ҚАРМАҚШЫМ
Қармақшым туған жерім – Жерұйығым,
Жер-ана сағынғанда сен иідің.
Атыңды есіткенде Қармақшы деп,
Тылсым бір дүниеңе мен ұйыдым.
Қармақшымда аңыз бар көп тараған,
Бояуды «жоса» деген тасын адам.
Екі дос – Жарғақ, Қармақ балық аулап,
Қонысы – Қармақшы деп аты қалған.
Жусаны Қармақшының жолда өскен,
Иісі бұрқыраған шықпас естен.
Сағынам әлі күнге әр кездерде,
Далаңды жанға қуат самал ескен.
Әулие Марал ишан жатқан жерің,
Халық әркез қадірлеген мұндай ерін.
Туса да арқа жақта Марал бабам,
Қимаған тұрақ етіп, Қармақшы елін.
Сан ғасырлық тарих жатыр жерімде,
Қобыз үнін Қорқыт тартқан елімде.
Сақ-Ғұндардың сырлары бар тұңғиық,
Әлем халқын мойындатқан төрінде.
Екі салдың бірі – Біржан данамыз,
Екіншісі – Ешнияз сал бабамыз.
Алаш елі ардақ тұтқан екеуін,
Ұрпағына құт боп қонған батаңыз.
Жүз ақынның шыққан жері ауылым,
Тұрмағамбет дара туған ақыным.
Ауылымда сөз саптауы ерекше,
Ағалардың жастар тыңдар ақылын.
Бірінші боп қызметке сайланған,
Есқараев Сүлеймен ол – зор маман.
Қазақстанда Прокуратура жүйесін,
Жолға қойып ең алғашқы қолға алған.
Тәйімбеттей батыр, тұлға атамды,
Парыз көрем мақтан етіп айтуды.
КСРО-ның Батыры деп мойындап,
Кеудесіне жұлдыз таққан айтулы.
Күріш егіп өсіргесін ауылым,
Бір-біріне көмек берген қауымым.
Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима,
Қай жұмыстың қиын көрмес ауырын.
Жиенбайдан – Рүстембек – Көшеней,
Арнұр жырдың нөсерлеткен жауынын.
Сырдың үнін көмекейде сақтаған,
Бидас ағам, аман отыр бауырым.
АЙНАЛАЙЫН, АУЫЛЫМ!
Той болатын «Жетіасардың» бауырында.
Жырау жырлап, білте шаммен қараша үйде,
Қайтатын таң алдында қауымым да.
Қазағым бәйге тіккен той боларда,
Жасынан атқа шапқан балалар да.
Бәйгеден озып келіп қуантатын,
Олжамен оралатын ағалар да.
Ән-жыры, той-думаны тыйылмаған,
Жаюлы дастарқаны жиылмаған.
Қазанда былқып піскен ас тағамы,
Ұмыту соның бәрін қиын маған.
Кетпейді естен сол бір бақытты шақ,
Ақкешпе топырағың, ыстық бұлақ.
Жайқалып атыздарда Сыр күріші,
Майысқан күнбағысты ғажайып бақ.
Ұсынар қонағына бауырларым.
Шомылып жаппа суға барлық бала,
Қорғайтұғын су сағасын, ауыл бағын.
Азаннан мал өріске өрілетін,
Түндігі ақ боз үйдің түрілетін.
Анамның айран көже, ыстық сүті,
Ошақта таба наны көмілетін.
Жол сілтеп мақсатыма туған жерім,
Тіршілігі бірлігімен тұрған елім.
Қазақтың өнегесі – өмірі боп,
Еңбекпен танылды ғой талай ерің.
Жігерің қуат берді, бойға шуақ,
Жүрсем де елден алыс, елден жырақ.
Адамдар көшсе-дағы ауылынан,
Адамнан көшпейді екен ауыл бірақ.
Көзіме елестейді бәрі көрген,
Әке-шешем, аумағым бірге жүрген.
Ауылым өркендесін, өсе берсін,
Айналдым өздеріңдей іргелі елден!
ЖАҢАГҮЛ АПАҒА
Апатайым ардақтысың, асылсың,
Намыс отын бойға жиған батылсың.
Бар өмірді арнап туыс-бауырға,
Батыл қызы – нағыз батыр, ақылшым.
Тұлға болдың, жігерлісің, биіксіз,
Адалдықты көкірегіңе түйіпсіз.
Туыс десе жүрегіңіз елжіреп,
Туысқанның бар баласын сүйіпсіз.
Тазалықты ақ сүтпенен сіңірген,
Алдау, арбау ешнәрсені білмеген.
Бақыт үшін, бауыр үшін әрқашан,
Жүрек кілтін сезімдерге бермеген.
Бауырыңның амандығын тіледің,
Немере үшін тыншымайды жүрегің.
Тілеушісі біздің үйдің аман боп,
Ауырмашы, орның бөлек тірегім.
Иман нұры, кеудесінде жайнайды,
Немерелер, қасыңызда ойнайды.
Бар арманы, апамыздың – батасы,
Бесік тойлар кебейсін деп ойлайды.
Немереңіз, Сәлсәбиің қуаныш,
Кәусар, Айнұр қуандырған жұбаныш.
Арттарынан төркін болар қыздарға,
Батыр жігіт келсін дейік құрауыш.
Сауап жасап, қанша әйелдің баласын,
Іңгәлаттың өмірінің жалғасын.
Бүкіл ауыл, алғыс айтар өзіңе,
Балалары, аман-есен туғасын.
Майталман боп әрбір істе ауылда,
Еңбек еттің ыстық, суық жауында.
Дәнді сеуіп, терді төгіп, шаршамай,
Би боп жүрдің жаңа гүл боп қауымға.
Құрмет тұтып, сыйлап Апа, өзіңді,
Жырмен жаздым, ақ тілекті сөзімді.
Жүрегі ақ, жүз жылда бір туылар,
Аман болшы, текті Апа төзімді.
ҚАСИЕТТІ ДОМБЫРА
Күй ойнасын кең далам мен көгімде,
Тұрсын қазақ домбыраңыз төріңде.
Төгілгенде шанағынан қоңыр үн,
Шабыт беріп сыр тұнады көңілге.
Қуанышын жырға қосқан қуантып,
Жұбанышын әнге салған жұбатып.
Тұмарындай үкілетіп қолына,
Жырлап келген ғасыр үнін толғатып.
Тұлпары мен сұңқары бар баптаулы,
Жыршы, әнші, күйшісі бар мақтаулы.
Қайсар қазақ – намысты да жігерлі,
Дәстүрлерім сары алтындай сақтаулы.
Қанша ғасыр серік болған бабама,
Жаратқаным дарытсыншы балама.
Күй атасы Құрманғазы кемеңгер,
Күй төгілткен қос ішектен далама.
Сырға тұнған тарих жатыр күйіңде,
Қадір тұтты батырың да, биің де.
Қос ішекті домбырамен ән салар,
Барлық қазақ қонақ күтсе үйінде.
Барымызды бағалаңдар бәрің де,
Кие тұтқан жасың-дағы, кәрің де.
Талапкерім тыңдағанда таңырқап,
Қуат берсін жүрегіңнің төрінде.
Мақам, сазбен байланыс бар тегімде,
Күй құдірет – рух берер жерімде.
Қазағымның домбырасы киелі,
Тәуелсіздік туы тұрған елімде.
Уасила ДАУЛЕТБАЙҚЫЗЫ