ТАЗАЛЫҚ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІР САЛТЫНА АЙНАЛУЫ ТИІС
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру, IT-экспортты дамыту мәселелері қаралды. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте мәселелер кеңінен талқыланып, қала, аудан әкімдері мен сала жетекшілеріне тапсырмалар жүктелді.
«Мемлекет басшысы жыл сайынғы халыққа Жолдауында барлық саладағы цифрлық трансформацияның маңыздылығын үнемі айтып келеді. Биыл жасанды интеллектке баса мән берілуде. Азаматтардың жасанды интеллектті пайдалану тетіктерін енгізуде нақты шаралар қабылдауымыз қажет. Оның мүмкіндіктерін барлық салада кеңінен пайдалану, халықтың дайын сервистерді тез игеруіне мүмкіндік жасау маңызды. Білім саласындағы олимпиадаларға, басқа да іс-шараларға жасанды интеллект тақырыбын қосу қажет. Облысымыздағы технопарктерде жасанды интеллект өнімдерін әзірлеумен қоса, оның мүмкіндіктерін пайдалануға тұрғындарды кеңінен оқыту, насихаттау керек.
Қоршаған ортаны таза ұстау, туған жерімізді көгалдандыру, абаттандыру тұрғындардың күнделікті әдетіне, өмір салтына айналуы тиіс. Бұл маңызды жұмыстарды тұрақты жүргізуге, кеңінен дәріптеуге қала және аудан әкімдері, барлық басқармалар мен мекеме басшылары, сондай-ақ, бизнес қауымдастық өкілдері тікелей жауапты.
«Таза Қазақстан» порталының басты мақсаты – тұрғындармен жылдам әрі ашық кері байланыс орнату. Келіп түскен ескертулер, шағымдар мен ұсыныстарға дер кезінде жауап беру қажет», – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында санитарлық тазалық, абаттандыру, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалуда. Тұрғындар, жастар ұйымдары мен кәсіпорын қызметкерлері бағдарламаны қолдап, тазалық жұмыстарына белсенді қатысты. Елді мекендердегі скверлер мен парктер, тарихи-мәдени ескерткіштер, әлеуметтік, өнеркәсіп, кәсіпкерлік нысандары, аулалар мен көшелер тазартылды. Бұл жұмыстарға 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.
Көркейту-көгалдандыру жұмыстары да қарқын алып, өңір климатына жерсінетін көшеттер егілді. Экологиялық бағдарлама аясындағы шаралар республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде кең көлемде ақпараттандырылды.
Жұмысты одан әрі жүйелі түрде жалғастыру үшін Экологиялық мәдениетті дамытудың 2029 жылға дейінгі өңірлік жоспары бекітілді. Ауылдарды дамытуға бағытталған «Үлгілі елді мекен» конкурсы жыл сайын өткізілуде. Соңғы екі жылда 1 млрд. 500 млн. теңге бөлініп, үздік атанған елді мекендерге 48 арнайы техника табысталды. Өткен жылы коммуналдық сала және абаттандыру мекемелеріне алынған 106 арнайы техника қазір ел игілігіне қызмет етуде.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.