Салық төлеудегі жаңа талаптар: қазақстандықтар нені білуі керек?
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтарға бюджетке төлем жасаудың жаңа талаптары туралы хабарлады, - деп жазады Tengrinews.kz.
МКД мәліметінше, Қазақстанда 2025 жылғы 13 қаңтардан бастап салықтар мен басқа да бюджетке төленетін төлемдерді төлеу кезінде жаңа талаптар күшіне енді. Ұлттық банк енгізген ISO 20022 халықаралық стандарты елдегі барлық төлем жүйелеріне, сондай-ақ банктер мен төлем нарығының басқа да қатысушыларының ақпараттық жүйелеріне әсер етеді.
Не өзгерді?
Өзгерістер Қазақстан аумағында қолма-қол ақшасыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру ережелеріне қатысты. Басты жаңалықтардың бірі – бюджетке төлемдер үшін төлем тапсырмасының жаңа нысанының енгізілуі. Ең маңызды өзгерістердің бірі – төлем тапсырмаларында "Нақты төлеушіні" көрсету міндетті болады.
"Нақты төлеушіні" қалай дұрыс толтыру керек
Енді салық төлеу кезінде филиалдары немесе бөлімшелері үшін төлем жасайтын заңды тұлғалар тиісті бөлімшенің атауын және БИН көрсетуі қажет. Егер төлем борышкердің міндеттемелері бойынша сот орындаушысы тарапынан жүзеге асырылса, борышкердің Т.А.Ә. және ЖСН көрсету қажет.
Неге бұл маңызды
"Нақты төлеуші" жолын дұрыс толтырмау қаражаттың дұрыс түспеуіне және берешектің пайда болуына әкелуі мүмкін. Сондықтан төлем тапсырмаларын толтыру кезінде өте мұқият болу қажет.
Не істеу керек
Салық төлеушілерге Ұлттық банк белгілеген жаңа талаптарды қатаң сақтауға және сұрақтар туындаған жағдайда қызмет көрсетуші екінші деңгейлі банктерге жүгінуге кеңес беріледі.
Еске салайық, қаңтарда Қазақстанның барлық коммерциялық банктері қаржы ұйымдары арасындағы деректер алмасудың жаңа халықаралық ISO 20022 стандартына көшкені хабарланған болатын.