Арал ауданының Жалаңаш ауылында 150 орындық мектеп пайдалануға берілді
Бүгін Арал ауданының Мергенсай ауылдық округіне қарасты Жалаңаш ауылында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен ауыл тұрғындарының қатысуымен 150 орындық мектептің ашылу рәсімі өтті.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты шәкірттердің жарқын болашағына қызмет ететін жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.“Өздеріңізге белгілі, «Түркістан» газетіне Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» тақырыбында кең көлемді сұхбаты жарияланды.
Сұхбатта Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңғыру жолында қарышты қадам басып, барынша өркениетті ел бола бастады. Қоғамда өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасау аса маңызды екені туралы нақты түсінік қалыптасты», -деп атап өтті.
Биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды дамытудың ұзақ жылдарға арналған
бағыт-бағдарын айқындайтын жыл болатынын жеткізді.
Біздің ең бірінші міндетіміз - балаларымыздың жан-жақты, сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру.
Бәсекеге қабілетті, заманның жаңа шақыртуларына дайын, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу - мемлекет алдындағы стратегиялық маңызды мәселе.
Аймағымыздың білім беру саласына 2022-2025 жылдары 1 трлн. 159 млрд. теңге бөлінді.
2022 жылдан бері 42 заманауи білім беру нысаны салынып, пайдалануға берілді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынып, ел игілігіне табысталды.
2023 жылдан бері 9 мектеп жанынан қосымша ғимарат бой көтеріп, үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
Баршаңызды жаңа мектептің ашылуымен құттықтаймын!
Бұл - жай ғана ғимараттардың салынуы емес, жаңа дәуірде білім алатын озат оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлау“,- деді Н.Нәлібаев.
Рәсімде тынымсыз еңбегімен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ел ағалары мен мектеп құрылысын салған “Бақ-береке” серіктестігі қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Аймақ басшысы мердігер мекеме ұжымына мектеп ғимаратын сапалы салып, мерзімінде аяқтағаны үшін алғыс білдірді.
Жұлдыз Сүлейменова еліміздің білім саласындағы жобаларға тоқталып, Сыр өңіріндегі серпінді жұмыстарды атап өтті.
“ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен “Келешек мектептері” жобасы жүзеге асуда. Ұлттық жоба аясында 217 мектеп салынды, сол мектептердің 84-і ауылдарда бой көтерді. Бүгін, міне Арал ауданының ең шалғай ауылында жаңа мектеп ашылды. “Келешек мектептерінің” стандартымен, халықаралық талаптарға сай салынған білім ордасы ауылға жеткенінің куәсі болдық. Мемлекет басшысының ұстаздарға деген қамқорлығы ерекше, соның арқасында мұғалімдердің қоғамдағы мәртебесі арта түсті. Бүгінде ұстаз мамандығы еліміздегі ең тартымды мамандықтардың біріне айналды”, -деді Оқу-ағарту министрі.
Сонымен қатар, Мұрат Әбенов тұрғындарды құттықтап, Мергенсай ауылдық округінің қоғамдастық кеңесінің төрағасы Әсемхан Әбілов бата берді.
Өткен жыл аралдық ағайындар үшін ерекше берекелі жыл болды. Маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға, әлеуметтік нысандар салуға бюджеттен 38 млрд. 740 млн. теңге қаржы бөлінді.
Бүгін жаңа білім ұясы ашылған Жалаңаш ауылы аудан орталығынан 60 шақырым қашықта орналасқан, мұнда 686 адам тұрады.Еске салайық, «Білімді қолдау қоры» арқылы облыс орталығында физика-математика бағытындағы «Білім-инновация»
лицей-интернаты ел игілігіне табысталды. Соңғы үш жылда
15 мектеп ғимараты күрделі жөнделген.
Президент тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылда өңірдегі 51 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.

















