АЙМАҒЫМЫЗДА АЛҒАШҚЫ ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА БАҒЫТЫНДАҒЫ «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ЛИЦЕЙ-ИНТЕРНАТЫ АШЫЛДЫ
Сыр өңірінің білім саласындағы маңызды оқиға – Қызылорда қаласында физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл заманауи білім ордасы – еліміздің дарынды жастарына сапалы білім беріп, олардың ғылым мен технология саласындағы қабілетін дамытуға бағытталған маңызды жоба.
Ашылу шарасына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ әлемге танымал физик, академик, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев арнайы қатысты.
Салтанатты рәсімде сөз алған Ермек Беделбайұлы мен аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы білім саласына мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық пен қолдауды ерекше атап өтті. Облыс әкімі өз құттықтауында: «Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін қуаттап, аймақта білім беру сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан нақты істерге тоқталды.
Аймақ басшысы соңғы үш жыл ішінде білім саласына бөлінген қаржы 304,6 миллиард теңгеге жетіп, 32 пайызға артқанын айтты. Үш ауысымда оқитын мектептер мәселесі де шешімін тапты. 2023 жылы Қызылорда қаласындағы төрт мектепке 1 850 орындық қосымша құрылыс салынды. Бұл — балалардың қолайлы әрі қауіпсіз ортада сапалы білім алуына бағытталған нақты қадамдардың нәтижесі.
Жаңа білім ошағының ашылуымен қатар, лицей-интернаттың құрылысын сапалы әрі мерзімінде аяқтаған құрылысшылар мен білім саласы қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – еңбектің еленуі мен ұрпақ болашағына қосқан үлестің бағалануының көрінісі.
Шара барысында академик Асқар Жұмаділдаев, Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов, Мұрат Бақтиярұлы сынды елге танымал азаматтар құттықтау сөз сөйлеп, жаңа білім ордасына сәттілік тіледі. Олар лицей-интернаттың еліміз үшін бәсекеге қабілетті, білімді де дарынды жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызын ерекше атап өтті.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысында биылдың өзінде 3 000 орындық 6 мектеп пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылында тағы 4 мектептің есігі ашылады. Бұл — сапалы білімге қолжетімділік пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудегі нақты жетістіктердің жарқын көрінісі.
