Облыс әкімі сычуань провинциясының губернаторымен кездесті

Сычуань – табиғи газ өндірісімен, ауыл және орман шаруашылығымен айналысатын, электр энергиясын экспорттайтын Қытайдағы ірі аймақтардың бірі.
«Бүгінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасы халықаралық жобаға және ынтымақтастықтың ірі платформасына айналды. Ғасырлар бойы қалыптасқан Ұлы Жібек жолы бойындағы қарым-қатынасымыз одан әрі дамып, жаңа Жібек жолы – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерін байланыстырады.
Қытай негізгі сауда-экономикалық серіктесіміз болғандықтан, өзара тауар айналымы мен инвестиция көлемі жыл сайын өсіп келеді. Қызылорда облысында қытайлық бизнес қауымдастық өкілдерімен, инвесторлармен бірлесіп жұмыс істеудің берік негізі қаланғанын, мол тәжірибе жинақталғанын атап өткім келеді»,– деді Н.Нәлібаев.
Аймақтағы 15 мұнай өндіруші компанияның 8-і қытай кәсіпорны. Қытайлық инвесторлардың қатысуымен өңірде ірі индустриялық жобалар іске асырылуда.
«Чайна Гежуба» компаниясымен бірлескен цемент зауытында жылына 1 млн. тонна цемент өндіріледі. «Чайна Гласс» компаниясының қатысуымен ашылған шыны зауытының қуаттылығы – жылына 197 мың тонна табақша шыны. Зауыт өнімінің 30%-ы ішкі нарыққа жіберіліп, 70%-ы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузияға экспортталады. Бүгінде шыны кластерін құру бойынша жаңа ілеспе жобаларды іске қосу бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізілуде.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі