БАЛАБАҚШАДАҒЫ ӨНЕР ДОДАСЫ
«Толғанай» бөбекжай-бақшасының «Күн нұры» тобы тәрбиеленушілері үшін ерекше әсерге толы мереке ұйымдастырылды. Балалардың шығармашылық қабілетін дамыту, өз өнерін еркін әрі сенімді көрсету дағдысын қалыптастыруды мақсат еткен «Күз ханзадасы мен ханшайымы» атты сайыс көрермендерді қуанышқа бөледі.
Мереке балалардың көңілді «Жапырақ биімен» басталып, бірінші болып сахнаға шыққан Зейнеп күздің сұлулығын жырлаған өлеңімен залды жылытып жіберді. Жүргізуші қатысушыларды, ата-аналарды және қонақтарды күз мерекесімен құттықтап, шараның мәнмаңызына тоқталды. Сайыстың салтанатты ашылуында балабақша меңгерушісі Айгүл Қожантайқызы сөз сөйлеп, кішкентай өнерпаздарға сәттілік тіледі.
«Күз ханзадасы мен ханшайымы» сайысына төрт жұп қатысты. Әр жұп өздерін өлеңмен, әсерлі сөзбен таныстырып, көрермендерге шығармашылықтарын көрсетті. Таныстыру кезеңінде қатысушылар өз есімін, отбасын, шыққан тегін, ұстаздарын таныстыра отырып, өнерін өлеңмен өрді. Балалардың сахна мәдениеті мен сөздік қорының байлығы ерекше байқалды. Екінші кезеңде күзгі қолөнер бұйымдары таныстырылды. Жапырақтардан, табиғи материалдардан жасалған түрлі композициялар балалардың қиялы мен қабілетінің жоғары екенін көрсетті. Үшінші кезеңде балалар берілген себеттерге жемістер мен көкөністерді ажыратып, дұрыс орналастыру арқылы шапшаңдық пен ұқыптылықтарын дәлелдеді. Ал төртінші бөлімде бүлдіршіндер көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Байбек пен Інжу «Қызыл раушан» биін билесе, Нұрахмет пен Айару «Биле, биле» әнін әуелете шырқады. Жангелді мен Зейнеп «Парижге саяхат» биін ұсынса, Мұхаммед пен Айару «Қырман» биімен ерекше әсер сыйлады.
Сонымен қатар топ тәрбиеленушілері күз туралы әдеби монтаж оқып, «Жемістер мен көкөністер» биін орындады. Ал сайыстың соңғы кезеңінде балалар қолдан тігілген, күздің бояуын бедерлеген киім үлгілерін сән көрсетілімі арқылы ұсынды. Бұл көрініс мерекенің ең жарқын тұсына айналды. Әділқазылар барлық кезеңнің нәтижесін саралап, сайыстың қорытындысын шығарды.
Сайыс соңында балалар «Күз келді» әнін бірігіп орындап, мерекенің шаттыққа толы сәттерін еселей түсті. Әділқазылар шешім қабылдап, үздік жұптарға «Күз ханзадасы» мен «Күз ханшайымы» атағын табыстады. Бұл мереке – балалардың шығармашылығын шыңдап, өзіне деген сенімін арттырған, ата-аналар үшін ерекше әсер сыйлаған тамаша шара болды.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА

















