АҚ ПЕРІШТЕМ
Сары ала күз де келді. Айнала сап-сары жапырақтарға толып, құстар қанатын қомдап, жылы жаққа бет түзеді. Тылсым табиғаттың әр тынысы адамның көңілін ерекше сезімге бөлейтіндей. Бұрын осы күз мезгілін жақсы көруші едім. Ал қазір күз мезгілін онша ұнатпайтын болдым. Себебі, дәл осы мезгілде мен екі бірдей асылымнан айырылдым – асқар тауым болған әкем мен жанымның жарығы, сегіз жастағы бауыр етім балам Бағдәулетім мәңгілік мекеніне аттанып кетті. Содан бері күздің сары түсі мен үшін қуаныштың емес, сағыныштың, жүрек жарасының түсіне айналды.
Күз келген сайын көңілім босап, өткен күндер көз алдыма келеді. Әкемнің мейірімге толы жүзі, баламның күлкісі – бәрі де күзгі желмен бірге естілгендей болады. Табиғат өз тынысымен өмір сүріп жатса да, мен үшін күздің әр күні үнсіз мұңға толы...
Иә, бұл менің өмірімдегі ең бір қиын әрі ауыр кездер болды. Бұдан тура он екі жыл бұрын, яғни 2013 жылдың қазан айының он бірі күнінен кейін ұлымның үлкені Бағдәулетімнің сабақтағы күнделігі әрі қарай жазылмай, толтырылмай қалды. Ол өзі елпілдеп қалған, тіл алғыш, елгезек еді. Біз оны еркелетіп Бакалёк дейтін едік. 1-сыныпқа 6 жастан бердік. Сабақты беске оқып, оқу озаты болып мектептің құрмет тақтасында тұрды.
Сол күні бейсенбі болатын. Мектепте баламның ата-аналар жиналысы болып, соған барып отырғам. Балам Бағдәулет 3 сыныпта оқиды. Ол біз отырған кабинетке келіп, басын қылтитып қарады, менің «бірге қайтамыз» дегеніме қарамай, «үйде ініме қараймын, қайта берейін» деп сыныптастарымен үйге қайтып кетті. (Мен ол кезде оны соңғы көруім екенін қайдан білейін?).
Арада шамалы уақыт өткен соң ұялы телефоным шырылдап қоя берді. Қоңырау шалған үйдегі қайнымның қоңырауын жиналыста отырған соң бір-екі рет жауапсыз қалдырып едім. Ол қайта-қайта қоңырау шала берді. Содан тұтқаны көтердім.
– Тез үйге қайт, жиналысы құрысын, – деді. Жүрегім атша тулап, бір жамандық болды ма деп, шошып кеттім. Мектеп алдына шықсам жолдасым келіп тұр екен.
– Не болды, аманшылық па? – деуге ғана шамам келді.
– Жоқ, аманшылық емес. Тез кеттік қаладағы жедел жәрдем бөлімшесіне. Бакалёкті көлік қағып кетіпті, жедел жәрдеммен алып кетіпті, –деді. Сол сәт менің: – Тірі ме екен? – деуге ғана тілім келді. Ішкі дүнием алай-дүлей. Сол кезде сізге өтірік, маған шын, сірә, шайтан түртті деген осы шығар, жылаудың орнына мені қатты күлкі қысты. Ернімді тістелеп, өзөзімді ұстай алмай қалшылдадым. Бір уақытта барып көзіме жас келді. Ағылтегіл жылап келемін «Тек аман болсын, жарасы жазылар», деп өзімді-өзім алдаусыратамын. Сөйтіп, Байқоңыр қаласының жедел жәрдем бөліміне жеттік.
– Балам қайда, қайда? – деп көрінген медбикеден сұрап келемін. Бәрі тегіс үнсіз. Содан бір медбике қабылдау бөлмесіне кіргізді. Бөлмеге кірсек беті көк медициналық шілтермен жабылған балам жатыр.
– Бетін неге жауып тастағансыңдар, – деп айқайлағанымды өзім де білмей қалдым. Олар үндемейді. Қолдарым дірілдеп баламның бетін ашып қалдым. Балам ұйықтап жатқандай қимылсыз жатыр. Қолын, бетін ұстаймын. Денесі жыпжылы. Ішін ашып, иіскеймін келіп, бәрі жып-жылы. Медбикелерге қарап: – Денесі әлі жып-жылы, бірдеңе істесеңдерші, – деп шырылдадым. Олар сол кезде барып:
– Бізге әкелгенде жүрегі соқпай қалған, – деді. Содан еңіреп жылап, көз жасымды тия алар емеспін. Баламызды өзімізбен бірге алып кетейік десек, бермеді, экспертизаға тексеруге мәйітханаға алып кетті. Жолдасым екеуміз аңырап үйге жеттік. Үйге келсек, үйде адам ығы-жығы. Екі анамыз да, ағайын-туыстар да, көршікөлем де бәрі жиналыпты.
Ертесіне кешке Бакалёгімді мәйітханадан әкеліп, сарайға қойды. Менде түнімен ұйқы жоқ. Жылай-жылай, көзім ісіп, басым ауырды. Түнде жұрттың бәрі ұйқыда жатқанда сарайға барып, (ішіне кіруге қорқамын) баламды қараймын «Қошақаным, тоңып жатыр-ау» деп.
Жаназасы болатын күні күн жып-жылы, жайма-шуақ болып тұрды, құлынымның мінезі де жайдарлы еді ғой, күні де солай болды. Оны алып кетіп бара жатқанда жүрегімді суырып бара жатқандай сезімде болдым.
Ол кішкентай кезінде төрт айлығында қатты ауырды. Ол кезде ауылда енемнің қолында тұрамыз. Қыстыгүні баланың дене қызуы қатты көтеріліп, дәрі берсек те, түспей қатты ауырды. Дереу Байқоңыр қаласындағы ауруханаға жатып, дәрігерлердің көмегінің арқасында 21 күн дегенде беті бері қараған еді.
Тілі шығып келе жатқанда тілі тәтті, айтқан сөздері әлі есімде: қиярды – қиқан дейтін. Қойдың мүйізін – қойдың ағаш құлағы деп айтқанына күлетінбіз.
Ол кеткен соң түсімде көретінім – ол басқа жақта, алыста балалармен ойнап жүреді. Періште ғой, ол жақта да бала болып жүрген шығар.
Ол бар-жоғы сегіз жаста болса да, достыққа адал еді. «Досым, досым» деп Ерасыл деген баланы аузынан тастамайтын. Былтыр үйге екі бозбала жігіт келді. Сыпайы амандасып, амандық саулық сұрасты. Кім екен деп ойлап отырмыз. Маған «Мені сіз де танымадыңыз ба?» дегенде жүрегім зырқ етті. Сөйтсем, бұл бала Бағдәулетімнің досы Ерасыл екен. Бастауыш сынып бітіргеннен кейін басқа қалаға көшіп кетіпті. Өзі қазір Алматыда Қ.Сәтбаев атындағы университетте оқиды екен. Оның: «Бұл жақтан кеткесін досыма ер жеткен соң досымның үйіне келемін, деп уәде беріп едім, сол уәдемді орындап келіп отырмын», – дегенде көзімнің жасы тұрмай кетті.
Иә, ол биыл тірі болғанда жиырмаға толар еді...
Қазір студент болар ма еді, әлде маған «жұмысқа барамын» деп асығып жүрер ме еді... Кейде сол туралы ойласам, көз алдыма бойы сорайған, жүзінен нұр төгілген, сабырлы, мейірімді жігіт елестейді. Сол елес мені жылатады да, жұбатады да. Бағдәулетім сегіз жасында өмірден өтсе де, мен үшін ол әлі күнге дейін есімде. Оның күлкісі, «Анашым!» деп жүгіріп келетін сәті, көзіме қарап айтқан бала сөзі – бәрі де жүрегімде сақталған. Уақыт өтті, бірақ сағыныш сол қалпы, өзгермей қалған. Күз келген сайын жүрегім тып-тыныш болмайды. Себебі күз – менің Бағдәулетім кеткен мезгіл. Сол күннен бастап күз мен үшін үміт емес, естелікке айналды. Бірақ мен оны қорқынышпен емес, мейіріммен еске алам. Өйткені менің балам – менің жүрегімнің бір бөлшегі.
Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ















