ЖОСПАРЛАНҒАН ҚАРЖЫНЫ ТОЛЫҚ ИГЕРУ ТАПСЫРЫЛДЫ
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары және сирек кездесетін, құрып кету қаупі төнген жануарларды сақтау мәселелері талқыланған Үкімет отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте көтерілген мәселелерге орай жауапты сала жетекшілеріне бірқатар тапсырма жүктелді.
«Барлық конкурсты аяқтап, 20 желтоқсанға дейін жаңа келісім-шарттар бойынша міндеттемелерді қазынашылық органдарында тіркеуді қамтамасыз етіңіздер. Жоспарланған қаржы 100% толық игерілуі керек. Ол үшін тауар жеткізушілермен және мердігерлермен тиісті жұмыс жүргізіңіздер.
Сирек кездесетін және жойылу қаупі бар жануарларды браконьерліктен қорғау, табиғат заңнамаларын бұзудың алдын алу қажет. Жергілікті аңшылар мен еріктілерді жұмылдырып, қасқыр аулау тұрақты түрде ұйымдастырылсын.
«Сексеуіл – Жезқазған» теміржолының Арал ауданы аумағындағы бекеттерінде қойылған қоршауларды киіктің өріс аударуы үшін ашу керек», – деді Н.Нәлібаев.
Өткен 10 айда өңірде негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім қалыптасты. Атап айтқанда, өңдеуші өнеркәсіп көлемі 20,6, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5, құрылыс жұмыстарының көлемі 62, көлік және қоймалау көлемі 3,3, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 15,3 және сауда көлемі 6,5 пайызға артқан.
Аймақ экономикасына 559 млрд. 373 млн. теңгенің инвестициялары тартылды. Оның 72 пайызы – жеке инвестициялар. Өңдеу өнеркәсібінің өнімін ұлғайтуға бағытталған 10 млрд. 800 млн. теңгенің 13 жобасы іске асты. Ауыл, орман және балық шаруашылығында 199 млрд. 644 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 2,5 пайызды құрады, ол негізінен егін шаруашылығы есебінен қамтамасыз етілді.
Облыс аумағын жануардың 40-тан астам, құстың 300 түрі мекендейді. Оның ішінде, Қазақстанның «Қызыл кітабына» 31 жануар түрі енгізілген. «Оңтүстік Қазақстан» мемлекеттік табиғи қорық аймағы мен Арал, Сырдария, Шиелі аудандарына 5 600 дуадақ жерсіндірілді. Бүгінде облыс аумағына шамамен 30-40 мың бас киік қоныс аударуда. Осы кезеңде киіктің қауіпсіздігін сақтаудың 2025-2027 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, ол бойынша жұмыс жүргізілуде.