БЮДЖЕТТІК ТҮЗЕТУЛЕР МЕН ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Өткен аптада Жосалы кенті әкімшілігінде аудандық мәслихаттың VIII шақырылымдағы кезектен тыс 36-сессиясы өтті. Сессия жұмысына мәслихаттың 13 депутаты қатысып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
Жиын отырысына аудан әкімінің орынбасары Ш.Сыдықов, аудан әкімі аппаратының басшысы Е.Сәтбаев, дербес бөлім басшылары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессияның күн тәртібінде он мәселе қаралды. Атап айтқанда, «2025-2027 жылдарға арналған Жосалы кентінің бюджеті туралы» аудандық мәслихаттың 2024 жылғы 26 желтоқсандағы №233 шешіміне өзгерістер енгізу. Алғашқы мәселе бойынша Жосалы кентінің әкімі Алмасхан Досмұратов 2025-2027 жылдарға арналған бюджетке өзгерістер енгізу туралы баяндады. Бұл өзгерістер әлеуметтік нысандарды жөндеу, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және кенттің коммуналдық қажеттіліктерін қаржыландыру бағытында болды. Депутаттар ұсынылған түзетулерді қолдап, шешім қабылдады.
Екінші мәселе, аудандық мәслихаттың 2024 жылғы 26 желтоқсандағы №241 «2025-2027 жылдарға арналған Ақжар ауылдық округінің бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы. Мұнда да ауылдың бюджетін әлеуметтік нысандарды жаңарту бағытында пайдалану бойынша талқылап, талқылау қорытындысымен шешімге өзгерістер енгізу бірауыздан мақұлданды.
Одан кейін үшінші мәселе, аудандық мәслихаттың 2024 жылғы 26 желтоқсандағы №243 «2025-2027 жылдарға арналған Алдашбай ахун ауылдық округінің бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы. Яғни Алдашбай ахун ауылдық округінің бюджетін нақтылау барысында ауыл инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған қосымша қаржы қарау мәселесі көтерілді. Бұл бағытта ауылішілік көшелерді жарықтандыру, абаттандыру секілді жұмыстарына назар аударылды.
Келесі төртінші мәселе, аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 28 сәуірдегі «Аудан әкімдігінің дербес құрамына келісім беру туралы» №17 шешіміне өзгерістер енгізу. Аудан әкімдігі құрамындағы кадрлық ауыс-түйістерге байланысты болды. Жаңа тағайындалған тұлғалардың кандидатуралары депутаттар тарапынан қаралып, тиісті келісім берілді.
Бесінші мәселе, аудандық мәслихаттың 2024 жылғы 12 желтоқсандағы №223 «Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссия құру туралы» шешіміне өзгерістер енгізу. Бұл мәселе бойынша комиссия құрамына өзгерістер енгізу қаралды. Комиссия жұмысының тиімділігін арттыру, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың құқықтарын қорғау бағытында жаңа мүшелер бекітілді.
Алтыншы мәселе, аудандық мәслихаттың 2018 жылғы 30 наурыздағы №160 «Қармақшы ауданы әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу. Мұндағы түзетулер бойынша комиссия құрамына бірқатар жаңа мамандар қосылды. Олар құқық қорғау органдарымен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс жүргізетін болады.
Жетінші мәселе, аудандық мәслихаттың 2018 жылғы 30 наурыздағы №161 «Қармақшы ауданы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу. Комиссия құрамын жаңарту арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау бағытындағы жұмыстарды күшейту көзделді. Депутаттар ұсынылған өзгерістерді қолдады.
Одан кейін сегізінші мәселе, аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 23 ақпандағы №138 «Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу. Бұл комиссияның негізгі міндеті – балалардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау және қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерге көмек көрсету.
Тоғызыншы мәселе, «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 8 қыркүйектегі №77 шешіміне өзгеріс енгізу қаралды. Өзгерістер әлеуметтік әлжуаз топтарды қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталды.
Соңғы оныншы мәселе, аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №122 «Қармақшы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының құрамын сайлау туралы» шешіміне өзгерістер енгізу. Бұл өзгерістер сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету және комиссия қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында енгізілді.
Сессия соңында депутаттар күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдап, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Аудандық мәслихат төрағасы Ә.Қошалақов сессия жұмысын қорытындылап, қабылданған шешімдердің ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуына оң әсер ететініне сенім білдірді.
Сессия алдында тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өткізілді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ















