АЛҒЫС АЙТУ – АБЗАЛ ІС
1 наурызда Алғыс айту күнін атап өтеміз. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл – 30 жыл. Бұл күні бір-бірімізге ризашылығымызды білдіріп, қоғамдағы ынтымақ пен бірліктің мәнін санада тағы бір рет салмақтаймыз. Мереке аясында «Руханият орталығында» салтанатты іс-шара өтті. Оған қатысқан аудан әкімі Жандос Еркінбек орталықтың жұмысымен танысып, қатар келген мерекемен құттықтап, сөз сөйлеп, көпұлтты еліміздің бейбітшілігі мен тұрақтылығына үлес қосып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.
– Алғыс айту – халқымыздың бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Бұл мереке – еліміздегі достық пен келісімнің мызғымас символы. Біз тағдыр тоғыстырған көпұлтты халықпыз, татулық пен бірлік біздің басты байлығымыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы бірліктің жарқын үлгісі ретінде мемлекетіміздің дамуына зор үлес қосуда. Әрбір азаматтың ерен еңбегі бағаланып, құрметке лайық. Ауданымызда да түрлі салада аянбай қызмет етіп, ел дамуына өзіндік үлес қосып жүрген жандар аз емес. Біз бүгін сол азаматтарға алғысымызды білдіріп, еңбектерін құрметтеуге жиналып отырмыз. Ел бірлігін нығайту, қоғамда бейбітшілік пен татулықты сақтау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң іс-шара барысында қоғамның әр саласында табысты еңбек етіп жүрген сала мамандарына, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, тазалықшыларға, коммуналдық сала қызметкерлеріне және еріктілерге аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов мерекенің маңыздылығын атап өтіп, еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген жандарға ризашылығын жеткізді. Жастар кадрлық резервінің мүшелері де сөз алып, қоғамда бірлік пен ынтымақтастықты нығайту жолындағы бастамаларға атсалысуға дайын екенін білдірді.
Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«ҚТ» ақпарат