Қазақстандық оқушылар Аустралияда өткен олимпиадада алты медаль жеңіп алды
Қазақстан құрамасы әлемдік деңгейдегі зияткерлік сайыстарда үздік нәтиже көрсетуін жалғастыруда. Биыл Аустралияда өткен мектеп оқушыларына арналған ең беделді пәндік жарыстардың бірі – Математикадан халықаралық олимпиадада (International Mathematical Olympiad, IMO-2025) отандық оқушылар ел абыройын асқақтатып, төрт күміс пен екі қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл жолғы олимпиадаға 112 елден келген 650-ге жуық жас математик қатысты. Жоғары деңгейдегі тартысты бәйгеде Қазақстандық жас зияткерлер тағы да үздіктер қатарынан көрінді.
Күміс медаль иегерлері:
- Мирон Юркевич — Алматы қаласындағы Haileybury Almaty мектебінің 12-сынып оқушысы
- Амирлан Аманжолов — Алматы қаласындағы Haileybury Almaty мектебінің 11-сынып оқушысы
- Марғұлан Шарел — Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 11-сынып оқушысы
- Амир Сахипов — Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі (РФММ) оқушысы
Қола медаль иегерлері:
- Ерасыл Алтынбек — Алматы қаласындағы Nurorda мектебінің 10-сынып оқушысы
- Ерқанат Кеншілік — Ақтөбе облысындағы "Білім-инновация" лицей-интернатының 11-сынып оқушысы
Оқушылардың бұл жетістігі – тек жеке қажыр-қайрат пен еңбекқорлықтың ғана емес, сондай-ақ отандық білім жүйесінің әлеуетін көрсететін айқын дәлел.
Ұлттық құраманың ғылыми жетекшілері PhD докторы Асылбек Исахов және халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері Қанат Сатылханов шәкірттерін осы сынға үлкен дайындықпен бастап барған.
Біз бұл балалардың артында ұстаздардың, ата-аналардың, бүкіл елдің қолдауы бар екенін ұмытпауымыз керек. Қазақстан жас математиктерінің бұл табысы – зияткер ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды қадам, - дейді олимпиада жетекшілері.
Айта кетейік, IMO (International Mathematical Olympiad) – 1959 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлемдегі ең беделді пәндік олимпиадалардың бірі. Ол халықаралық деңгейдегі жеті пәндік олимпиаданың (International Science Olympiads) қатарына кіреді.
Қазақстан бұл додаға 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама 16 алтын, 55 күміс, 81 қола медаль, 29 құрмет грамотасына қол жеткізген.