АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ МИССИЯСЫН АЙҚЫНДАҒАН ҰЛТТЫҚ ДИАЛОГ АЛАҢЫ
Жақында Астанада өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасына қатысу – мен үшін аса маңызды әрі жауапты шара болды. Бұл жиын ауыл деңгейіндегі басқару жүйесіне жаңа серпін беріп, мемлекет саясатының басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік жасады. Пленарлық отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауыл әкімдерінің рөліне ерекше тоқталып, «Әкім – ең алдымен халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші» екенін атап өтті. Бұл – біз үшін үлкен сенім ғана емес, күнделікті еңбегіміздің бағдарын айқындайтын нақты міндет.
Президентіміз әкімдердің ел ішіндегі өзгерістердің мән-маңызын түсіндіру, мемлекеттік саясаттың бағыттарын халыққа дұрыс жеткізу, сондай-ақ қоғамның сұранысы мен қажеттілігін ескеріп, тиімді шешімдер қабылдау жауапкершілігін тағы бір мәрте айқындап берді. «Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. Себебі ауыл – ұлтымыздың өзегі. Ауылды жаңа көзқараспен, озық оймен, жаңартылған тәсілдермен дамытуымыз керек» деген сөздері бізге тың серпін беріп, ілгерілеуге деген жігерімізді күшейтті. Ел Президентінің бұл бағытта барлық күш-жігерін салатынын айтуы – ауыл әкімдері үшін айрықша мотивация.
Жиынның маңызы орасан зор болды. Себебі еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдерінің бір алаңда бас қосып, тәжірибе алмасуы – ауылдардың дамуына тікелей әсер ететін маңызды қадам. Әрбір көтерілген мәселе, айтылған ұсыныс, жасалған талдау нақты шешім қабылдауға, тиімді жоспар құруға бағытталғаны байқалды. Бұл – ауыл әкімдерінің кәсіби деңгейін арттыруға, жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік беретін кешенді диалог алаңы.
Пленарлық жиыннан кейін 6 бағыт бойынша ұйымдастырылған панельдік сессияларға қатыстық. Әр салаға қатысты нақты мәселелер талқыланып, жаңа тәсілдер мен тиімді механизмдер ұсынылды. Біз үшін әсіресе ауыл инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандардың жұмысын жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту және ауыл экономикасын қолдау бағыттарындағы пікірталастар аса пайдалы болды. Білімімізді шыңдап қана қоймай, әріптестермен ашық пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге мүмкіндік туды.
Жалпы алғанда, бұл жиын ауыл әкімдерінің алдына үлкен міндет жүктеді. Біз Мемлекет басшысы айтқан сенімді ақтау үшін нақты іс-шараларды жүзеге асырып, ауылдың өркендеуіне бағытталған тың бастамаларды қолға алуға дайынбыз. Бүгінгі кездесуден алған біліміміз бен серпініміз жұмыста жаңа қарқын береді деп сеніммен айта аламын. Барлық ауыл әкімдері ел Президентінің артқан сенімін ақтауға, ауыл тұрғындарының әлауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүйелі әрі жауапкершілікпен жалғастыратынына кәміл сенемін.
Ардақ АЙМЫРЗАЕВ,
Қуаңдария ауылының әкімі
















