СӨРЕДЕГІ СЫР – ЖҮРЕКТЕГІ НҰР
Аудан, ауыл тұрғындарына мемлекеттік жүйедегі 18 кітапхана кітапханалық қызмет көрсетеді. Олар – 1 орталық, 1 аудандық балалар, 1 қалалық, 1 кент кітапханасы, 14 кітапхана ауылдық жерде орналасқан. 18 кітапханада да COWORKIHG орталығы жұмыс істейді.
ітапханалар жүйесінің 436989 дана кітап қоры мен баспасөз басылымдарын 18042 оқырман пайдаланды. Берілген кітап саны 303108 дананы құраса, жаңадан келген әдебиеттер саны – 1038 дана. Кітапханаларда ұлы ақынымыз Абайдың 180, Қызылорда қаласының Қазақ автономиялық республикасының алғашқы астанасы болғанына 100, Ұлы Жеңістің 80 жылдықтары, ҚР Конституциясының 30 жылдығы, «Жұмысшы мамандықтар» жылы кеңінен насихатталды. Оқырмандар арасында 362 іс-шара өткізіліп, 6878 оқырман қатыстырылды. Түрлі тақырыпта 312 кітап көрмесі ұйымдастырылып, ел назарына ұсынылды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет» деген болатын. Өңірімізде 2024 жыл – «Руханият жылы» деп жарияланып, ауданымызда «Руханият орталығы» ашылды. Аудандық кітапхана да орталыққа көшіп келіп, өзіміздің жүйелі жұмысымызды жалғастырудамыз. Орталық ардагерлермен, аналармен, жастармен бірлесіп жұмыс жасауға өте қолайлы. Кең, жарық, оқырманның талап-тілегін қанағаттандыру үшін барлық жағдай жасалған. Бұл кітапхана заманауи инфроқұрылыммен толықтай жабдықталған, оқырман өзіне қажетті кітаптың кез келгенін таба алады. Ал кітапхана ұжымы оқырманмен тығыз байланыс жасай отырып, қай сала бойынша, қандай кітаптар, қандай бағытта қажет екендігі туралы толықтай кеңес беріп, ақпараттармен қамти алады. Оқырмандарымыз да ризашылықтарын білдіруде, осындай жайлы ғимаратқа көшіп келгенімізге. Электронды оқу залында 13 компьютер интернет желісіне қосылған. Кітапханамыздың 55454 дана кітап қорын пайдаланушылардың саны күнненкүнге көбеюде. Кітапхананың бүгінгі оқырмандары заманауи ойлы, рухани бай, білім мен мәдениетті қадірлейтін тұлғалар. Олар үшін кітап тек ақпарат көзі емес, жан азығы мен шабыт бұлағы. Кітапханамызға жас бүлдіршіндерден бастап, мектеп оқушылары, колледж студенттері, жастар, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, зейнеткерлер келіп экскурсия жасап, рухани азық алады.
Бұл орталықтағы кітапхана тыныштықты, жайлылықты, ыңғайлылықты жаны қалайтындарға таптырмайтын орын. Кітапхана – еркіндік алаңы. Адамның өз уақытына ие болатын кезі, ол – кітапханада өткізген уақыты. Кітапханаға келген оқырманның көңіл-күйі сол жерде атмосфера қалыптастырады.
Ауданымызға келген шетел меймандары да кітапханамыздың төрінен табылады. Ұлттық рухқа толы көрмелермен танысып, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне терең үңіледі. Кітап – үнсіз тілші, ал кітапхана – ұлттың жаны. Бізге келген қонақтар рухани қазынамызға қызығушылық білдіріп, жылы әсермен аттанады.
Жылдан-жылға кітапхананың материалдықтехникалық базасы да нығайып келеді. Осы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсек, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 28 ақпанда аудандық кітапханада батыр бабаларымызға арналған «Ерлік ісі – өшпек емес» атты соғыс ардагерлерінің ұрпақтарымен кездесу өткізілді. Оған соғыс ардагерлерінің ұрпақтары қатысты. Іс-шарада Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектептің 8 сынып оқушылары, кітапхананың жас оқырмандары жеңіске арналған өлеңдерін оқыды. Кеш барысында кітапханашылардың орындауында «Катюша» әнін, мәдениет саласының ардагері, салалық кәсіподақтың «Еңбек Даңқы» төсбелгісінің иегері Ордабай Төребаев «День победы» әнін орындады.
18 сәуірде аудандық кітапхананың ұйытқы болуымен «Жыр әннің елі, Тұранның төрі» атты жас ақындар мүшәйрасына 8 талапкер қатысып, бақ сынасты. Байқаудың мақсаты – өлкеміздің тарихын дәріптеу, жас ұрпаққа туған жерін сүюге, қадірлеуге баулу және шығармашылық қабілеті бар оқушыларды дамыту болса, 15 мамырда аудандық кітапхана ұжымы «Сыр өңірі – Алты Алаштың рухани ордасы» атты «Руханият» орталығы қызметкерлері арасында интеллектуалды ойын ұйымдастырды. Мұнда өлкеміздің тарихын тану, білу, дәріптеу, жас ұрпақты туған жерін қадірлеуге баулу және ой сергіту назарға алынды.
23 сәуір күні орталық алаңында Ұлттық кітап күніне орай «Kітап – қазына, кітап – байлық...» тақырыбында кітап фестивалі өтті. Онда кітапты насихаттау, кітап пен оқуға деген қызығушылықты қолдау, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру, кітап оқуға тарту, өскелең ұрпақтың руханиадамгершілік білімін арттыру, жастардың кітап оқуға, көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту насихатталды. Фестивальға қатысушыларды құттықтау үшін аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, ақын-ұстаз Дастан Нәзікбаев және аудандық мәслихат төрағасы Әділ Үсенұлына сөз беріліп, кітапханашылар мен тұрақты оқырмандар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марапат иелерінің құрметіне кішкентай оқырманымыз Шаттық Ғалымжанқызының орындауында «Кел, досым кітапханаға» атты әні тарту етілді. Фестивальдің жалғасы Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында «Жасымда ғылым бар деп ескермедім...» атты поэтикалық марафонымен жалғасты. Оған мәдениет үйінің қызметкері Нұркен Әлиасқаров «Абай» бейнесінде және кент кітапханасының оқырмандары өлеңдерін оқыды.
«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында ақын-жазушы, әдебиет сыншысы Тәкен Әлімқұловтың «Ақбоз ат» романынан кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен сахналық көрініс көрсетілді. Сонымен қатар кішкентай оқырмандарды кітапханаға тартып, кітапқа деген қызығушылығын арттыруда балалар кітапханасы ұйымдастырған «Бауырсақ» ертегісінен қуыршақ театрының қойылымы балабақша бүлдіршіндеріне паш етілді. «Кітапханаға кітап сыйла» акциясымен аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов өзінің жеке кітапханасындағы бірқатар кітабын, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиал төрайымы Гүлжауһар Төлегенқызы «Темірбек Қараұлы Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңсатовтың «Тіл сақшысы» кітабын және жас ақын Ердәулет Орынбасар «Адастырма арманым» тақырыбындағы тырнақалды кітабын кітапханаға сыйлады. Фестивальда «Кітап және Тіл» атты интеллектуалды сайысы электронды оқу залында және жергілікті ақын Мира Тұрашқызының «Бұлттар көшіп барады» атты жаңа кітабының тұсаукесері оқу залында жалғасын тапты.
Тамыз айының 1 жұлдызында аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Кемеңгерліктің биік шыңы – Абай» атты әдеби-сазды кеш өткізілді. Ол ұлы ойшыл, дана ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толу мерекесіне арналды. Кеште ақынның өмірі мен шығармашылығын дәріптеу, жастардың әдебиет пен мәдениетке қызығушылығын арттыру, поэзия мен саз арқылы рухани құндылықтарды ұлықтау – басты мақсат болып табылды. Сондай-ақ онда Абайдың өлеңдері мен қара сөздері оқылып, сахналық көрініс тамашаланды. Әуезді әндер шырқалып, күмбезді күйлер шертілді. Кешке аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков ағамыз бен ардаргерлер, мұғалімдер, ауыл жастары қамтылды. Асқар аға сөз барысында жастарға өз пікірін білдірді. Жыраулар үйінің қызметкерлері Абай өлеңдері мен күй, термелерінен орындап, көптің ықыласына кенелді.
Келесі бір іс-шарамыз 24 қыркүйекте «100 кітап» жобасына енген шығармалардан «Ұлтты танытқан 100 кітап» атты қойылымдар тізбегі ұйымдастырылды. Мақсаты – кітапты насихаттау, кітап пен оқуға деген ықыласты арттыру, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыру, жастардың кітап оқуға, көркем әдебиетке құштарлығын ояту. Іс-шарада кітапханалар жүйесінің оқырмандары түрлі шығармалардан өздерінің алып келген қойылымдарын, өлеңдерден монолог оқып, әндерін орындады. Қорытындысында ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Ермағанбетұлы өзінің алған әсерін айтып, қатысушыларға алғысын білдірді. Одан өзге, «Руханият» орталығында «100 кітап» жобасына енген шығармалардан «100 кітап – жүз тағылым» атты кітап көрмесі көрсетілді. Онда ұлттық әдебиетіміздің інжумаржандары, қазақ классиктерінің туындылары мен жас буын оқырмандарға арналған таңдаулы еңбектер қойылды. Оқырмандарымыз рухани қазынаға қол жеткізіп, әдебиет әлеміне саяхат жасады.
Биылғы жетістігіміз – республикалық «Рухани қазына – 2025» фестиваліне әріптесіміз, ІІІ Интернационал ауылдық кітапханасының кітапханашысы Рима Тұрманова қатынасып, «Үздік маңызы бар ауылдық кітапхана қызметкері» номинациясымен марапатталды. Осымен екінші рет республикалық фестивальдан жүлделі орын алудамыз.
Кітапханаларда өткізілетін іс-шаралардың өз деңгейінде өтуіне ұжымдағы ауызбіршілік әсер етеді. Ұжымдағы ауызбірлік – кез келген мекеменің дамуына жол ашатын басты күш. Бір-бірін қолдайтын, түсіне білетін, ортақ мақсатқа бірге ұмтылатын әріптестер – жұмыс орнын тек қызмет орны емес, екінші отбасыға айналдырады. Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, парасатты кітапханашыларды айта кетер болсақ, олар – Л.Сыздықова, А.Аманова, А.Қарашаева, Қ.Далдабаева, Р.Тұрманова сынды әріптестерім. Осындай бірлігі жарасқан ұжымды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Кітапханашылардың жасап жатқан қызметтері бағаланып, абыройлары арта берсін. Өткізіп жатқан әрбір іс-шарасы елдің, әсіресе жастардың өмір жолдарына рухани қазық, жарқын болашаққа бастау болсын!
Күлшара ҚАНИЕВА,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар
жүйесінің директоры
















