ЖАСТЫҚ ЖАЛЫНМЕН ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА
Ауданымызда жастардың жалын жүрегі мен биік мұраттарына арналған ерекше рухтағы іс-шаралар өтті. 2-12 тамыз аралығында Халықаралық жастар күніне орай онкүндік ұйымдастырылып, мазмұнды шаралар легі жастардың жанжақты дамуына, елдік сана мен отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға бағытталды.
Туған жер – тазалықтан басталады. Апталық аясында жастардың табиғатқа деген жанашыр көзқарасын қалыптастыру мақсатында Ақай ауылдық округі мен Төребай би ауылы жастары «Достық» саябағы мен Дүр Оңғар ауылында тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, эковолонтерлер халық көп шоғырланған орындарда үнпарақтар таратып, экологиялық мәдениетті насихаттады.
– Біз – еліміздің ертеңі, туған жеріміздің шынайы жанашырлары, болашаққа бейжай қарамайтын жастармыз. Туған ауылымыздың, көшеміздің, өзен-көліміздің, саябағымыз бен тарихи орындарымыздың тазалығы – өзімізге деген құрмет пен жауапкершіліктің көрінісі, – дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Нұржұман Пірназаров.
2 тамыз күні ерікті жастар Ораз ахун мешіті ауласында тазалық жұмыстарын жүргізіп, қайырымдылық шарасы аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған үш отбасына азық-түлік көмегін көрсетті.
Жастар үшін ашық аспан астында әдемі кеш те ұйымдастырылды. Олардың рухани және мәдени тәрбиесіне арналған шара ретінде «Патруль: Последний приказ» фильмі ашық аспан астында көрсетілді. Бұл кеш жастарға ерекше әсер сыйлап, патриоттық сезімін оятты.
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және Жұмысшы мамандықтар жылына орай «Кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылып, аудандық электр торабы басшысының орынбасары Тұрсынбай Амандықұлы өзі оқыған кітаптарын жастарға сыйлап, кітап оқудың маңыздылығы жайлы терең пікір алмасты.
Сондай-ақ жастардың таным көкжиегін кеңейту мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағы жастары арасында интеллектуалдық сайыс ұйымдастырылды. Қатысушылар логикалық ойлау, білім мен зейінділік, тапқырлық пен жылдамдық сынды қасиеттерін ортаға салып, тартысты бәсекеде бақ сынады. Сайыс нәтижесінде І орынды Ринат Қанибек жеңіп алса, ІІ орынды Алтынбек Қайырбеков еншіледі. ІІІ орынға Ұлпан Берікбаева жайғасты.
Аудандық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімі мен Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «TARTYL FEST» спорттық сайысы да жастардың қызығушылығын оятты. Жарыс қорытындысы бойынша І орын Марат Сұлтановқа бұйырды. ІІ орынды Дінмұхаммед Алтай иеленді. Ал жүлделі ІІІ орынды Қуаныш Тәтімбетов иеленді. Сайыс қорытындысы бойынша үздіктер арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар Төретам мен Ақай ауылдық округінде «Заң мен тәртіп – дамудың және әділеттіліктің кепілі!» атты акция аясында жастармен жеке қабылдау ұйымдастырылды. Аудан басшылығы мен құқық қорғау органдары өкілдері жастардың сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдап, құқықбұзушылықтың, интернеталаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
7-тамызда Жосалы кентіндегі LED-экран арқылы бейнероликтер көрсетіліп, бұқаралық құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында үнпарақтар таратылды.
Жастарды тұрақты жұмыспен қамту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осы орайда аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Жастар ресурстық орталығы бірлесіп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. Түрлі сала өкілдері келіп, еңбек жолын енді бастап келе жатқан жастарға бағыт-бағдар беріп, нақты жұмыс орындарын ұсынды.
Мұнан өзге «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, тұрғын үй мәселелері, әскери қызмет, психологиялық және құқықтық кеңес беру сынды бағыттарда «MAMAN TALKS» кеңес беру алаңы ашық форматта өтті. Жастар көкейіндегі барлық сауалдарға тікелей мамандардан жауап алып, пайдалы ақпаратқа қанықты.
Бүгінгі жастар – ертеңгі ел тұтқасын ұстар азаматтар. Айта кетейік, ауданымызда өткен осы мазмұнды шаралар легі жас ұрпақты отансүйгіштікке, жауапкершілікке, белсенділікке үндеп, олардың қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған.
Ақнұр САҒЫНТАЙ