ҚАЗАҚСТАННЫҢ үздік студенті
Аиданы ауданда өтетін түрлі байқаулардан жиі көруші едік. Бала күнінен өлеңге жақын, мәнерлеп өлең оқығанда дыбыс ырғағы, оқу мәнері тыңдаушысын бірден-ақ баурай жөнелетін. Оның денсаулық жағдайына қарамастан алға ұмтылатыны, өмірге деген ғашықтығы қаншама жанға рух беретін, жігерлендіретін. «Ізденген жетер мұратқа» дегендей, жас ару бүгінде өзінің қайсар мінезімен болашағына мақсат қоя білуінің арқасында Алматы төріндегі талай дін мамандарын даярлап жатқан Нұр-Мүбәрак университеті «Исламтану» факультетінің І курс студенті.
«Талантты адам қай жерде де талантты» демекші, алған бетінен қайтпайтын өнерлі де білімді жас Аида Шауханбаева жақында Астанада «Жаңа Қазақстан» және Қазақстан Республикасы «Білімөркениет» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталықтарының ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік студент» республикалық форумында жүзден жүйрік шығып, І дәрежелі диплом, «Үздік студент» төсбелгісімен марапатталды.
А.Талғатқызының «Жаңа қазақстандық патриотизм» жобасы аясында жастар саясатын дамыту және дарынды жастардың креативті идеялары мен жаңа бастамаларын қолдауды мұрат еткен додалы жарыста үздік студент атанғаны – жерлестерін де қатты қуантады.
Байқауға ғылым, өнер, спорт саласында және ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жетістікке жеткен 180-нен аса жоғары оқу орны мен колледж студенттері қатысып, бақтарын сынаған.
Осы байқаудың шартына сәйкес, біздің қызымыз да құжат тапсырған. Қорытындысында дарынды студенттер арасынан топ жарып, еліміздің жастар саясатына қосқан үлесі, қоғамдық іс-шараларға белсене араласып, көшбасшылық қабілетін көрсете білгені үшін байқаудың басты жүлдесін қанжығасына байлады.
Шәкіртінің жетістігін редакциямызға алғашқы болып жеткізген «Дәметкен ана» балалар оңалту орталығының құрылтайшысы Дина Базаралықызы болды.
– Аида – біздің түлегіміз, шәкіртіміз. Өмірге 6 айлығында небәрі 900 грамм салмақпен келген сәби болатын. Дәрігердің бақылауынан соң диагноз қойылған. Көпбалалы отбасынан шыққан. Дарыны мен талабы, табандылығы оны дамытып, алға жетелеп келеді. Республикалық, облыстық, аудандық көптеген байқауға қатысып, жүлдегер, жеңімпаз атанған. Республикалық жарыстан І орын алу оңай шаруа емес. Оған талай жылдың еңбек нәтижесі жұмсалғаны анық. Біздер Аидамен мақтанамыз, алғашқы түлегіміз екенін де қуана айтқымыз келеді. Болашағынан үлкен үміт күтеміз. Өзі таңдаған дін саласының білікті маманы болуына тілектеспіз. Дені сау болып, өмірдегі арманмақсатына жетсін. Қызымызды тек қана биіктерден көрейік, – дейді Дина апамыз.
Бұл ретте үздік студенттің де өз айтары, жүрекжарды лебізі бар.
– Осындай жетістікке жетуіме – «Дәметкен ана» орталығы ұжымының, оның құрылтайшылары марқұм Зарқұм Бекжанов ата мен Дина Базаралықызының еңбектерінің себебінен дер едім. Өнерге деген ынтамды арттырды. Қай кезде де қолдау білдірді, қолтығымнан демеді. Сонымен қатар маған осы уақыттар аралығында жылы сөзімен, шынайы ісімен көмек көрсеткен барша жанашыр жанға да риясыз ризашылығымды білдіремін, – дейді жас ару.
С.АҚКІСІ