ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУҒА ЖАРАЛҒАН
Бақберген Сәрсенұлы туралы бiр сөзбен айтып, мiнездеме беру тiптен де мүмкiн емес. Әсiресе, маған. Себебi, Бәкеңдi үлгi тұтып, соңынан ерiп жүрген iнiлерiнiң бiрiмiз. Егер бiз туралы Бәкең айтатын болса, ол кiм-кiмге де ұғынықты болар едi. Ал Бәкең туралы бiзге айту оңай емес.
Ол кiсi жайлы толық жеткiзiп айту анау-мынаудың қолынан келе қоймайды. Сан қырлы жанның барлық болмысын, жақсылықтарын, асыл қасиеттерiн ашып көрсету мұхит түбiнен маржан тергендей үлкен шеберлiктi қажет етедi. Мiнез-құлқы, адами келбеті, ғалымдығы, басшылығы, бiлiктiлiгi, кәсiпкерлiгi, азаматтығы, серiлiгi, сергектiгi, асқақтығы, адамгершiлiгi, отағасылығы, тiптi қарапайым пендешiлiгiнiң өзi – кiм көрiнгеннiң өресi жете бермейтiн биiктiк. Бақберген деген атына сай Алла Тағала да жанжағынан берiп қойған. Жаратқанның бар мейiрiм шапағатынан жаралған жан деуге де болады.
Мен Бақберген ағамен осы Қызылордаға көшiп келгеннен кейiнгi қырық жылдан берi таныспын. Ол кезде өзiмiздiң институтта декан болып қызмет атқаратын. Кейiн проректор, ректор болды. Артынан ерген iнiсi ретiнде қай жағдайда болмасын, қатысып келемiз. Мен оған кейде тек әңгiмелесiп қайту үшiн ғана барамын. Өйткенi, ол кiсiмен емiн-еркiн сөйлесудiң өзi бiр рахат! Мұндай әңгiмелесулердiң өзiм үшiн пайдасы зор екенiн жақсы бiлемiн.
Бәкеңдi өз қатарластарымен, замандастарымен салыстыратын болсақ, қай қырын айтсақ та, ерекшеленiп тұрар едi.
Бiз – сонау соғыстан кейiн туған ұрпақпыз. Кешегi Кеңестер өкiметiнiң заманында оқып бiлiм алып, өсiп, еңбекке араластық. Бәрiмiз де ауылдан шықтық. Сол ауыл баласынан ғылым докторына дейiн өскен Бақберген ағаның бiр жақсы қасиетi – ешкiмдi руға, жiкке бөлмейтiнi. Қолынан келгенше бәрiне саясын бiрдей түсiредi. Танысқан кезде де руыңды сұрамайды. Менi де қамқорлығына алған болса, оған қармақшылық болғанымның еш қатысы жоқ. Өзi айтып жүргендей, ұлы Қорқыт шыққан топырақта туғаннан кейiн күллi түркi Бәкеңнiң бауыры. Темiржолшының баласы болғаннан кейiн, мүмкiн, темiржолшыларға бүйрегi сәл бұрып тұрар, болмаса, «әр қазақ – оның жалғызы».
Бақберген Сәрсенұлы – ғылымға да бергенi мол, бiлiмдi, көргенi, естiгенi, бiлгенi көп адам. Бiрақ ағамыз ешуақытта «бiлемiн» деп кеуде керiп, ақыл айтуға, өзiн көрсетуге бейiм тұрған емес. Қай жерде көрсең де, қарапайым тұлғасымен-ақ жарқырап тұрады. Бәрiн бiлiп тұрса да, анау анадай, болмаса сен мынадайсың деп ақылгөйсiгенiн осы уақытқа дейiн көрмеппiн де, естiмеппiн де. Қолынан келгенше өзiнiң iнiлерiнiң, достарының, ауылдастарының кiшкентай ғана жетiстiгi болса да көрсетуге, сол арқылы мақтануға тырысып тұрады. Мысалы, бiздiң ауылдан, Қармақшыдан кiмiмiз бар дегендерге, «Нұрмұрат деген iнiмiз бар» дегенiнiң өзi бiз үшiн үлкен мәртебе.
Тағы бiр бас иетiн қасиетi – қарапайымдылығы. Адам мансабы, беделi, байлығы өскен сайын өзiмен тең адамдармен араласамын деп, қатынас аясын тарылта бередi. Ал Бақберген ағамыздың өскен, өрлеген сайын аясы да кеңи түседi. Ол қатарында тұрған адамнан өзiн бiр саты жоғары қойған емес. Ауылдастарын, сыныптастарын, институтта бiрге оқыған жолдастарын ешуақытта ұмытпайды. Үнемi араласып тұрады. Бiз де сол қарапайымдылығының арқасында «Бақберген – менiң ағам» деп артынан ерiп келе жатырмыз. Бiреудiң сыртынан әңгiме айтып, не күстаналағанын да, сонымен қатар асып кеткен бiреулердi күндеп, қызғанғанын да көрмеппiн.
Ол үлкен басымен қызметi өскен шәкiрттерiне өзi хабарласып, құттықтап жатады. Шындығында, ол жарықтықтар осындай жаңалық болып жатыр деп өздерi сүйiншi сұрап, ағамызды құлақтандыруы керек қой. Бақберген аға мұндай санасу дегенге мүлде мән бермейдi. Бәз-баяғы қарапайым қалпымен телефонды қолға алып, бiрiншi болып қоңырау шалады. Бұл қасиет оның онсыз да еңселi тұлғасын биiктете түседi.
Қайбiр iспен айналысса да, орта жолда қалу дегендi бiлмейдi. Ойға алғанын шегiне жеткiзбей тынбайды. Қызылордадағы жалғыз жоғары оқу орнын университет дәрежесiне жеткiздi, Қызылорданы алғаш рет қала деп ауыз толтырып айтатындай iс атқарды. Шаһарда түзу, кең, ұзын көшелер сол кезде пайда бола бастады. Әрине, бұл басқа әкiмдер түк бiтiрмедi деген емес. Барлығы да болсын дедi. Барлығы да тынымсыз еңбек еттi. Қаланы көркейткен үстiне көркейттi. Бiрақ бүгiнгi әңгiме Бақберген Сәрсенұлы туралы болып жатқандықтан, мен сол кiсiнiң басқару кезiн бөлiп айтып жатырмын. Алғашқы субұрқақтары сол кезеңде салынды. Олар әлi күнге жұмыс iстеп тұр.
Сенатор болып сайланғаннан кейiн де Сыр өңiрi туралы мәселелердi төтесiнен қойып, бiзге қажеттi заңдардың да өмірге келуіне барынша атсалысты. Сенаттағы өзi хатшылық жасайтын комитеттiң көшпелi отырысын осы Сыр бойында өткiздi. Сол кезде жергiлiктi мәслихат депутаттары да ойларын ортаға салды. Мен Қызылордада арнайы облыстық кiтапхананың жоқтығын мәселе етiп көтердiм. Қазiргi Әбдiлда Тәжiбаев атындағы облыстық әмбебап кiтапхана сол бiздiң елде өткен комитет отырысының арқасында өмiрге келдi. Қазiр халыққа қалтқысыз қызмет жасап жатыр.
Ол кiсiнiң адами қасиетi, сөзге шешендiгi өз алдына бiр әңгiме. Қазақтың небiр шұрайлы сөз тiркестерiн тауып қолданғанда жаның сүйсiнедi. Әрине, «сөз бiлмейтiн қармақшылық – қармақшылық емес» деген қағида бұрыннан бар. Себебi Сыр сүлейлерi жаппай шыққан өңiрден өрген адамның сөз саптауы дұрыс болмауы мүмкiн емес. Әйтсе де, Бақберген ағамыздың қазақтың қара сөзiне ұста екендiгi – мойындалған ақиқат. Ол қаламгерлiктi серiк еткенде де ешкiмнен кем болмас едi деп ойлаймын.
Бiреулермен жанжалдасып, жауласып, қырық жылда бiтпейтiн дауды қуалағанын бұрын-соңды байқамаппын. Ол жұртқа болсын дейтiндердiң қатарынан. Мұндай ниет ұстанғандар үнемi өздерi де жақсылыққа кенеледi. Дiн жолымен келгенде де, адамгершiлiк қағидаларымен саралағанда да солай. Өмiр бойы оның көпке пайдасы тиiп келедi. Талай жастардың өсiп шыңдалуына тiкелей ықпал еттi. Бiр ғажабы, сөйтiп едiм деп мiндетсiнгенiн де көрмедiм. Керiсiнше, ол туралы өзi тәрбиелеген шәкірттері көбiрек айтады. Бұл тұрғыдан ол өмiрлiк өнегенiң өлшемi десе де болғандай.
Бақберген аға неғұрлым дана болып, тұлғаланған сайын, соғұрлым қарапайым. Сол арқылы да дараланып көрiнедi. Сондықтан ағаның айналасына топталғандардың бәрi өсiп, өрлеп кетсе де, ағасын ұмытпайды. Себебi ағамыз – оптимист. Сол оптимистiк қасиет бiздiң бәрiмiзге жiгер бередi. Осы оптимистiгiнен өзi де ләззат алып жүредi. Сол ләззат бiздiң өңiрiмiзге көптеген ерекшелiктер мен жаңалықтар алып келуде.
Мына қызықты қараңыз, осыдан он жыл бұрын жетпіс жасқа толған Бәкең енді демалып, жер-жаһанның түпкір-түпкірін аралап, қызық көріп, саятшылығын жалғастырып, бейнеттің зейнетін көретін шығар деп ойлағанбыз, олай болмады, жұртты таңғалдырып, Қызылорда қаласының сол жағалауынан 12 гектар жер алып, өзі негізін қалаған «Болашақ» университетінің жаңа кешенін салуды қолға алды. Ұлы жобасын өзі жасады. Аз уақытта Мәскеудегі Ломоносов атындағы атақты университеттің бас корпусына ұқсайтын оқу кешені пайдалануға берілді. Зәулім де зият, жаңа заманғы сәулеткерлік шешімдер таңдай қақтырады. Жайлы жатақханасы, спорт кешені мың адамға арналған мәдениет сарайы және оқу-тәжірибелік жылыжай алаңы көздің жауын алғандай. Бәзбіреулер жиып-тергенін жиырып алдына тартып жатса, бұл кісі, керісінше, бар дүниесімен «Болашақтың» босағасын бекітіп, күмбезін көкке көтеріп жатыр. Рухани құндылық деген – осы. Ағамыздың бұл төлтумасын қайталауға тәуекел еткен ешкімді көрген де, естіген де емеспін.
Академик, білім-ғылым саласының Мэтрі, үлкен әріппен жазылатын Ұстаз, Мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Сәрсенұлы ағамыздың омырауында жарқыраған «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендері мен атаулы атақтары азамат-ердің айбынын асырып, мерейін өсіріп тұр. Мерейлі жасыңыз құтты болсын, абзал аға!
Нұрмұрат ЕРМАНОВ,
Қызылорда облысының Құрметті азаматы