» » КЕМЕЛ ОЙ ИЕСI

КЕМЕЛ ОЙ ИЕСI

Алаш ұлт-азаттық қозғалысы оң қанатының жетекшісі Мұстафа Шоқай кеңестік жүйе Түркістан Мұқтариятын құлатып, өз басына 1000 сом бәйге жариялағаннан соң түрлі тағдырмен Францияға жетіп, жиырма жылдан астам рақатынан қиыншылығы мол Парижде тұрақтады. Енді Түркістан үшін күресті қабілеттің күшімен, қаламның ұшымен жалғастырды.
Саяси қызмет үстінде сан түрлі талай қайраткерлермен қарым-қатынасқа түсіп, кейде əділеттілік үшін айтысқа да барған, көзбен көргені де, ойға түйгені де мол, түркі тектес эмигранттардың кемел көсемі ғана емес, түйінді сөздің шешені де болды. Бұған энциклопедиялық білімдар тұлғаның Кеңес үкіметінің ұлттық саясаты, Түркістанның азаттығы үшін күрес, ұлтшылдық, шовинизм, автономия, тəуелсіз ұлттық мемлекет, олардың мəні мен мазмұны, оларға жетудің амалдары мен жолдары, қоғамдағы саяси қайраткерлер мен зиялы қауымның орны, оларға қойылатын талап-тілектер тағы басқа тақырыптар туралы саяси-əлеуметтік ой-тұжырымдары мен нақыл сөздері толық дəлел бола алады.
Мұстафа Шоқай Түркістан азаттығы үшін күрестің жалынды туына айналған, 1929 жылдың аяғында дүниеге келген «Яш Түркістан» журналының тұңғыш санында жарияланған «Біздің жол» атты мақаласында былай деп жазды: «Біз, Түркістан тəуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін жəне жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ жəне бұдан соң да болмайды». Бұл ойларын әрі қарай жетілдіріле, дамытыла түсіп: «Большевиктер «Түркістан республикалары түрі – ұлттық, мазмұны – пролетарлық деседі. Ал біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деп тұжырымдалды.
Осы аса қасиетті ұлттық мемлекет тура­лы мұратты Мұстафа Шоқай 1936 жылы Берлин радиосынан Түркістан жастарына арналған сөзінде былайша керемет бейнеленген болатын: «Біздің құбыламыз – өзіміздің ата-жұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бəрімізге бір мақсат, бір мұхаббату əзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек! Түрік халқы – батыр халық, түрік халқы – арыстан, ер халық». Сол себепті қайсар күрескер: «Біздің күресіміз ең алдымен атамекеніміздегі орыс пролетариаты үстемдігіне қарсы бағытталады. Большевиктер өзара айтысып, қырқыса берсін. Біз оларды бір жаққа қоя тұрып, бəрінен бұрын өзіміздің шын мəніндегі тəуелсіздігіміз үшін күресе беруге тиіспіз», – деп түйіндеді.
Мұндай қажеттілік неден туды деген сұрақтың болуы заңды. Мұстафа Шоқай бұған да барынша толық жəне жан-жақты жауап берді. Большевиктер орнатқан Кеңес үкіметінің ұлттық саясатының өзіндік сипатымен себептерін, негізгі мақсатын терең түсінген саясаткер «Сейдолла Қасымның соты» атты еңбегінде: «Кеңес үкіметінің «ұлттық саясаты» басынан аяғына дейін ұлттық езу, қанау саясаты. Түркістандағы «ұлттық республикалар» дегеніміз – «сырты жылтырап, іші қалтырап тұрған» мəнсіз, мағынасыз бірдеңелер екенін Кеңес баспа сөзінің өзі де теріске шығаруға дəрменсіз», – деп жазды. Ал «Орыс тепкісіндегі Түркістанның ұлттық қозғалыстарынан. Жеңілмес ұлтшылдық» атты мақалада «Дүние жүзінде Түркістаннан басқа да көптеген елдер бар. Ол жерлерде де үстем ұлттың озбырлығынан жəбір шеккендер аз емес. Алайда дəл орыстың отаршылдық саясатындай сұмдықтарды тарих əлі көрген жоқ», – деп Ресей отарлығының өзгеден ерекшелігін ашып көрсетті.
Осындай үстемдіктің, езушіліктің түрлі себептерінен Кеңес үкіметі тепкісіндегі халықтардың арасында толассыз бас көтеріп келе жатқан бір халық болса, ол – біздің түркістандықтар екеніне шүбə болмауы керектігін Мұстафа Шоқай «Көтерілістен – ұйымшылдыққа (Көтерілістен – ұйымға)» деген мақаласында атап көрсете отырып: «Оған себеп – Түркістандағы орыс большевиктерінің əдеттен тыс езуі мен қанауы, қатыгездігі болып отыр. Түркістан орыс большевиктерінің жекелеген саясатына ғана қарсы күресіп жатқан жоқ, «орыс пролетарлары билігінің» тұтас жүйесіне қарсы күресіп келеді» деді. Өйткені патшалық биліктің мұрагері орыс пролетариатының диктатурасы Түркістан халқын қараңғылық пен надандықта ұстауға, материалдық жəне рухани салада əлсіретуге барын салған еді. Мұны Мұстафа Шоқай: «Біз енді патшалық биліктің мұрагері орыс пролетариат диктатурасының тепкісіне түсіп қалдық... Бұған ең алдымен, əрине, патшалық тəртіп, оның отаршылдық саясаты кінəлі. Патшалық отаршылдық саясат басқа ешбір жерде дəл Түркістандағыдай қатыгез болмағанын да естен шығармаған жөн», – деп бағалаған болатын. Мұның барлығы большевиктердің ұлттық саясатынан туындады. Жəне бұл саясаттың табиғатына екіжүзділік тəн еді. Өйткені екіжүзділік большевиктердің жөргегінде дүниеге келген болатын.
Большевиктердің мұндай өз саясатын тұрақты өзгертіп, «жетілдіріп» отыратынын əсте назардан тыс қалдырмаған, бұл олардың жұмыс стилі екенін жақсы білген Мұстафа Шоқай: «Аз да болса ойлау қабілеті бар жəне адамдық қадір-қасиетін жоғалтпаған əрбір адам өз халқының тағдыры хақында бас қатырмастан, орыс найзасының ұшымен жүргізіліп жатқан «екі беткей» ұлттық саясаттың ырқында кете бермейді. Ресейде бұрынғы патшалық орыстар, қазіргі қызыл большевик тарапынан жүргізіліп келген жəне жүргізіліп жатқан отаршыл ұлттық саясаттан басқа, қайдағы бір лениндік ұлт саясат деп аталатын, «шапағатты саясат» бар деп дəлелдеу үшін, ол адам ар-ұяттан біржола безген болуы керек» деді. Мұстафа Шоқай тəуелсіздік үшін күрестің стратегиялық мұратын айқындап қоймай, оған жетудің тактикалық жолдары мен амалтəсілдерін көрсеткен болатын. 1930 жылы жазылған «Көтерілістен – ұйымшылдыққа» (Көтерілістен – ұйымға) атты мақаласында сол кездегі өзара байланысы жоқ жекелеген бытыраңқы көтерілістермен большевиктер тепкісінде жатқан Түркістанды азат етудің мүмкін еместігін, ұлттық қозғалыс тарихы екінші кезеңге шыққанын, соған сəйкес оның міндеттерін былайша атап көрсетті: «Ең алдымен барлық күштерді бір мықты саяси ұйымның маңына топтастыру керек. «Түркістан ұлттық бірлігінің» бірінші кезектегі міндеті жəне таяу арадағы мақсаты: 1) Түркістанды орыс пролетариаты үстемдігінен құтқару; 2) Түркістанда орыстың кез келген үстемдігінің орнауына жол бермеу; 3) Бəрінен бұрын ұлттық, тəуелсіз Түркістан мемлекетін құру болып табылады». Бұл мақсаттарға жетудің басты жолы да аталды: «Біздің ұлтты құтқару жолындағы күресімізде табыстарға жетуіміз бен өз тағдырымызды өз қолымызға алуымыз ұлтымыздың ауызбірлігіне байланысты. Оған біздің ұлтымыз шаруаның жерге болған мүдделігіндей мүдделілік танытуы керек». Осы идеялар «Ұлттық еркіндік жəне азаттық жолы» деген еңбекте кеңейтіле, байытыла түсті: «Бізді азаттыққа жəне тəуелсіздікке бастайтын ең төте жəне ең қысқа жол – Түркістан ұлттық майданының ішкі бірлігін барынша нығайту жəне оны ұлт-азаттық жолында күресіп жатқан басқа халықтардың ұлттық орталықтарымен тығыз үйлестіру. Бұлай болмаған жағдайда азаттық пен бостандық туралы сөз болуы мүмкін емес».
1931 жылы жарық көрген «Алған бағытымыз айқын болсын» деген мақаласында Мұстафа Шоқай: «Біздің атамекеніміз тұрғындарында ұлт-азаттық мұраттарымыз хақында ерекше насихат жүргізудің зəрулігі жоқ десе де болады», – деп өздерінің ұлттық азаттығы жолында күресіп жатқан халықтар арасында Ресей түріктерінің айрықша орын алатынын атап көрсеткен болатын. Алайда ұлттық жаудың тым күшті екенін, сондықтан миллиондаған халқы бар Ресеймен күресте жеңіске жеткізетін ең тура, ең сенімді жолдар мен тəсілдерді тағы да таңдап ала білуді ұсынып: «Біз тек ЕділОрал, Қырым, Əзірбайжан қатарлы өз бауырларымызбен ғана тығыз байланыста болып қоймай, Кавказ халықтары, Украина жəне орыс казактарының тəуелсіз мемлекет құру жолына түскен бөлігімен ұйымдық тұрғыдан да, жеке тұрғыдан да тығыз байланыстар орнатуымыз қажет».
Мұстафа Шоқай «Жауларымыз біздің қызметтеріміз туралы не айтады?» деген мақаласында соңғы кездері Түркістандағы большевик ақпарат құралдары ғана емес, Мəскеу баспасөзінің де шабуылды күшейткені туралы жазып, оларға мынандай ұстаным ұсынды: «Біз, əрине, өзіміздің атамекеніміз Түркістанды кеңестік Ресейден де, басқа Ресейден де біржола бөліп алуды мақсат етеміз. Бұл – біздің ұлттық мұратымыз, ұлттық арман-мүддеміз. Біз тек осы идея үшін қызмет етеміз». Бұл ойлар Мұстафа Шоқай «Түркістан ақындарынан» атты мақаласында Анадолы түріктеріне арнаған «Алыстағы бауырыма» атты өлеңінде қайталанды. Мағжан Жұмабаевтың: «Құл боп тұру біздің атымызға лайық па?!» деген сұрағына мынандай жауап жазылды: «Жоқ, мүлде лайық емес. Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз. Мəскеудің «азабынан» құтылып, ұлт азаттығымызға тезірек жеткізетін бірден-бір дұрыс жол – түрікшілік жолы». 1932 жылдың 10 маусымында «Социалистік Қазақстан» газетінде басылған бұрынғы алашордашылар Мұхтар Əуезов пен Ғалымхан Ермекұлының өз қателіктерін мойындаған хаттары туралы жазылған «Тəубеге келген «Алашордашылар» атты мақала: «Біздің ұлттық мұратымыз – азат жəне тəуелсіз ұлттық Түркістан мұраты – жеке адамдардың əлсіздігі мен Мəскеу диктатурасының террорлығына қарамастан жасай беретін болады. Жəне біз оған, сөзсіз, сенеміз», – деген сөздермен аяқталған.
Осыдан соң ұлттық тəуелсіздікке жетудің жолы қарастырылған «Желтоқсан естеліктері» атты еңбегінде: «Біздің саяси жəне ұлттық азаттығымыз, ең алдымен, біздің өз ісіміз. Біз осы ұлы мақсатқа өз ішіміздегі ынтымақты күшейте отырып, біздер сияқты ұлтының азаттығы жолында күресіп жатқан басқа да ұлттар тізе қоса қимылдағанда ғана тезірек жете алатын боламыз», – деп жазды. Бұл ұйымдасқан азаттық үшін күрес мұраты келесі «Түркістан туралы француз тілінде жарияланған бір мақала» атты еңбекте былайша айқындалды: «Біздің ұлттық талаптарымыз – Түркістанды жат жұрттықтардың тепкісінен біржола құтқарып, өз тəуелсіздігімізді өз қолымызға алып, ұлттық мемлекетімізді құру. Большевиктерге қарсы жүргізіп жатқан күрестеріміз – біздің сол мақсатқа жету жолындағы ісқимылдарымыз бен тəсілдеріміз болып табылады». Орыс империализміне қарсы күресте түркістандықтардың жалғыз емес екенін, сондықтан оны ниеттестермен бірге ұйымдастырудың аса қажеттігіне ерекше мəн беріп, күрес алаңын кеңейте түсу мəселелері Мұстафа Шоқайдың «Шептерімізді нығайтайық» жəне «Шептерімізді бірлестіру хақында» атты мақалалардың да негізгі өзегі болды. Алғашқы мақалада: «Ашығын айтқанда, өздерінің тəуелсіздігі жолында күресіп жатқан Түркістан, Кавказ, Еділ-Орал, Қырым жəне казактардың жеке-жеке əрекетінен пəлендей бір нəтиже шықпайды. Барлық күшімізді біріктіріп, бірлескен шеп жəне бірлескен бір тəуелсіз орталық құруымыз лазым...», – деп жазылды. Бұдан ары ұлттық ұйымдардың бытыраңқы, араларында жүйелі байланыстың жоқтығын, сол себепті іс-қимылды біріктіру жөнінде мықтап ойланатын уақыттың келгенін, барлық күштерді біріктіріп, бір мықты орталық құрудың қажеттігін атап көрсете отырып, Мұстафа Шоқай ойын: «Іс-қимылымызды біріктіру жөнінде мықтап ойланатын уақыт келді. Біздер – Кавказ, Украина, Түркістан, Еділ-Орал, Қырым жəне егеменшіл казактар – күштерімізді біріктіріп, бір мықты орталық құруымыз тиіс. Бұл орталыққа біріккен əрбір ұлттық ұйым өз дербестігін сақтай отырып, сонымен қатар орыстың большевиктік немесе большевиктік емес империалистеріне қарсы күресте біздің ұлттық бірлігімізді қамтамасыз ететін болады», – деп түйіндеді.
Мұстафа Шоқай «Шептерімізді бірлестіру хақында» атты мақалада осыдан бұрын айтылған шептерді нығайтуға байланысты идеяны тəуелсіздік жолында күресіп жүрген дос басылымдардың қатты сүйсініп, қолдау көрсетіп жатқанын айта келе: «Біздің бастан кешірген қасіретті күндерімізде болашақ үшін тағылым боларлық ғибратты сабақтар мол. Қазір бəріміздің бір ғана ортақ мақсатымыз бар. Ол – тəуелсіз ұлттық мемлекет құру» деген болатын. Бұл бағытта кешегі автономияшыл татарлар, башқұрттар жəне түркістандықтар Кавказ жəне Украиналармен бірге «ең соңғы мəреге» жеткенге дейін «саяси жолсерік» бола алатынына сенім білдіре отырып, «орыс жерінен» бөлініп, өз тəуелсіздігі үшін күресіп жатқан ұлттардың күштерін біріктіріп, қатарларын нығайтудың себебін: «Жауымыз күшті. Ол біздің барлық өмірлік мəні бар буындарымызды өз қолында ұстап отыр», – деп түсіндірсе, «Сол себепті біздер армандап отырған мақсатымызға жетудің бір ғана жолы бар десек, ол жол – тəуелсіздік жолындағы барлық күрескерлердің күш біріктіруі», – деп түйіндеді.
Тамаша тактик 1939 жылы тағы да бəрiнен бұрын түркiстандықтардың өз қатарларының бiрлiгiн күшейтуді ұсынып: «Егер біз ішкі бірлігімізді сақтап қала алсақ, дұшпанымыз кім, досымыз кім екенін қатесіз айыра алсақ, үмітіміз бен сеніміміз еселеп артатын болады», – деді. Бұл ойлар жайдан-жай айтылмаған болатын. Түркістандықтардың ауызбірлігінің əлі жетімсіз екенін кеше ғана өз көзімен көріп, басынан кешкенін сегіз жылдан соң еске түсіріп, 1936 жылы Түркістан жастарының алдына радиодан сөйлеген сөзінде: «Кімнен таяқ жегендей, Біздің Түріктің баласы. Алдырып жүрген дұшпанға, Аузының аласы», – деп жазып еді.
Осы ойды тарқата келе Мұстафа Шоқай «Алауыздыққа орын қалдырмайық» (Уəли Нұралдин бектің мақалаларына орай) атты еңбегінде: «Біз еркін жəне азат өмір сүргіміз келеді. Біз де Түркия тəрізді ұлттық билікке қол жеткізуіміз керек. Осы мақсатымызға жету үшін біз өзімізге қарсы келген күштермен күреспей тұра алмаймыз», – деген сөздерді жайдан-жай жазбаған болатын. Бұл сөйлемдегі «ұлттық билік» деген сөз тіркесіне аз-кем ой тоқтатсақ, көп нəрсені түсіне түсер едік. Осы мағынада мына сөздерге жүгіне кетейік: «Біздің бастан кешірген қасіретті күндерімізде болашақ үшін тағылым боларлық ғибратты сабақтар мол. Қазір бəріміздің бір ғана ортақ мақсатымыз бар. Ол – тəуелсіз ұлттық мемлекет құру». Яғни ұлттық билік тек шынайы ұлттық мемлекет жағдайында ғана мүмкін дүние, халық сонда ғана өз мемлекетінің нағыз қожасы бола алады. Кезінде «аузының аласына» риза болмай, Түркістанда жүргенде де, Францияда жиырма жылдан астам уақыт тұрғанда да аз байқамаған, осы үшін талай түркі тектес халық өкілдерімен айтысқа түскен Мұстафа Шоқайдың бірлік, бір тірлік туралы идеялары қазіргі еліміз тəуелсіздік жағдайында да негізгі мəселелердің бірі болып келеді.
Мұстафа Шоқай ұлттық тəуелсіздіктің тікелей халықтың ұлттық рухымен байланыста, ажырағысыз қарады, олардың себебін, даму үдерісін түсіндірді. «Большевизм – түрікшілдіктің жауы» атты мақаласында: тəуелсіздікке жетудің жолын халықтың ұлттық рухпен айқындалса, ал оның дамуын тəуелсіздіктің орнауымен байланыстырды: «Ұлттық рухсыз ұлт тəуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нəтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тəуелсiздiгi аясында өсiп дамиды, жемiс бередi». Жəне ұлттық рухтың шынайы ұлтшылдық үдерісінде қалыптасатынын терең таныған қайсар тұлға халқымыздың мəдени жəне рухани саладағы жетістіктерінің барлығын ұлтшылдық қозғалыстың нəтижесі ретінде санады. Сондықтан: «Ұлтшылдық біздің, соның ішінде менің де, саяси идеяларымыздың соңы емес, басы. Олай болса, біздің барлық іс-қимылымыз өз билігіміздің өз қолымызға өтуін қамтамасыз ету тұрғысынан жасалуы керек», – деп жазуын түсінуге болады.
Мұстафа Шоқай өз еңбектерінде Түркістанда құрылмақ мемлекеттің ұлттық сипатына айрықша назар аударып, ұлттық тəуелсіздіктің түпкі мұратын «Түркістан ұлттық күресінің себептері мен мақсаттары» атты мақаласында: «Түркістан түріктері ұлт ретінде құл болғысы келмейді. Олар өз халықтарының мүддесі үшін, тəуелсіз ұлттық мемлекетін құру үшін күресетін болады», – деп тағы да қайталаған болатын. Осы ойын аша жəне дамыта түсіп, «1937» деген мақаласында: «Біз халқымыздың құқығы үшін, ұлттық мемлекетті құру сəтін жақындату үшін күресеміз. Біз ұлттық мемлекетімізге қол жеткенін көріп қана қоймай, оны құру істеріне де қатынасқымыз келеді. Біздің үміттеріміз бен армандарымыздың орындалуына ешқандай шүбə келтірмейміз, сонымен қатар сол бір бақытты күндер біз ойлағандай тез жақындамауына байланысты туған уайымымызды да жасырмаймыз. Сол үшін де біз барлық күш қуатымыз бен ақыл-парасатымызды атамекеніміздің азат болатын күнін жақындатуға бұдан былай да жұмсай беретін боламыз», – дейді. Бұл сөздердің арғы жағында қаншама ойлар, қаншама сезім күйлері жатыр десеңші!
Мұстафа Шоқайдың қоғам дамуында, жалпы мемлекеттің жаңаруында ойы өрісті, сөзі келісті, еңбегі жемісті, ұлттық рухы жоғары, шынайы патриот зиялыларға ерекше көңіл бөліп, бұл тақырыпты «Ұлттық зиялы», «Ұлттық зиялы жөнінде», «Национальная интелигенция» жəне «Шығыс Түркістан, сыртқы дүние жəне біздің міндеттеріміз» деген мақалаларында толық аша алды. Алғашқы «Ұлттық зиялы» деген мақаласында ұлттық зиялыға кімдердің жататынын мына сөздермен бедерледі: «Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген жəне сол белгілі мұрат-мақсаттар төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады», ал «Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық жəне əлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады». Зиялылардың міндеті ұлы да қасиетті болуы себепті өте ауыр екенін атап көрсете отырып, соның бір қырын былайша түсіндірді: «Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, əлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі». Бұл ойлар мына сөздермен жетілдіріле, дамытыла түсті: «Дүние жүзінде зиялыларсыз ұлтқа айналған саяси, əлеуметтік халық бұқарасының бірлігі ешқашан болған емес. Сондай-ақ халық бұқарасынан қолдау көрмеген жағдайда зиялы қауым ештеңе істей алмайды».
Жалынды публицист, заңгер-ғалым, тамаша тарихшы, қайсар қайраткер, халықаралық деңгейдегі саяси сарапшы, энциклопедиялық білімдар Мұстафа Шоқай əлемге өзінің қай жағынан болсын кемеліне келгенін осындай сан тақырыпта айтылған асыл саяси-əлеуметтік ой-тұжырымдары жəне көсемсөздері арқылы да танытқан болатын. Бұларды білу жеткіліксіз, зерделеу,ойға түю, бойға қуат ету – мəнді де маңызды.
Əбдіжəлел Қошқарұлы БӘКІР,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
профессоры,саяси ғылымдар докторы,«Мұстафа Шоқай» ҒО ғылыми жетекшісі
29 желтоқсан 2025 ж. 58 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№99 (10467)

27 желтоқсан 2025 ж.

№98 (10466)

23 желтоқсан 2025 ж.

№97 (10465)

20 желтоқсан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 147
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 790

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031