» » КӨРІНБЕЙТІН ҚЫЗМЕТ – КӨРНЕКТІ НӘТИЖЕЛЕР

КӨРІНБЕЙТІН ҚЫЗМЕТ – КӨРНЕКТІ НӘТИЖЕЛЕР

Таң шапағымен халықтың қызу тіршілігі жанданады. Үлкендер жұмысқа, кішкентайлар балабақшаға асығады. Жол үстінде жүйткіген көлік, аялдамада автобус тосқан жұрт, көше бойын сыпырып жүрген жұмысшылар – барлығы күйбең тірлікке белсене кіріседі.
Бүгінде ауданымыз көркейіп, жаңа тынысын ашып келеді. Мұны туған жерден тысқары кетіп, атамекенге ат басын бұрған әрбір жан айтады. Жолдарымыз жаңарып, әсем жаңа ғимараттарымыз бой көтеріп аудан ажарын айшықтау үстінде. Бізде қауіпсіз жол мен сапалы жылумен қамтамасыз ету қызметіне жауапты Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жұмыс істейді. Аталған бөлім – күн сайын қалыпты тіршілігін қамтамасыз етіп отырған негізгі тетік. Тұрғын үйге жылу беру, жолдарды жөндеу сынды іргелі істердің барлығы сала мамандарының тікелей қатысуымен жүзеге асады.
Бөлім басшысы Бақытбек Жылтыровтың айтуынша, мекеменің басты мақсаты – тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, коммуналдық қызметтің сапасын арттыру және көлік қатынасын жетілдіру. Бұл бағытта кешенді жоспарлар жүзеге асырылуда.
Халық арасында «Жол – өмірдің өзегі» деген тәмсіл бар. Өйткені жол – өркениетке апарар бірден-бір даңғыл. Ауданымызда соңғы жылдары көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ел игілігіне жарап жатыр. Ауыл мен ауылды, ел мен елді жалғайтын асфальт жолдардың сапасы – тек жайлылықтың кепілі ғана емес, ол – экономиканың қозғаушы күші, тұрмыс сапасының көрсеткіші.
Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 155,35 шақырым. Оның ішінде 148,85 шақырымы асфальтталған болса, 6,5 шақырымы қиыршық тасты жолдардан тұрады. Ең қуаныштысы – бүгінде осы жолдардың 100 пайызы жақсы және қанағаттанарлық күйде. Бұл – қажырлы еңбектің, жүйелі жоспардың, уақытпен үндесе жұмыс істеген мамандардың нақты жемісі.
– Биыл аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріне жөндеу жұмысын жүргізуге республикалық бюджет есебінен 359,0 млн теңге, облыстық бюджет есебінен 940 млн 516 мың теңге, аудандық бюджет есебінен 64 млн теңге, барлығы 1 млрд 363,5 млн теңге бөлінген.
Өткен жылы республикалық бюджет есебінен Ақжар ауылындағы Абай Құнанбаев көшесінің құрылысына 90,4 млн теңге нысаналы даму трансферті қаралды. Биыл аталған жұмыстарды аяқтауға 125,2 млн теңге қаржы бөлініп отыр, – дейді бөлім басшысы.
Автомобиль жолдары саласындағы биыл жүзеге асырылатын ірі жобалардың бірі – Төретам-Ақай айналма жолы. Автожолын күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 528,4 млн теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталып, келісімшарт жасалды. Бүгінгі күнге мердігер мекемемен жұмыстар атқарылуда. Бұл жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы Байқоңыр қаласы, Төретам кенті мен Ақай ауылдық округіндегі 60 мыңға жуық тұрғыны сапалы көлік қатынасына қол жеткізетін болады.
Бөлім тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Мәселен, «Көлік инфрақұрылымын дамыту» бағдарламасына сай облыстық бюджеттен Қызылтам елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолын қайта жаңғыртуға 48,1 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары «Қызылорда жолдары» ЖШСмен атқарылып, аяқталуда. Жоба құны – 711,0 млн теңге. Биыл жұмыстарды аяқтауға аудандық бюджет есебінен 39,0 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Жол ұзындығы – 4,6 шақырымды құрайды.
Сондай-ақ «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2 жобаға 233,8 млн теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық бюджет есебінен 3 жобаға 412516,0 мың теңге қаржы қаралды, атап айтқанда: Ақжар ауылдық округі, Ш.Уәлиханов, Р.Жиенбаев, С.Сейфуллин көшелерін күрделі жөндеу, Жосалы кентіндегі Н.Нақыпов көшесі, Алтынасар көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Аудандық бюджет есебінен Ақтөбе ауылдық округінің Ы.Сейтенов көшесіне орташа жөндеу жұмыстары, аудандық маңыздағы автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу және оны күтіп ұстау жұмыстарына қаржы қарастырылған.
ГАЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛУДА
Қазіргі таңда халқымыздың тұрмыс сапасын арттырып, елді мекендерді көркейту жолында атқарылып жатқан ауқымды істің бірі – газдандыру жұмысы. Көгілдір отынның әрбір шаңыраққа жетуі – ел үмітін ақтаған еңселі бастама, өркениеттің өріне бастар нақты қадам. Осы бағытта ауданымызда жүйелі жұмыс жүргізіліп, нақты нәтижеге қол жеткізілуде.
Аудан орталығы Жосалы кентінде барлығы 4 409 тұрғын үй тіркелсе, бүгінде соның 91 пайызы, яғни 4 006 үй табиғи газға қосылған. Бұл – көгілдір отынның игілігін көріп отырған мыңдаған отбасы деген сөз. Сонымен қатар, 18 әлеуметтік нысан мен 199 кәсіпкерлік нысан газ желісіне қосылған.
Жосалы кентіндегі «Тәуелсіздік» ықшам ауданы да даму көшінен қалмай, заманауи газ инфрақұрылымымен қамтамасыз етілді. Жобаның жалпы құны – 707,7 млн теңге. Ұзындығы 42,5 шақырымды құрайтын газ желілерінің ішінде 2,2 шақырымы – орта қысымдағы, ал 40,3 шақырымы – төменгі қысымдағы құбырлар. Қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз ету мақсатында 4 дана шкаф типіндегі газ реттеу пункті (ШРП) және 1 дана газ реттеу станциясы (ГРПШ) орнатылған. Нәтижесінде 1 299 абонентке газ нүктелері шығарылып, тұрғындар жылу мен жарыққа қарық болды.
Ал Төретам кентінде 1 780 тұрғын үйдің 1 195-і көгілдір отынға қол жеткізіп, қамту көрсеткіші 68 пайызға жетті. Мұнда кәсіпкерлік саласындағы 80 нысанға да газ тартылды. Ал Ақай ауылдық округінде 1 328 үйдің 885-і (67%) газға қосылып, 34 кәсіпкерлік нысан жылу мәселесін шешті.
ДҮР ОҢҒАР – ЖАҢА ЖОБАЛАР АЙМАҒЫ
Ауданның әлеуеті артып келе жатқан елді мекеннің бірі – Дүр Оңғар ауылы. Бұл ауылға газ құбырын және орамішілік желілерді тарту мақсатында облыстық бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстары «МБК Құрылыс» ЖШС-мен келісімшарт негізінде басталып кетті. Жалпы жоба құны – 7,1 млрд теңге. Ауқымды жобаның аясында 86,936 шақырым газ құбыры төселеді. Оның ішінде жоғары қысымды – 62,515 км, орта қысымды – 1,631 км және төмен қысымды – 22,79 км. Сондай-ақ, 3 дана шкаф типіндегі газ реттеу пункті (ГРПШ) орнатылады.
Биыл 72,744 шақырым газ құбыры тартылды. Бұл көрсеткіштің 47,5 шақырымы – жоғары қысымда, 1,631 шақырымы – орташа, ал 24,513 шақырымы – төмен қысымдағы газ желілері. Сонымен қатар 414 тұрғын үйге Ду32/25 түйін арқылы газ шығарылды.
Газдандыру жұмыстары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Бүгінде Иіркөл (жоба құны – 378,9 млн теңге) және Төребай би (жоба құны – 497,1 млн теңге) ауылдарына да газ құбыры мен кварталішілік тарату желілерін тарту жобалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп, құрылысқа қажетті қаржы бөлінді. Бұл ауылдар да алдағы уақытта көгілдір отынның рахатын көреді.
Елді мекендерді газдандыру – тек тұрмыстық жағдайды жақсартудың ғана емес, сонымен қатар экологиялық ахуалды оңалтудың да бір жолы. Ауыз толтырып айтуға тұрарлық бұл жұмыстар – ел дамуына, халықтың әлеуметтік әл-ауқатының артуына бағытталған нақты қадамдар. Көгілдір отын – өркениетке бастар жол болмақ.
Ауданның көркеюі – осындай күнделікті атқарылатын жүйелі жұмыстардың жемісі. Сондықтан да бөлімнің әрбір қызметкерінің ерен еңбегі – ауданның өркендеу жолындағы маңызды үлес.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
15 шілде 2025 ж. 99 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№55 (10423)

26 шілде 2025 ж.

№54 (10422)

22 шілде 2025 ж.

№53 (10421)

19 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 141
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031