Өмірі – өнеге, өткені – шежіре
Заманның заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлы: «Ұстаз – ұлттың рухани тірегі, келешектің кемеңгері», – дейді. Ал ғаламат ақын Ғафу Қайырбеков өз өлеңінде: «Ұстаз болу – жүректің батырлығы», – деп жырлайды. Расында да, ұстаз – ұрпақтың шамшырағы, қоғамның темірқазығы. Мұғалім – мамандық емес, бұл жүректің қалауы. Осынау киелікәсіптің жауапкершілік жүгін арқалап, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне сарп еткен аяулы жандар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – Жұпар Аяпова. Бүгінгі жазбамызда аталған кейіпкеріміз жайлы айтып, өнегелі өмір жолына, тағдыр иірімдеріне бойлап, түсінуге һәм түсіндіруге тырысамыз.
Жұпар Аяпова – атаққа алданбай, арзан мадаққа жалданбай, жалғанда жарқылдап ғұмыр кешіп келе жатқан жан. Ол 1936 жылы 10 қаңтарда қазіргі Қармақшы ауданы Ақжар ауылында дүниеге келді. Отбасында төрт баланың тұңғышы. Балалықтың бейқам күндері сұрапыл соғыс жылдарына тап келіп, мектеп табалдырығын 1943 жылы аттайды. Араға он жыл салып, 1953 жылы он жылдық оқу ордасын тәмамдап шығады. Дәл осы жылы отбасылық өмірге қадам басып, жары – Зинали Қанбаевты жолықтырады. Бұл мамыражай маусым айының мерейлі мезеттері еді. Жолдасы да тұрмыстық деңгейден биік, пендәуи тіршіліктен ада адам болатын. Екеуі ақ сезімді аялап, өмірдің ағы мен қарасын қатар көруге уағдаласады. Міне, сол сенімге құралған шағын шаңырақ бүгінде алып әулетке айналып, Жұпар апай құрсағынан 10 перзент өрбітеді.
БІЛІМГЕ БАСТАҒАН ЖОЛ
Отбасын құрғаннан кейін де оқу-білімге ден қойып, Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының химиябиология факультетіне оқуға түсіп, 1957 жылы тәмамдайды. Ал алғашқы еңбек жолын 1958 жылдан бастап Ворошилов атындағы №29 мектептің мұғалімі ретінде бастайды. Кейін Ақжар ауылдық №28 орта мектебінде ұстаздық етеді. Кейінгі оқу ордасында 35 жыл бойы табан аудармай қызмет атқарады. Ең қызығы – осынау жылдардың денін жолдасымен қатар жүріп өткізді. Зинали ағай да мұғалімдікті мұрат тұтқан тұлға еді. Жұпар Аяпқызы қызметтік жолдың қай кезеңінде де кісіліктің жейдесін кірлетпеді. Әділдіктің ақ туын берік ұстанды. Содан болса керек, қазақ қызына биік белестер басын иді. Ұстаздық жолдың алғашқы жылдары-ақ өз ісінің шебері екенін дәлелдей білді. Биология мен химия пәндерін оқытуда ол көрнекілік пен тәжірибені басты құралға айналдырды. «Көзбен көрген – көкейде қалады» деген сөзді өмірлік ұстаным етіп, білімнің кілтін балаларға ұстата білді. Бұл қақында көз көрген замандастары үнемі айтып отыратынын біз де білетін едік. Шәкірттері де ол кісінің ұстамды, талапшыл һәм еңбекқор екенін айтады.
«Жұпар апай бізге бесінші сыныптан бастап жетекшілік жасап, мектепті аяқтағанша қасымызда болды. Ол кезде апай небәрі 36-37 жаста екен. Бірақ біздің көзімізде ол кісі нағыз кемеліне жеткен, парасатты, сабырлы да мейірімді тұлға ретінде қалыптасты. Өзіне тән ұстамдылығы, киім киісіндегі жинақылық, басына тартқан ашық түсті орамалымен көзге түсетін. Алты жыл бойы сынып жетекшіміз болды. Бірақ сол уақыт ішінде ол кісіден бір рет те қатты сөз естімек түгілі, дауысының көтерілгенін де естімеппіз. Бар естігеніміз – «айналайын, айналайындар» болыпты. Жұпар апай тек мектептің емес, бүкіл ауылдың, тіпті аудан мен облыс көлеміндегі жұртшылықтың құрметіне бөленген жан болды. Біз үшін ұстаз бейнесі – дәл Жұпар апайдай болу керек сияқты» дейді шәкірті Сапарбек Асқаров.
Рас, ол кісі ұстаз ғана емес, қолы тиген жеріне жан бітіретін шебер еді. Апайдың кабинетінде түрлі жануарлардың тұлыбы тұратын. Сүтқоректілердің, құстардың, бауырымен жорғалаушылар мен балықтардың тұлыбын жасап, биология кабинетін тірі оқулығына айналдыра білді. Қасқырдың бөлтірігі, ақбөкен, бүркіт, үкі, сазан, жылан – бәрі-бәрі сол кабинеттен табылды. Бұл – баланың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, туған табиғатты сүюге, қорғауға үйреткен өмірлік сабақтар еді.
«Мен үшін әр оқушы – танымға құштар бала, ал әр сабақ – сол танымды тереңдететін үлкен мүмкіндік еді. Биология – тек кітаптан оқып, есте сақтайтын пән емес, оны көзбен көріп, қолмен ұстап, жүрекпен сезіну қажет деп санадым. Сондықтан кабинетіме жанжануарлардың тұлыбын жинап, тірі табиғатты мүмкіндігінше сол қалпында жеткізуге тырыстым. Қасқырдың бөлтірігі, ақбөкен, үкі, сазан – осының бәрі балалардың табиғатқа деген қызығушылығын оятып, танымын кеңейтсін дедім. Сабақ арқылы табиғатты қорғауға, сүюге тәрбиелеу – мен үшін ұстаздықтың басты парызы болды. Егер бір шәкіртімнің жүрегінде табиғатқа деген сүйіспеншілік ояна алса, еңбегімнің жемісі – сол деп білемін», – дейді өзі.
Басталған істің бітері анық. Ұстаздық жолы 1986 жылы зейнет жасына жалғасты. Ол кезде Жұпар Аяпова елуде еді. Дегенмен, бала тәрбиесінен үзілген жоқ. Бейнеттің зейнетін көрер шағында да әулетінің ұйытқысы, ауылдың берекесі бола білді. Иә, осынау жылдарда Жұпар Аяпқызы сан мыңдаған шәкіртке ұстаз болып, жүрегінің жылуын арнады. Апайымыз тек білім беріп қана қоймай, әр баланың бойындағы қабілетті ашып, өмірге қанаттандырды. Ақылы мен бағыт беріп, жүрегімен демеп, үлкен өмірдің табалдырығынан сенімді аттатты.
Бүгінде сол шәкірттері – елдің түкпір-түкпірінде түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген азаматтар. Бірі – ғылым жолында, бірі – медицинада, енді бірі – мемлекеттік қызметте, кәсіпкерлік пен мәдениетте, қай-қайсысы да ұстаз аманатына адал болып, қоғамның өркендеуіне үлес қосып жүр. Олардың әр жетістігінде Жұпар Аяпқызының еткен еңбегі, төккен тері мен берген тәлімі жатыр. Әр шәкіртінің биігі – ұстазы үшін ең үлкен марапат, өлшеусіз қуаныш. Ұрпақ тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеумен тең десек, Жұпар Аяпқызының өмір жолы – тұтас бір ұрпақтың тағдырына оң бағыт берген, ел болашағына жарқын жол ашқан рухани мұра. Ұстаздың қолынан шыққан шәкірт – өмір бойғы шығармасы. Ал Жұпар апайдың еңбегі – том-том кітапқа жүк боларлық, ел есінде сақталатын ерен еңбек.
ОТБАСЫНДАҒЫ ЖҰПАР АЯПҚЫЗЫ
Қоғамдағы қызметімен қатар, отбасында да лайықты отанасы болды. Үйдің де, түздің де тірлігін қатар алып жүрді. Жарға адал, балаға аяулы ана, туысқанға тату бола білді. Әлі де сол қарапайымдылықтан, жалпыға жайлы қонақжайлылықтан арылған жоқ. Қазаны оттан түспейтін еді. Еріне деген құрметі шексіз, балаларына қамқорлығы көп еді. Айтайық, зайыбы Зинали Қанбаевпен 67 жыл отандасып, Құдайдың берген қара-құрасын жетілдірді. Ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырды. Кейін қос ғасыр тоғысқан тұста, 1996 жылы Алматы қаласына қоныс аударып, оңтүстік астанамызда өмір сүрді. Дегенмен, мизам шуақ мезет 2020 жылы түгесіліп, асыл ері 92 жасында келместің кемесіне аяқ салды. Алайда өлді деуге келмес, өшпестей із қалса?! Ағай мен апай 7 бала, 30 немере, 53 шөбере сүйді. Көзі тірісінде жолдасы Зинали Қанбаев екі ұлына арнап «Әбу-Дастан, Ай-Дәулет» атты кітап жазып, оларға ғибрат болсын деген оймен дана сөздерді жинақтаған. Бұл – әке мен ананың тәрбиенің ең асыл жолын таңдағанының дәлелі. Бүгінде ұрпақтарының бірі – мұғалім, бірі – зоотехник, бірі – инженер, енді бірі – кәсіпкер, спортшы. Қай-қайсысы да сан түрлі салада Қазақстанның дамуы үшін елеулі еңбек етіп келеді.
Биыл апайымыз тоқсанның төріне шықты. Біреуге бұл – жай ғана жас. Ал Жұпар Аяпқызының түсінігінде – ғұмыр бойы төгілген тердің, ел үшін еңсерілген ерен еңбектің межесі іспеттес. Бұл – тұтас бір дәуірдің куәсі, қилы кезеңдерден сүрінбей өткен саналы ғұмырдың көрінісі. Бұл – ел ертеңі үшін еңбек еткен жанның артында қалдырған ізі, ізгіліктің белгісі. Жұпар Аяпқызының жүріп өткен жолы – бүгінгі ұрпаққа өшпес өнеге, тағылымға толы тарих. Ол кісінің әрбір ісі, әрбір сөзі, әрбір басқан ізі – тәлім мен тәрбиенің тұнбасындай. Өзі қызмет еткен салада ғана емес, бүтін бір өңірдің рухани өмірінде өзіндік өрнегі бар тұлғаға айналды.
Қош, бұл сөз менің ғана емес, Жұпар Аяпқызының барлық шәкірттерінің ізгі ойына құралған құнды жазба. Апайға берген асыл бағасы деп біліңіздер. Ұстазымызға амандық, деніне саулық, ғұмыр жасына ұзақтық тілейміз.
Дариха ДОСАЕВА,
шәкірті