» » Жалданып жұмыс істеу кімге қайыр?

Жалданып жұмыс істеу кімге қайыр?

Жаз. Аптап ыстық. Жүйткіп келген қымбат мәшиненің есігіне ескі базарда тұратын бір топ жұмыссыз жандар ентелей келіп, қарай қалысты. Барлығында бір ғана сауал. Ол қандай жұмыс екен?. Бұл жердегілер үшін жұмыстың еш ауырлығы жоқ. Тек ақшасын уақытылы төлесе болғаны. Бәрібір. Мейлі цемент тасып, сылақ сылап, жер аударсын. Оларға түк емес. Бірақ, жалдамалылар үшін дорбасын арқалап, жеңіл көліктің келген-кеткенін аңдуы бұрындары көптеп кездесетін. Ал, қазір ше?
Каир елді мекенінде, Сфинкстен оңтүстікке қарай 400 метр қашықтықта ерекше қала орналасқан. Оны әдетте «Пирамида тұрғызушылар қаласы» немесе арабша «Хейт-аль-Гураб» деп атайды. Оған 4,5 мың жыл болған. Пирамиданың құпиясына қызыққан ғалымдардың пайымынша Мысыр пирамидаларын құлдар емес, жалдамалы жұмысшылар тұрғызған екен. Бірінші кезекте құрылысшылардың жұмысының сапасына басты назар аударған. Ал сапалы жұмыс істеуі тәтті тағамдар жеуімен байланысты болса керек. Елді мекеннің оңтүстік бөлігінде жануарларға арналған қораның орнынан төрт түлік мал мен жануарлардың сүйегі табылған. Сенесіз бе? Жалдамалы жұмысшылар күніне 2 тонна ет жеген. Ол қойдың, қозының еті болса керек-ті. Калориясы көп тағамдар жеп қана қоймай, медициналық тексеруден өткен екен. Осыдан-ақ олардың еңбегі жоғары бағаланғанын көруге болады. Әрине, қызық дерек. Ал, бүгінде күнделікті тапқан нәпақасын отбасына жеткіземін деп жүріп, уақытылы ақшасын ала алмай жүргендері қаншама. Себебі, бүгінгі қоғамда басты рөлді білімді адам алады.
Ақша табу үшін қайда бар десең айылын жимайтын түрі бар жандар бар. Жұмыссыздықтан шаршаған адамдар өз бетімен күн көрудің жаңа жүйесіне көшкен. Ол – жалдамалы жұмыс. Оған белгілі бір жоғарғы білімнің қажеті жоқ. Күнделікті тапқан азын-аулақ тиын-тебенге отбасын асырап әлек. Ескілікке етіміз үйреніп, небір сорақылықты көзіміз көргенімен, жалдамалы жұмысшылардың жаңбырдан соң шыққан саңырауқұлақтай қаптайды деп ойламаған едік. Десе де, "заманың түлкі болса, тазы боп шалудың" жаңа түріне енген, тепсе темір үзетін жігіттер жалдамалы жұмыспен осылай айналысуды жөн санаса керек-ті. Жігіті былай тұрсын қыз-келіншектер де қатарға қосылып үлгерді. Бұрынғыдай базар жанында жұмыс сұрап емес, ғаламторда белгілі бір жұмыс ұсынатын деңгейде.
Көктем уақыты. Тіршілік тіріле бастағанда жер аударып, тұқым себетін әдетіміз бар. Ауланың көлемі әлдеқайда кең. Жұмысшы жалдап жерді жырту үшін әлеуметтік желідегі «OLX Жосалы» тобына кірдім. Апыр-ай! Жаныңа керектің барлығы бар. Бітпей қалған жұмыстарыңды азын-аулақ ақшаға бітіріп береді. Сондай-ақ жылдам қызмет атқарады екен. «Сылақ жасаймыз, үй әктейміз, жер қазамыз, отын шабамыз бағасы арзан, келісеміз» деген сықылды түрлі жарнамалар көздің жауын алады. Бірінен соң бірі жұмыс берушіге таласып әлек. Солардың бірі, жалдамалы жұмысшы келіншекті әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Қолымда дипломым жоқ. Тұрақты жұмысқа да орналаса алмадым. Өз күнімді өзім көру үшін үй ақтап жалдамалы жұмыс жасаймын. Өзіме ыңғайлы. Бағасы да қымбат емес. Бөлменің көлеміне байланысты 1500 теңгеден басталады. Жоғарғы қабырғасы бар үлкен бөлме болса 3000 теңге. Тапсырыс көп бола бермейді. Бірақ көктем мезгілінде артады. Бір ғана жұмыспен тоқтап қалмай, қосымша сылақ сылау, үй тазалау, бала күтуші сияқты жұмыстарды да істеймін. Ай сайынғы жәрдемақы азық-түліктен артылмайды. Балалардың киімі, оқу-құралы бар дегендей. Сол үшін өлместің қамы ғой бұл, – дейді Асыл Бейімбетова (есімі өзгертілген).
Адам қарекет етпесе ешқандай нәтижеге де қол жеткізе алмайды. Қарапайым құмырсқаға қараңызшы. Тынбай тырмысып азығын ініне тасып әлек. Кейінгі жаңалықтардан естіп, көріп жүрген оқиғаларға да куәміз. Шет елде мектеп оқушылары жеке бизнестерін ашқан. Бір қала, аудан емес. Бір мектептің бір сыныпта оқитын оқушылары. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың өзі кәсібін ашып дөңгелетіп отыр. Біз жалқаумыз ба? Идея тұнып тұрғын миды неге қозғамасқа? Мемлекет берген мүмкіндікті неге тиімді пайдаланбасқа? Егер сіз жұмыссыз болсаңыз жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз жан ретінде тіркеліңіз. Әйтпесе, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың тізіміне ілігіп қалуыңыз мүмкін. Онда сізді қабілетіңізге қарай, белгілі бір мамандыққа оқытып, жұмысқа орналасуыңызға септігін тигізеді. Содан кейін өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарына қосыласыз. Яғни, «Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – техникалық, кәсіптік біліммен және қысқа мерзімдік оқумен қамтамасыз ету. Олардың барлығы шәкіртақымен, күнделікті бір реттік ыстық тамақпен және жолақымен қамтылған. Екінші бағыт – жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. "Бастау бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері үйретіледі. Осыны оқығандар "шағын несиеге" қол жеткізіп, өз кәсібін аша алады. Үшінші бағыт – халықты жұмыспен қамту. Бос жұмыс орындарына жұмысы жоқ адамды жұмысқа орналастырады. Бірақ кейбірі жұмыспен қамтылғысы келмейтін секілді. Неге? Сауалға жауап іздеу үшін жалдамалы қызмет көрсететін студент жігітті сөзге тарттық.
– Отбасымызда көп балалымыз. Жалғыз анам болғасын бар ауыртпалықты өзім көтеремін. Түске дейін сабаққа барсам, түстен кейін түскен тапсырыс бойынша қызмет көрсетуге барамын. Қара жұмыс істеу қиын, әрине. Бірақ ізімнен өсіп келе жатқан бауырларыма қамқорлық көрсету менің мойнымда, – деп күрсінді Азамат (есімі өзгертілген).
Қазір білімді жастардың уақыты. Кәсіпкерлікпен айналысқандардың дені жастар. 13 жастағы қазақ баласының өзі бір айда 300 мың теңге табыс тапқан болатын. Неге солай тың идея іздеп талпынбасқа деген сауал қойған едік. Бірақ, талай кісі жауап ретінде үнсіздік танытты.
P.S
Мамандар дерегіне сүйенсек аудан бойынша экономикалық белсенді халық саны – 24,8 мың адам. Оның ішінде жұмыспен қамтылғаны – 23,5 мың адам болса, жалдамалы жұмыс істейтіндер саны  – 13,3 мың адам екен. Негізгі жұмыссыздық деңгейі – 5,2 пайызды құрайды. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық – 5,5 пайыз деңгейінде. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 159 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде мүгедек жандар – 29, жазасын өтеп келгендер мен пробация есебінде тіркеуде тұрған азаматтар – 10 адам, 16-29 жасқа дейінгі жастар – 246 адам. Ал, аудан бойынша 775 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланса 151 жаңа жұмыс орындары қолданысқа берілді.
Ал, сіз әлі ғаламторда жұмыс ұсынып, жарнама жасап отырсыз ба?


Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
11 маусым 2018 ж. 2 698 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 182

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 145

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 301

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930