық сараптамалар жасау, орыс тілінде қабылданған заңның қазақша нұсқасын даярлау кезіндегі тілдік, мазмұндық ауытқулардың болмауына күш салды. Қабылданған құжаттың тілдік қолдану нормаларға сәйкес жазылуына баса назар аударды.
Зейнет жасына толып, мемлекеттік жұмыстан қағаберіс болғаннан кейін де өзін бір сәтте болса қоғам алдындағы жауапкершіліктен босатқан емес. Қайта зейнетке шыққаннан кейін жұмыс түрі көбейе бере ме, үйдегі немерелерге қараудан басқа да Астананың қарбалас тіршілігі таусылмайды. «Мынадай тақырыптағы жиынға қатыса аласыз ба?», «Мынадай тақырыпта өтілетін республикалық форумға Сізді спикер етіп белгілеп отыр едік», «Мынадай университетте мына тақырыпта халықаралық конференция бар еді» – деген сияқты хабарламалардан телефоны босап көрмепті.
Өткен жылдың қаңтар айында Алматы қаласында өткен Халықаралық цифрлық форумға, көктемге қарай Астана қаласында өткен халықаралық «Қазақстандағы сот төрелігі жүйесін тиімді ұйымдастыру: жетістіктер мен бастамалар» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысып, пікіралмасуларға белсене араласты.
Былтыр 30-31 қазанда Астанада «Цифрлық дәуірдегі мектеп білімі: басты трендтер мен талаптар» тақырыбында өткен «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының ХІV NIS Conference 2025 халықаралық конференциясына қатысып, ойларын ортаға салуға мүмкіндік алды.
«Қазақтың баласы неге мал соңында далада жүре беруі керек?», «Бүгінгі уақыт талабына ілесіп, техниканы игеру, жаңа технологияны меңгеру біздің ауыл жастарына жат па?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздеп, баспасөз беттері арқылы қоғамға ой тастайтын мақалалар да жариялап жүретіні бар. «Ұрпақ бойына ұлттық сана, отаншылдық рух қалыптастырып, олардың мектепте сапалы білім алуын, ғылымды игеруін балаларының құлағына жастай сіңіре беру жөнінде атааналарға жүйелі тақырыптық лекциялар да дайындап қойған.
Өткен жылы бір шаруаларының ретімен ауылға келгенде жастайынан шаршау дегеннің не екенін білмейтін Мусаханның жетпістің желкенін түрген шағында жастай өмірден озған бауырының баласына баспана тұрғызып берген кездегі әбжіл қимылдарын көріп, риза болғанымыз бар. Оның ағайынға, туысқанға деген мұндай қамқорлығы баршаға үлгі болуы керек деген ойға келдік.
Мақаланың тақырыбын «Уақытпен үндесе білген азамат» деп қоюға да себеп болған жайлар бар. Себебі барлық нәрсенің төрешісі – уақыт. Әрбір істеген ісіңнің ел есінде қаларқалмасын уақыт белгілейді. Сондықтан өмір сүріп отырған заманыңның өрі мен ылдиын айырып, соған сәйкес жұмыс жасаудың маңызы зор. «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» дегенде дана халқымыз уақытыңның қадірін біл деп отыр.
Мына бір цитатаны Мусекеңнің мамандығына сәйкес әдейі Альберт Эйнштейннен келтіргенді жөн көріп отырмын:
«Шын мәнінде уақыт – мүлдем біз ойлағандай нәрсе емес. Ол бір бағытта алға жылжып бара жатқан жоқ және болашақ өткен шақпен бір мезгілде болып жатыр» дейді ол кісі. Сондайақ ақтарып отырған қағаздарымның ішінен өзім авторын білмейтін: «Все думают что придет время, а время только уходит» деген даналықты оқысам-ақ Мусахан есіме түседі. Себебі ол қай уақытта да алтын уақытын жоғалтпаған адам, өмірінің әр кезеңін бағалай отырып, уақытын ұтымды пайдалана білген азамат.
Уақытпен бірге зырғып бара жатқанымыз рас. Жетпіс жасың құтты болсын, Мусеке! Отбасыңа бақыт, береке, бірлік тілеймін. Қалған уақытта жарың Манатпен терең сыйластықта болып, Алла тәтті ғып жаратқан немерелердің қызығына тоймай, қол ұстасып жүре беріңдер.
Айтпақшы, жетпіс – ер азаматтың нағыз кемеліне келіп, шаршысына толған шағы. Ел жүгін арқалаған Өзіңдей азаматтың алда атқарар істері аз болмаса керек! Сәттілік.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы
13 қаңтар 2026 ж. 57 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№3 (10471)

13 қаңтар 2026 ж.

№2 (10470)

10 қаңтар 2026 ж.

№1 (10469)

06 қаңтар 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 214
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 96

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031