Айдардың айтулы жеңісі
Мектеп бітіруші түлектер үшін ең маңызды білім сынағы ҰБТ тапсыруға біршама уақыт қалды. Он бір жыл бойы алған білімдерін дәлелдеп, грант иегері атану әрбір шәкірттің арман-тілегі. Ол үшін мемлекет тарапынан барынша қолдаулар көрсетілуде. Сапалы білім беріп, шәкірттерін жетістіктерге жетелейтін ұстаздар қауымының еңбегін ерекше атаған жөн.
Жақында Төретам кентіндегі №85 орта мектептен сүйінші хабарды естідік. Осы мектептің 11-сынып оқушысы Айдар Достыбаев жоғары оқу орнының грантын жеңіп алғанын хабарлады. Ол университеттің грантын жеңіп алу үшін бірнеше кезеңнен тұратын сынақтардан өтіп, сынға түскен. Толығырақ тарқатсақ.
Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті «School Coding Cup 2025» олимпиадасын ұйымдастырған болатын. Бұл байқау бағдарламалауға қызығушылық танытқан талантты және қабілетті қатысушыларды анықтауға, сондай-ақ олардың бағдарламалық технологиялар мен алгоритмдерді тереңірек зерттеуге деген қызығушылығын ынталандыруға бағытталған. Мұндай олимпиадаға қатысу – тек өз білімі мен дағдыларын көрсету мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар IT саласындағы табысты мансапқа маңызды қадам. Күрделі тапсырмаларды шешу аналитикалық ойлауды, командада жұмыс істеу қабілетін және уақыт қысымымен күресу қабілетін дамытуға көмектеседі. Ал мұндай қабілеттер кәсіби ортада жоғары бағаланады. Бұл олимпиадаға ауыл, аудан, қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары мен студенттер қатыса алады.
Олимпиаданың алғашқы кезеңдері онлайн форматта өткен. Осы кезеңнен оза шауып республиканың түкпіртүкпірінен келген 54 өрен Алматы қаласында бақ сынайды. Төрелік етушілердің шешімімен жерлесіміз Айдар ІІ орыннан көрініп, жоғары оқу орнының грантын жеңіп алады. Енді ол алда болатын ҰБТ тапсырудан босатылып, аталмыш университетте жоғары білім алатын болады.
– Дәл осындай мүмкіндік сыйлаған Қаныш Сәтбаев университетіне, мені дайындаған жетекшіме алғысым шексіз. Кез келген жағдайда қолдайтын ата-анама, бауырларыма, достарыма рақмет айтамын. Оқуымды үздік аяқтап, осы саланың қыр-сырын толық меңгеріп, сол арқылы елімнің дамуына үлес қосқым келеді, – дейді Айдар.
Қазақта «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» деген әдемі тәмсіл бар. Айдарға жетекшілік еткен Мадина Қоңырбаева да тәжірибелі ұстаздар қатарынан. Ынталы оқушының таудай талабын байқаған ұстаз екі жыл қатарынан Айдарға бағыт-бағдар беріп, жетекшілік етуде.
– Оқушымның IT саласына деген ықыласы бөлек. Таңдау пәні ретінде информатика мен математика пәндерін таңдаған. Мінезі сабырлы, тиянақты. Ізденгіштігі басым. Өзі отбасында алты перзенттің тұңғышы. 54 оқушының ішінен топ жарып, грант жеңіп алуы – мектеп үшін мақтаныш, ата-ана үшін зор қуаныш, ал өзі үшін үлкен жеңістердің бастамасы. Алда әлі талай биік шыңдарды бағындырып, білікті маман боларына сенімім мол, – дейді жетекшісі Мадина Қоңырбаева.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА